«Психологиялық қысым» қалай жасалады?

Oinet.kz 21-06-2019 1565

Screenshot_4.jpg

Нейро-лингвистика бағдарламасы (бұдан әрі НЛБ) ХХ ғасырдың жетпісінші жылдары АҚШ-тың Санта-Круз қаласында пайда болған. Оның негізін қалаушылар математика мен есептеу техникасына маманданған жас ғалым Ричард Бендлер мен гештальт-терапия маманы Джон Гриндер. Бұл екі ғалымның бірлескен зерттеулері нәтижесінде НЛБ деп аталатын психология саласында жаңа құбылыс дүниеге келді. 

Қазіргі таңда қоғамдық-әлеуметтік құбылыста жат діни ағымдардың шуы  басылмай отыр. Тараз, Ақтөбе, Атырау қалаларында орын алған террористік оқиғалар халықтың әлеуметтік санасын дүр сілкіндірді. Халық ұғымында «уды у қайтарады» деген нақыл бар. Жоғарыда орын алған оқиғалардан бергі аралықта мемлекет тарапынан ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылып, еліміздегі діни тұрақтылықты оңтайландыру мақсатында жұмыстар жүргізіліп келеді. Нәтижесі де жоқ емес. Шамамен 5 жыл бұрынғы уақытпен салыстырғанда, халықтың біраз бөлігінің діни сауаты айтарлықтай дәрежеге көтеріліп, кейбір құбылыстарға өзінше баға беретін жағдайға жетіп отыр. Бірақ, нәтиже осындай деп қолды қусырып отыратын уақыт емес. Осы кезеңге дейін мемлекет жат діни ағымдардың елге тигізген зардабымен күресіп келсе, бүгінгі күннің талабы, мұндай жат діни құбылыстардың іс-әрекеттерінің ел арасына таралуының себептерін нақтылап, өзінің әдісін қарсы қолдану жағдайларын ойластырып, бірнеше әдіснамалық құралдарды құрастыруда. Жат діни ағымның насихаттаушы өкілдері қазіргі жағдайды жіті қадағалап, өздерінің құйтырқы іс-әрекеттерін жүргізудің әдісін неғұрлым заманауи ғылымға негіздеп отыр. Сол әдістемелік құралдарының бірі  біз әңгіме етіп отырған НЛБ. Күнделікті жұмыста халық арасында түрлі әлеуметтік санаттағы азаматтармен кездесу барысында бұл құбылыстың расында да жат діни ағымдардың негізгі құралына айналғанын аңғарып, көз жеткізіп келеміз. 

Жыл басында  Мәжіліс депутаты Бақтыбек Смағұлов «Сәләфилер халқымыздың әдет-ғұрпын жоққа шығарып, жас қыз-жігіттерге психологиялық қысым көрсетіп жатыр», -  деп Үкімет пен Бас прокуратураға депутаттық сауал жолдаған болатын. Ендеше жат діни ағымдардың мүшелері «психологиялық қысымды» қалай жасап жатыр деген сауалдың төңірегінде жауап іздеп көрелік.

Жалпы психология бұл турасында не дейді? Адам дүниеге келуімен бірге, теңеу тұрғысымен сүзгі (фильтр), карталар және аумақ өлшемдері арқылы әлем туралы ойда өз пайымдауларын жазатын жеке картаны иеленеді деп көзге елестетіңіз. Бір құбылысты көрсе, бұл құбылыс оның «әлем картасында» көрініс табады. Бірдеңе естісе, сезінсе, өз картасына тағы да белгілі бір тұжырымдарды жазады. Мұндай карталар қалай құрастырылады? Мұндай ақпарат аудиалды (дыбыста), визуалды (суреттер), кинестетикалық (дене арқылы), дәмдік және иістік жүйелер арқылы болуы мүмкін. Мұндай ақпараттар қаншалықты шынайы: өкінішке қарай, адамның ағзалары барынша идеалды болмағандықтан қоршаған әлем туралы барлық ақпараттарды толық көре, есіте және сезіне алмайды. Біздің сезімдерімізді барынша аңғарымпаз, жіті, қабілетті санау үрдіске айналған, дегенмен бұл сезімдеріміз бар болғаны сүзгілер. Ақпараттың аздаған бөлігін бізге өткізіп, көбісін ұстап қалатын сүзгілер. Оған бір мысал, біздің көз жанарымыз жарық диапазонының тек аздаған бөлігін аулауға бейім. Адамның көзі ультракүлгін және инфрақызыл түстерді көрмейді, белгілі аппараттардың көмегімен болмаса. Осылайша адам өзі қабылдауға мүмкіндігі бар аздаған ақпараттар негізінде әлемнің өз моделін құрастырады. НЛБ- да әлемнің мұндай моделі «әлем картасы» деп аталады. «Әлем картасының» әлемнің нақты картинасынан немесе аймақтарынан өзгешелігі нейро-лингвистика бағдарламасы атауларында шынайы бола алмайды. Өйткені, тым құрығанда адамның жанды тұлға тұрғысында әлемнің барлық құбылыстарын танып-білуге қабілетінің жоқтығынан. Біздің жүйке жүйеміз тұрақты түрде нағыз әлемнің толық бөліктерін бұрмалайды немесе қалдырып кетеді. Әр адамда «әлем картасының» болуы әдетте қалыпты жағдай. Біздің назарға алатынымыз, мүмкін болар адамдық тәжірибе шеңберінің тарылуы, әлемде шын мәнінде не болып жатқаны мен біздің тәжірибеміздің нені білдіретіні арасында туындайтын айырмашылықта.  

НЛБ-ның біз білмейтін қырлары өте көп. Психолог, психиатр мамандардан өзге НЛБ-ны желілік маркетинг, жарнама, тоталитарлық секталар мен экстремистік, террористік ұйымдар өз жұмыстарына белсенді пайдаланады. Осыған жеке-жеке түсінік беретін болсақ:

1.Желілік маркетинг. Осы мақаланы оқып отырған оқырманның 10/9 желілік маркетингтің тренингіне қатысқан немесе жақын таныстарынан естіп білген. Сонда да қосымша түсінік бере кетейік НЛБ — мұнда сананы өзгерту әдістемелігін мықты атқарады. 1 сағаттық тренингтен адамдар жеке шотында жоқ миллиондар өзінікіндей сезініп шыға бастайды.

2. Жарнама – қарапайым мысал. Қаланың орталығында, халық тығыз жүретін жерлерде, қоғамдық орындарда көрнекті жерге, бағаналарға билбордтар іліп қояды. Адамның назарын аудару үшін түрлі-түсті суреттерді жиі пайдаланады. Одан да маңыздысы егер ол электронды техника сататын сауда орны болса, сол техниканың суретімен қоса бағасын баттитып жазып қояды. Егер ол заттың құны 60000 теңге болса, оны 59990 теңге деп жазып қояды. Бұл да адамның санасын өзгертудің бір әдістемесі болып табылады.

Енді, біз үшін ең қауіпті болып отырғаны жат діни ағымдардың НЛБ-ны өз пайдаларына қолдануында болып отыр. Біздің тәжірибемізден анықтағанымыз, санаулы адамнан құрылған топты бір жетекші әмір уағыз-насихат жүргізіп, соңынан «жиһадқа» шақыратын түрлі видеороликтер көрсетіп отырған. Топқа қосылған бастапқы кезеңдерінде жас қыз-жігіттерге насихатталатын ауыр діни уағыздар олардың психикасына әсер етіп, уақыт өте келе олардың «психологиялық қысымға» ұшырайтынын дәлелдеуде. Бұл біріншіден. 

Екіншіден, жиһадқа, терроризмге үндейтін видеолардың барлығының (мейлі ол 10 минуттық, 20 минуттық болсын) өне бойы НЛБ әдіс-тәсілдерімен жасақталып шыққан. Мысалы, сюжетке мұздай қаруланған 4-5 жігіт, артқы фонында құран аяттары, хадистер арабша жазумен көрсетіледі. Арасынан бірі тұрып ашықтан-ашық Құран аяттарын, хадистерді сөзбе-сөз мағынасында алып, жиһадқа шақыра бастайды. Діни сауаты төмен, діннен бейхабар адамның роликтің арбауына түсіп қалуы оп-оңай.  

Сондықтан да мемлекетіміз Елбасының «Жастар – діни дүмшелік пен соқыр фанатизмнен сақ болуы керек», - деген сөзіне сәйкес дәстүрлі дініміз Исламның Ханафи бағыты бойынша кешенді түрде ақпараттық-насихат жұмыстарын жүргізуде. Тіпті, жат діни ағымның іс-әрекетінен зардап шеккен азаматтарға оңалту жұмыстарын жүргізуде осы әдістемелік құралдың көмегі тиіп жатқанын атап өтуіміз керек. «Уды у қайтарады», - демекші, жат ағымдардың салған зардабын емес, себебін анықтап, жүйелі жұмыстар атқарылса нәтижелі болатынын тәжірибе дәлелдеп отыр.

Д.Керімбеков,

«Әлеуметтік бастамалар орталығы» МКМ-нің маманы

Қарапайым күзетші 80000 жанкүйердің өмірін құтқарып қалды
Намазда қолды алғашқы тәкбірде ғана көтерудің дәйекті дәлелі бар ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу