Абдулла қажы Жолдасұлы: «Шектен шығушылық – тығырыққа тірейді»

Oinet.kz 06-06-2019 1094

Screenshot_2.jpg

         Қасиетті Құрбан айт қарсаңында белгілі дінтанушы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ғұламалар Кеңесінің мүшесі – Абдулла қажы Жолдасұлымен сұхбаттасудың сәті түсті. Ғұлама ағамызбен болған сұхбатта тек Құрбан айт мерекесімен шектелмей, отандастарымызды толғандырып жүрген өзекті мәселелер – әдет-ғұрыптардың дінмен үндестігі, кері ағымдағы бауырларымыз бен ахли сунна уал жамағаттың ұстанымдары арасындағы  айырмашылықтар, үмбеттің тұтастығына сызат түсіріп жүрген түрлі деструктивтік топтар, исламның екі бағыты – сүннилер мен шиалар арасында қарама қайшылықтар мен қан төгістер, сондай-ақ, исламдағы биліктің атқарушы және сот тармақтары арасындағы тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесі жайлы әңгіме өрбіді.

                   Құрбан айт – адамзаттың ұлы мерекесі

         --Қажеке, Құрбан айт пен құрбандық шалу тарихы мен осы амалдың шарттары  жайлы әңгімелеп берсеңіз. Құрбандық шалудың мүминдердің мұсылмандық, тақуалық дәрежесіне ықпал-әсері қандай?

         --Құрбандықты Алла тек мұсылмандарға міндеттеген емес. Құрбандықты яһудилерге де, христиандарға да міндеттеген. Яһудилерде ұлдарын сүндеттегені шалған құрбандығы болып есептеледі де, кейін өздерін құрбандық шалудан азат етілдік деп санайды. Ибраһим пайғамбардың да, Адам а.с.-ның ұлдарының да құрбандық шалғаны Құран аяттарында келтіріледі. Ибраһим пайғамбарға дейінгі қоғам адамды құрбандыққа шалу пәлесіне ұшыраған болатын. Исламда «арапа күні» деген бар. Ибраһим пайғамбардың әйелі Сара анамыз бала көтермей жүрген кезде Ұр қаласындағы ғибадатханада бір адам өз баласын құрбандық ретінде шалады. Сонда Ибраһим пайғамбардың әкесі: «Ей Ибраһим, егер сенің әйелің бала туса, сен сол балаңды Құдай жолына құрбан шалар ме едің?» деген сауал қояды. Сол кезде Ибраһим пайғамбарға «Маған құрбандық етіп шалатын бала да бермеді ғой» деген ой келеді. Биби Һажар анамыз бала көріп, Исмаил а.с. біраз жасқа келген кезде, Ибраһим пайғамбарға түсінде бір түсініксіз нәрсе жайлы аян келеді. Алғашында ол бұл түстің мағынасын толық аңғармай (аян ишара түрінде келген болатын), кейін ұлын құрандыққа шалу қажеттігін түсінеді. Сол түсінген күн – арафа, яғни құрбандық шалу қажеттігін түсінген күн болады. Ал енді ертен құрбандық шалу керек. Ертесіне баласын құрбандық шалуға алып шығады. Сонда Алла Өзінің адамзатқа деген шексіз мейірімімен жаннаттан көк қошқар түсіреді. Адамзаттың құрбан болып кетуінің орына малды құрбандық шалуына болатынын танытады. Яғни біз бүгінде құрбандықты адамның құрбандық болып шалынудан құтылу мерекесіне арнап шаламыз. Бұл –ұлы мереке, ұлы той – адамның құрбандық ретінде шалынудан құтылу мерекесі. Кейде  адамдар құрбандыққа шалатын малды аяғынан сүйреп әкетіп жатады. Хазреті Умар р.а. қойды аяғынан сүйреп бара жатқан адамды көріп: «Ей, қойды жетелеп, қинамай, құрбандықты әсем етіп шалсайшы» дейді. Құрбандық әсем түрде шалынуы тиіс. Адамзаттың орнына шаланып жатқан малды қинамай, өткір пышақпен шалуымыз керек. Малдың аяғын байлап қойып,  пышақты сол жерде қайрап, құрбандыққа шаланып жатқан малды жәбірлемегеніміз жөн. Пайғамбарымыз с.а.с қызы Фатима заһраға: «Ей, Фатима, құрбандығыңның алдына бар, құрбандығыңның қаны тамбай жатып, ол Құдай алдындағы бір жерге тамады, қанның бірінші тамшысымен сенің өткен күнәларың ғапу етіледі» деген. Құрбандыққа шалынған малдың әрбір түгі пендесінің жасаған күнәсіне кафарат, яғни араша болады. Құрбандық – үлкен сауап, табысы төмен, балалары қызылсырап (етті аңсап) жүрген адамдар, малын «Алла ризашылығы үшін құрбандық» деп шалып, бала-шағасына жегізсе де үлкен сауап алады. Жағдайы нашар адамдарға, қарызы бар адамдарға құрбандық шалу міндетті емес. Қарыз алып құрбандық шалуға да болмайды. Ал мал-дүниесі жеткілікті бола тұра құрбандық шалмау күнә болып табылады. «Мал-мүлкі жеткілікті бола тұрып, құрбандық шалмаған  адамдар біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын» деген хадис те бар. Бұл – өте ауыр күнә, сондықтан құрбандық шалуға қаржысы жететін адам құрбандық шалуы керек.     

         --Қажеке, жуырда Сіздің «Төрт халифа» атты кітабыңыз жарық көрді. Сол әділетті халифалардың кезінде Құрбан айт қалай атап өтілген, алғашқы халифалар заманының тарихы бұл мейрамның дәстүрі жайлы қандай сыр шертеді?

         --Ол кезде көптеген мерекелік әдет-ғұрыптар болған. Солардың бірі –  Пайғамбарымыз с.а.с.-ның заманында  сахабалар Құрбан айт мерекесі күні  балаларына киімдер әперіп, қалаған нәрселерін сыйға тартатын болған. Бұл да – тәрбиенің бір түрі. Осылай Құрбан айттың мереке екенін балалардың санасына сіңіріп отырған.

         --Араб елдерінде бұл мереке қалай аталып өтеді? Ондағы Құрбан айт мерекесінің қандай ерекшеліктері бар?

         --Әрине, айтта миллиондаған адамдар құрбандық шалады. Бұл – басты ерекшелік. Саудияда бізді таң қалдырған нәрсе – миллиондаған құрбандық шалынып жатса да мал соятын комбинаттарда жаман иіс, тәртіпсіздік жоқ. Құбандыққа сойылған малдар қақталып, кептіріліп, қажет жерлерге жіберіледі. Іріп-шіріп қалмайды. Жоқ-жітікке көмектесу – мұсылмандардың қай елінде, қай заманда болсын атқарған  қайырлы ісі.  

--Құрбан айт мерекесі  қайрымдылық шаралардың көптеп өтетін кезі емес пе?

--Ия, бұл қайырымдылық жасаймын деген адамдар үшін үлкен мүмкіндік – әрі Алла жолындағы ізгі амал, әрі қйырымдылық акциясы. Қайрымдылықтың озық үлгісін Пайғамбарымыз с.а.с. немерелері – Имам Хасан мен Имам Хусаиндар  көрсеткен. Ол кезде көмек қажет адамдар осы екі имамға барады екен. Келген адам  ешқашан құры кетпейді екен. Имамы Хусаин мешітке барса, бір адам: «Я, Алла, маған 10 мың дирхам бер» деп дұға жасап, жалбарынып отыр екен. Имам үйінен 10 мың дирхамды әкеліп, әлігі адамның алдына қойып кетеді.

 

                   Құрбан айт және әдет-ғұрыптар

--Құрбан айт күні көпшілік адамдар туыстарының жылын немесе қырқын өткізеді. Сол кезде дастарқанға қойылған сусындарды жатқызып қою, дастарқанға нанның санын тақ етіп қою, шәйнектегі шәйді қайтармау сияқты әдеттер пайда бола бастады. Бұл әдеттер қаншалықты дін талаптарына, ата-бабадан келе жатқан әдет-ғұрыптарға сай келеді?

--Өлген адамдардың жылы немесе қырқын міндетті түрде өткіземін деген адамға айт мерекесі күнінен басқа күндер де көп. Оны тура сол айт күні өткізу дұрыс емес. Бізде әлі де айт мерекесі күні өмірден өткен туыстарының үйіне «бірінші айты, екінші айты» деп, сабылып барып жатады. Мұны бірден тоқтату қиын, бірақ жүйелі түрде үгіт-насихат жасалса, адамдар бірте-бірте бұл әдеттерден арылар еді. Имамдарымыз кең қолтық бола бермеуі керек. Ал дастарқандаға сусынды тұрғызып қоя ма, жатқызып қоя ма – онда тұрған ештеңе жоқ. Дінімізде немесе ата-бабаларымыздың дәстүрінде болмаған нәрселерді шығарып, сол үшін қызыл кеңірдек болып таласу – ақымақтың тірлігі. Дін мен дәстүрімізде «сусынды жатқызып қоюдан» немесе «шәйді қайтармай құюдан» мың есе маңызды нәрселер бар. Күшіміз бен уақтымызды болмашы нәрселерге сарыптамаумыз керек.

--Реті келгенде тағы бір мәселе жайлы сұрамақпын. Мысалы Қазақстанның оңтүстігінде мәйіт шыққан үйде тамақ беруге байланысты түрлі әдет-ғұрыптар қалыптасқан. Мынау Жетісай, Шардара аудандарында мәйітті жерлемей тұрып тамақ тарқата бастайды, ал Төле би ауданының ауылдарында мәйіт жерленіп болған соң елге тамақ беріледі. Ал Сарығаштың Ынтымақ ауылының бір бөлігінде тіпті тамақ берілмейді. Осы түрлі әдет-ғұрыптар жайлы не деуге болады?

--Біреу кісісінен айырылып отырса, жұрт оның малын талап, жеп отырса – бүл мүлдем дұрыс емес. Не қисынмен жейді оны. Қарызданып мал сойып жатса, ол қаралы  үйге үлкенн соққы ғой. Егер жасы үлкен кісі қайтыс болып, оған дәм таратса, мақұл жесін. Өйткені Хазреті Умар радиаллоһу анһу қайтыс болғанда, дәм берілген. Сахабалар отыр, жылап отыр, ол жерде Абдулла ибн Аббастан үлкен кісі жоқ. Сонда ибн Аббас: «Ей жамағат, Пайғамбарымыз өлді – біз қосыла өлген жоқпыз, Әбу Бәкір өлді, біз өлген  жоқпыз» деп, асқа қол созған. Умар р.а. – елдің патшасы, ашын тойдыратын да сол, сондықтан үлкен адамдардың дәмін жеудің қисыны келеді, ал бұл жол жоқ-жітікке жүрмейді. 

          

                   Әсіре діншілдіктен сақ болуымыз керек

--Құрбан шалу мен Құрбан айт намазына байланысты кері ағымдағы бауырларымыз бен ахли сунна уал жамағаттың ұстанымдары арасында қандай айырмашылықтар бар?

--Бұл тұрғыда «мен мұндалап» тұрған айырмашылық бар деп айта алмаймын. Олар да құрбандық шалады, бізбен бірге айт намазын оқиды. Бірақ біздің ахли сунна уал жамағаттың ұстанымдарымен келіспейтін теріс ағымдар тырнақ астынан кір іздеп,  түрлі нәрселерді шығара береді. Ондай адамдардың шығатыны жайлы Пайғамбарымыз с.а.с. уақтында айтып кеткен. «Сендер бір уақытты көресіңдер, бір адамдар шығады олар сондай намаз оқиды, олардың намазының алдында сендердің намаздарың ойыншық болып қалады, сондай құлшылықтар жасайды, сендер таң қаласыңдар, оларды көрсеңдер өлтіріңдер, олар қоғамды бүлдіреді» деген. Ондай әсіре діншіл адамдардан сақ болуымыз керек. Олардың бір ерекшелігі – адам түсінбейтін нәрселерді алға тартып, дау шығара береді.

--Яғни шектен шығуға болмайды...

--Біріншіден, көпшілік жағдайда, олар білімсіз болады. Пайғамбарымыз с.а.с. хадисінде бар «Білімсіз тақуа болған адам –  жынды болады» деген. Білімсіз адам, жынды болған адам елді бүлдіреді, тақуалық қыламын деген адамнан сақтану керек. Имамы Әбу Ханифаның алдына екі адамды алып келді. Біреуі «Құран – мақлұқ» дейді, ал екіншісі – «мақлұқ емес» дейді. Яғни біреуі Құранды қолдан жазылған десе, екіншісі – Алланың сөзі деп отыр. Сонда Имамы Ағзам: «Бұл екеуіне де ықтыда етіп (ұйып) намаз оқымаңдар» деді. Сонда  шәкірттері: «Тақсыр-ау, «мақлұқ» дегенге ұйымайық, ал «мақлұқ емес» дегенге неге ұйымаймыз» деп сұрады. Сонда Әбу Ханифа: «Жұрттың ойында жоқ әңгімені шығарып жүргені үшін» деді. Жұрттың ойында жоқ әңгімені айту, сол арқылы елдің пікірін бұзып, «бүйректен сирақ шығару – дініміз құптамайтын тірлік. Мысалы қазір араб елдерінде – Сирия мен Иракта қырғын,  топалаң болып жатыр, оған біздің кейбір жігіттеріміз кетіп жатыр. Қолына мылтық береді, екі жағында да арабтар, олардың қайсысы – дұрыс, қайсысы – бұрыс екенін қайдан біліп отыр ол. Бір заманда Хазіреті Әли мен Мағауияның арасында дау туып, сонда Әлидің нағашысы – Саад ибн Уаққастан біреулер: «Бұлардың қайсы дұрыс, қайсысы бұрыс» деп сұрады. Сонда Саад ибн Уаққас: «Әлидікі жөн» деді. «Егер оның жолы дұрыс болса, неге көмекке бармайсыз?» деді. Пайғамбарымыздың заманында «дос пен жау – анық еді, ол кезде аянбадым, қазір кім дос, кім қас екенін білмеймін, қылышты кімге шабарымды білмеймін, одан да қылышты тасқа шауып, үйде тыныш отырғаным дұрыс» деді.  Тағы бір мысал. Пайғамбарымыз с.а.с.-ның өкіл баласының ұлы – Усама ибн Заид Бани Мусталақ тайпасымен болған соғыста бір адаммен қылыштасып, қарсыласы төтеп бере алмай қашты, соңынан Усама ибн Заид қуып жеткенде, әлгі қарсыласы тілін Кәлимаға келтірді, бірақ Усама қылышпен тартып жіберді. Болған оқиға жайлы есіткен Пайғамбарымыз с.а.с. Усаманы шақырып алып, «Ей, Усама, сен Кәлима айтқан адамды өлтірдің бе?» деді. Сонда ибн Заид «Ол кәлима айтып, құтылып кетпек болды» деді. Сонда Пайғамбарымыз с.а.с. «Құдай алдында кәлимаға не дейсін?» деп, Пайғамбарымыз с.а.с. айта берді, айта берді, айта берді. Сонда Усама ибн Заид: «Шіркін-ай, осы уақытқа дейін мұсылман болмай жүре тұрсам қайтер еді» деп армандаған екен. Хазіреті Әли радиаллоһу анһу мен Мағауия радиоллоһу анху арасында болған соғыс кезінде, Усама ибн Заидқа «сіз соғысқа бармайсыз ба?» деп сұрады. Сонда Усама радиоллоһу анһу: «Жоқ, мен бармаймын, менің басымнан өткен, енді мен ешқашан кәлима келтірген мұсылманға қол көтермеймін» деді.

--Бүгінгі мынау дұрыс, мынау – бұрыс, мынаны істемесең кәпір боласың деген әңгімелердің бірі – бос сөз екен ғой?

--Ия, бәрі бос сөз, бірі сауатсыздық пен әсіре сілтеудің салдары, қандастарымыз жік-жікке бөлінуден, түрлі ағымдар мен кертартпа, бүйректен сирақ шығарып, негізсіз, мағынасыз талас-тартыстардан, негізсіз айыптаулардын аулақ болуы керек. Имамы Ағзам, яғни біздің мазһабымыздың негізін салушы Әбу Ханифа мен  Пайғамбарымыздың с.а.с.өкіл баласының ұлы – Усама ибн Заидтың айтқандары мен басынан өткендері – бауырларымыз үшін ұлағатты өнеге болуы керек.  

--Қажеке, Сізбен сұхбаттасудың реті келгенде бүгінде елді алаңдатып, үмбеттің тұтастығына сызат түсіріп жүрген түрлі деструктивтік ағымдар жайлы сұрамақпын. Сол ағымдардың ұстанған жолы мен түпкі мақсат-мүддесі не, мұраты қандай? 

--Қазақстанның батысындағы жағдайға қарап, сол деструктивті ағымдарды  Саудиядан тікелей басқарып, қаржыландырып  отырған күштердің бар екенін анық әрі әшкере айта аламыз. Оларға түрлі сайттар арқылы тапсырмаларын беріп отырады, солардан үйренеді әрі солар көрсеткен бағытпен жұмыс істейді. Олар сондай дестуктивті пиғылға түсіп алады да, Діни басқарманың жіберген имамдарына қарсы шығады. Осылай діннің, жамағаттың ішінде алауыздық туғызады, мен оларды көріп жүрмін. Кері ағымдарға болмашы сылтаудың өзі жетіп жатыр. Олар тынық судан да кір іздейді. Олармен жұмыс істегенде өте абай болу керек. Олардың ыңғайына қарап, өзіңе тарта білуің керек. Әбу Дарда разиаллоһу анһудың мынадай сөзі бар: «Біз бір адамдарды көргіміз келмейді, олардан жиіркенміз, жиренеміз, бірақ оларға тісіміздің ағын көрсетіп, сұхбаттасуға мәжбүр боламыз» дейді. Қоғамның тыныштығын сақтау үшін, елдің ынтымағы үшін, сол деструктивті ағымдардың мүшелерімен  мәміле жасауымыз керек.

 

Ата-анасын сыйламағанның несібесі кем болады

--Қажеке, қазақтың діни тұтастығын қалай қалпына келтіруге болады? Осы тұрғыда мешіттер қауымының басым бөлігін құрап отырған жастарға  не айтар едіңіз?

--Ұлттың тұтастығын, елдің тыныштығын сақтау бағытында жұмыс істеу үшін жастарға елдің қымбат екендігін, сол үшін өздерінің теріс ойларынан бас тарту керектігін ұғындыру керек. Мен Атырауда  тұтқындармен болған кездесуде: «Сендер елді бүлдіресіңдер, сазайын біз тартамыз, сендердің жасаған тірліктеріңнің кесірінен үкімет заңды қатайтты» дедім. «Сендер әр нәрсе шығарған сайын, заң қатая түседі, сендер неге тыныш жүруді ойламайсыңдар, арқасындағы жұртқа зиянын тигізбеуді қарастыру керек қой мұсылман баласы» дедім. Діни басқармамен ынтымақтасып көп нәрсені істеуге болады. «Жиһад, жиһад» дейді, жиһадта басың қалғыр-ау, теледидардан қиын жағдайдағы жас баланы көрсетіп жатыр, қаржың болса, соған бермейсің бе, жиһад көрініп тұр ғой өзіңнің ауылыңда» дедім. Бұл жиһад емей немене?!  Хазреті Умар радиаллоһу анһуге бір тоқсандағы шал: «Жалғыз балам майданда,  жиһадта жүр, 90-ға келгенде мен оның балаларымен әуремін, ол жиһадқа баруы керек пе, жоқ менің қызметімді алуы керек пе?» деп сұрады. Сонда Хазреті Умар бұйрық беріп, әлгі тоқсандағы шалдың баласын алдырды. Имам Хасанның сөзі бар: «Ата-анасын сыйламағанның несібесі кем болады» деген. Жастарға осыны жеткізуіміз керек. Таяқ әсер етпесе де, өнемін, өсемін деген балаға Имамы Хасанның сөзі әсер етеді қалайда. Үммаялар тарихын жазу кезінде талай нәрселерге кез болып жатырмын. Сахабалар дүниеден өтер шағында бір-біріне ризашылық береді екен, Пайғамбарамыздың әйелдері де бір-бірінен кешірім сұрап, ризашылық алған екен.

--Олар қазақша айтқанда күндестер ғой.  

Ия, күндестер. Бұл да жастарға өнеге, кешірімді болу, бірінің кінәсін бірі арқаламау деген сөз. Іші шыныдай таза адамдар, Иншалла, Құдай алдында жәбір көрмейді. Біреудің күнәсінен гөрі өзінің күнәсін көбірек ойлап жүрген адам – Құдай алдында бақытты адам.   

 

Суннилер мен шиалар

--Қажеке, Сіз қазір Үмаялар тарихын жазып жатырсыз. Сол үмаялардың билігі кезінде мазһабтар мен Исламның екі бағыты – Сүннилер мен Шиалар арасында қарама қайшылықтар, түрлі қан төгістер болғаны белгілі? Сол қантөгістердің астарында қандай факторлар жатты. Тарихтың бізге айтар ұлағаты қандай? Біз неден сақ болуымыз керек? Қандай амалдар мен ұстанымдарға ұмтылуымыз керек?

--Оқырманға түсінікті болу үшін шиалар мен суннилердің бір-бірінен айырмасы және бөліну себебі жайлы бір ауыз айта кетейік. Шиалар – мұсылман қауымының билігі төртінші халифа, Хазреті Әлидің ұрпақтарына, яғни Расулымыз Мұхаммедтен с.а.с тарағандарға  ғана тиісті деп есептейді. Ал суннилер – билікті ең лайықты адамға қол беру (сайлау) арқылы жүзеге асыруды оң көреді. Суннилер үшін билеуші саиди, яғни Мұхаммед пайғамбардың с.а.с ұрпағы болуы міндетті емес. Сайып келгендегі айырма осы ғана. Бірақ, бұл даудың басталғанына 13 ғасыр болғандықтан, басқа факторлар мен түрлі мүдде-себептер қабаттасып, мәселе әбден шиеленісіп, екі қауымның арасы мейлінше алшақтап кеткен.

--Қажеке, бұл сұхбатта мәселенің саяси жағы қарастырылып жатқандықтан, даудың теологиялық жағын қоя тұрсақ.

--Бүгінде Таяу Шығыс отқа оранып тұр. Суннилер мен шиалар арасындағы қанды қақтығыстар тоқтар емес. Еуропада төбелес болып, бір адамның мұрны қанаса, ақпарат құралдары болған оқиғаны жан-жақты талқылап, билікке түрлі талаптар қояды. Ал, суннилер мен шиалар қасиетті жұма күндері бір-бірін аямай қырып жатады. Ең аяныштысы – мұсылмандардың өліміне елдің еті үйреніп, ағымаралық қақтығыстарды жұрт аса елемейтін болды. Мына деректерге қараңыз: өткен жылдың 16 ақпанында Пәкістанның оңтүстік-батысында сәләфилер жасаған террактың салдарынан 52 шиа қаза тапты. Шиалар мен суннилер арасындағы қақтығыстан жылына орташа есеппен 400-500 мұсылман көз жұмады. Соңғы жылдары ағымаралық қақтығыстан қаза тапқандар саны артып келеді. 

-- Иран – шиалардың көшбасшысы саналады емес пе?

--Ия, парсы империясының мұрагері болып табылатын Иран Республикасы халқының көпшілігін суннилер құрайтын араб әлемін Тегеранның айтқанына жүріп, айдауына көнетін тарапқа айналдырғысы келеді. Тегеранның бұл әрекеті, әрине, араб елдерінің тарихына, демографиясына, этникалық құрамына сай келмейді. Қазірше Сирияны президент Башар Асад Иранның көмегімен ұстап тұр. Шиалар ілгеріден Асадтар әулетін тарих сахнасына шығарған алавиттерді қолдап келеді. Бірақ, ертелі-кеш халықтың  70 пайызын құрайтын суннилер Сирияда билік құратын болады.

Ал уахабилік мемлекеттік идеологиясы болып табылатын Сауд Арабиясы Корольдігі – өзін суннилер әлемінің көшбасшысы санайды ғой?

--Саудия – халқының саны, құнарлы жері мен ауыз суының тапшылығы, әскері мен мұнай өндіру саласында жалдаулы мамандарға тәуелділігі жағынан алғанда бүкіл суннилердің көшбасшысы мәртебесіне сай келмейді. Тегеран соңғы жылдары «Сауд Арабиясы  – АҚШ-тың ықпалындағы ел, Вашингтонның  аймақтағы вассалы, христиандық саясаттың шырмауынан шығуға қауқарсыз, сондықтан, бүкіл Ислам әлемінің рухани астанасы, Ислам дінінің символы болып табылатын Мекке мен Мәдинені Саудияның иелігінен шығарып, исі мұсылманның меншігіне айналдыру керек»  деген ойды алға тартып келеді.

Мұсылман қауымының 80 пайызы – суннилер, ал қалған 20 пайызы – шиалар. Көп елдерде бұл екі қауым аралас тұрады. Мысалы Саудия мен Кувейттің шығыс бөлігінде шиалар жасайды. Олардың тұрмыс деңгейі төмен, бірақ, балалары көп болады. Корольдік шиалардың бүлік шығаруынан қорқып, оларды болмашы себеппен жазалап жатады. 20 жылдарда Саудияның дін басылары «шиалар суннилер жолын ұстасын немесе елді тәрк етсін»  деген пәтуа да шығарған. Суннилер көпшілікті құрайтын елдерде шиалардың саяси құқықтары аяқ асты етіліп келеді. Ал шиалар да өз кезегінде суннилерді кемсітіп жатады. Мысалы, суннилерге көптен бері Тегеранда мешіт салуға рұқсат берілмейді. Иран Ислам Республикасының Конституциясында тек шиа бағытындағы мұсылман ғана ел  президенті болып сайланатыны айтылған.

АҚШ пен Батыс Еуропа елдері суннилер жетекшісі болып табылатын Саудияны қолдаса,  Ресей мен Қытай Иранды қолдайды. Мысалы, биылғы Ресей, Қытай және  Иранның тізе біріктіруі шиалар қолдауынан қуат алып тұрған Сирияны АҚШ-тың бомбылауынан құтқарып қалды. Саудияның Америка Сирияны бомбылайды деген үміті ақталмай, соның салдарынан Эр-Рияд пен Вашингтонның қатынастарына сызат түсе бастады...

--Бұл қақтығыс тоқтауы мүмкін бе?

--Суннилер мен шиалар арасындағы қанды қақтығыстардың жақын болашақта тоқтауы екіталай. Мұсылман қауымының арасындағы даудың геосаяси сипаты күрделеніп келеді. Бұл даудың тараптары көп: біріне – мұнай, екіншісіне – конфессиялық немесе аймақтық үстемдік, үшіншісіне – саны жағынан аз бола тұра, басым көшілікті билеу мүмкіндігі керек. Ал ең тапшысы – исі мұсылман қауымына қажет болып тұрған ымыра мен ынтымақ қана.

 

Исламдағы тежемелік пен тепе-теңдік ұстанымы

-Қажеке, «Төрт халифа» атты кітабыңызда сол замандағы билік тармақтарының ара қатынасын да зерттегенсіз. Сол замандағы билік тармақтары арасындағы тежемелік әрі тепе-теңдік ұстанымдары жайлы әңгімелеп берсеңіз.

-Бұл ұстанымды мына бір мысал арқылы тарқатайын. Хазiретi Әли радиаллоһу анһу бiр яһудиге - еврейге сауытын аманатқа қойған болатын. Кейiнен яһуди оны бермей қойды. Ол кезде Әли радиаллоһу анһу халифа едi. Ол қазиға жүгiндi. Қази Хазiретi Әли радиаллоһу анһудан куәлiк талап еттi (шариғат даулы мәселеде екi адамнан кем куәнi қабыл етпейдi). Хазiретi Әли радиаллоһу анһу екi адамды куәлiкке әкелгенде қази: - Өзге кiсiңiз жоқ па? – дедi. - Жоқ. - Мен мына Хасан радиаллоһу анһудың куәлiгiн қабылдай алмаймын. Басқа куәңiз жоқ болса, мен сауытты сiздiң пайдаңызға шеше алмаймын, – дедi. - Ахыретте жәннәттағы жастардың сәйiдi болған кiсiнiң куәлiгi өтпей ме? – дедi Әли Муртаза радиаллоһу анһу. Халифаның өзге куәгерi болмай, куәнiң бiрi болған ұлын өз қазиi қабыл етпей, мәселенi еврейдiң пайдасына шештi. Хазiретi Әли радиаллоһу анһу «ләм» демей үкiмге тоқтады. Сонда еврей аң-таң болып: - Әмир-әл-муминин менiмен даулы болды, қазиы куә талап еттi, менiң iсiм жалған екенiн көре тұра шариғат бойынша куәнiң саны толмады деп, төрелiктi менiң пайдама шештi, оған қази да екiленбей, халифасынан ықпай осыны батыл iстедi, халифасы оған қарсы болмады – бұл ақ дiннiң жұмысы. Бұл дiндi қабылдамай болмайды, – деп кәлимә келтiрiп, мұсылман болды. Сауытты куәсiз қайтарып бердi.

- Сол заманда қазилық, яғни сот билігінің мәртебесі қандай еді?

- Ислам шариғаты қазилық жұмыстарына қатты маңыз берген. Бұл ұлы мансап болумен бiрге өте жауапты да іс. Хазiретi Омар радиаллоһу анһу Исламда алғаш рет халифалық жұмыстары үшiн халифаның еркiнен тыс Мәдинеге де, ұзақтағы уәләяттарға да қазилар белгiледi. Нәтижеде қазилық жұмыстары үшiн дербес отау тiгiлiп, даулы мәселелер халифаға қарсы болса да шешiле беретiн болды. Хазiретi Әли радиаллоһу анһу қазилық мансабының жауапкершiлiгiнiң ауырлығы жайлы: «Егер адамдар қазилық етудiң күнәсi қандай екендiгiн бiлсе, түйенiң тезегiндей нәрсеге де төрелiк бермес едi. Бiрақ жұртшылыққа дұрыс па, бұрыс па, әйтеуiр бiр қази керек. Бiрер төресiз жасау мүмкiн емес» деген екен.

Мұрағаттан, 2015 ж

Неке жүзігін тағу шарт па , күнә ма?
Арақ ішіп, намазды алты уақыт оқитын «пайғамбар»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу