Айбек Шілманов: «Әрбір тәртіптік істің артында адам тағдыры тұр»

Oinet.kz 18-06-2020 1363

Қазақстан бұрынғы посткеңестік елдердің ішінде мемлекеттік қызметті реформалаған алғашқы елдердің бірі саналады. Соңғы жылдары шенеуніктерге қатысты талап-тәртіптер қатайтылды. Мұның басты мақсаты мемлекетке, түптеп келгенде халыққа қызметтің сапасын көтеру екендігі түсінікті. 23 маусым-Мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы-Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Айбек Шілмановпен арадағы әңгіме осы талап-тәртіпке енгізілген өзгерістер, мемлекеттік қызметтің бүгінгі бағыт-бағдары  туралы болмақ. 

 image.png

- Айбек Ақбергенұлы, бұған дейінгі Тәртіптік кеңестер кейінгі кезде Әдеп кеңесі деп атала бастады. Өзгеріс атауында ғана емес шығар. Тәртіптік кеңестер пен Әдеп кеңестерінің арасындағы айырмашылық көп пе? Түсіндіре кетсеңіз.

- Өзіңізге белгілі, қолданыстағы заңнама сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне қойылатын жалпы қабылданған талаптар мен олардың мінез-құлқының негізгі стандарттары белгіленген.

Бұл ретте, Әдеп жөніндегі кеңестер мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдепті сақтаудағы жауапкершілік деңгейін арттыруды, әдеп жөніндегі уәкілдердің қызметін үйлестіруді қамтамасыз етеді.

Мәселен, бұрынғы «Тәртіптік кеңестерден» айырмашылығы Әдеп жөніндегі кеңестер мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызмет заңнамасының бұзушылықтарының профилактикасына басымдылық берілген.

Атап айтқанда, Әдеп жөніндегі кеңес отырыстарында тәртіптік істерден бөлек, мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы бұзушылықтардың профилактикасы бойынша жұмысының қорытындылары, әдеп жөніндегі уәкілдер қызметі, мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссияларының жұмыс нәтижелері қаралуда.

- Көпшіліктің Әдеп кеңесін шенеуніктердің сыбағасын беретін жазалаушы орган ретінде қарастыратыны рас. Биылғы жылы Әдеп кеңесі ақтаған шенеуніктер бар ма? 

- Ия, жоғарыда атап өткендей, Әдеп жөніндегі кеңес алаңы тек мемлекеттік қызметшінің тәртіптік ісін қарап ғана қоймай, сонымен қатар олардың құқықтарын қорғау бойынша тиісті шаралар қабылдайды.

Мәселен, 2020 жылы Әдеп жөніндегі кеңесте қаралған 

29 тәртіптік істердің 48 пайызыы өз дәлелін таппауына байланысты қысқартылған. Яғни, айтайын дегенім, бірқатар мемлекеттік органдардан лауазымды тұлғаларға қатысты түскен ұсынуларды мұқият зерделеп, тергеп-тексеріп, тиісті уәкілетті органдардың қорытындысы нәтижесінде негізгі мемлекеттік қызметшілердің кінәсі анықталмағандықтан, Әдеп жөніндегі кеңес мүшелерінің шешімімен тәртіптік істер тоқтатылып, мемлекеттік қызметшілердің құқықтары қорғалуда. Бұл өз кезегінде, қарапайым халықпен қатар, мемлекеттік қызметшілердің де Әдеп жөніндегі кеңеске деген сенімділігін арттырып, одан әрі сапалы жұмыс істеуіне өз септігін тигізеді.

- Ресми мәліметтерге қарағанда, тәртіптік істердің басым көпшілігі мемлекеттік сатып алуға қатысты. Бірақ тендер мәселесін жоғарыдағы басшылардың уыстарында ұстайтындығы көп айтылады. Нәтижесінде заңсыз шешім қабылдауға мәжбүр болған бөлім басшылары, ауыл әкімдері жауапқа тартылады. Ал сол жоғарыдағы басшылар да жауапкершіліктен сытылып шығып құтылып кетпес үшін Әдеп жөніндегі кеңеске қандай құзірет жетіспейді?

- Құзырет жетіспейді деп айта алмаймын. Өйткені Әдеп жөніндегі кеңес уәкілетті органдармен ұсынылған материал мен деректер негізінде шешім қабылдайды. Яғни, тиісті уәкілетті орган Әдеп жөніндегі кеңеске қарау үшін жолданған ұсынысында бұзушылыққа жол берген лауазымды тұлғалардың тізімін айқындап береді. 

Әдеп жөніндегі кеңес өз кезегінде сол аталған лауазымды тұлғалардың тәртіптік жауаптылығын қарау үшін негіз болып отырған нақты іс-әрекет (әрекетсіздік) орын алғанын-алмағанын, тәртіптік теріс қылықты жасағанын-жасамағанын, кiнәсі байқалатынын-байқалмайтынын туралы мемлекеттік қызметшілердің іс-әрекеттерінде заңнама талаптарын бұзу, Әдеп кодексі талаптарын сақтамау фактілері жан-жақты, толыққанды зерделеніп, тиісті шешім қабылдайды.

Бұл тұста, атап өту қажет, бірінші басшылардың жауапкершілігін арттыру, осы мәселеге қатысты құзырлы органдардың ұсыныстарын қайта болдырмау мақсатында Әдеп жөніндегі кеңес шешімімен уәкілетті органдарға, жоғары тұрған мемлекеттік орган басшыларына тиісті ұсыныстар жолданып, бақылауға алынады.

-  Кейде басқарманың басшылары, басқа да жауапты шенеуніктер тәртіптік ісі қаралатын күні Әдеп кеңесінің отырысына келмей қалады. Әдеп кеңесін  жүре тыңдайтын осындай шенеуніктер туралы не айтасыз?     

- Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 

29 желтоқсандағы № 156 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы, астанадағы Әдеп жөніндегі кеңестері туралы ереженің 24-тармағына сәйкес, Хатшылық тәртіптік жауаптылыққа тартылатын адамдарды Әдеп жөніндегі кеңес отырысының өтетін орны мен уақыты туралы хабарлау жөніндегі шараларды қабылдайды.

Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында тәртіптік іс, егер тәртіптік жауаптылыққа тартылатын адамдар отырыс өткізілгенге дейін үш күн бұрын Әдеп жөніндегі кеңес отырысының өтетін уақыты мен орны туралы тиісінше хабардар етілсе, олардың қатысуынсыз қаралуы мүмкін. Осы талаптарға сәйкес, Әдеп жөніндегі кеңеске тәртіптік жауаптылыққа тартылатын адамдардың қатысуынсызда қарау құқығы берілген.

- Шенеуніктер де пенде. Карантин кезінде балық аулаға шыққан ауыл әкімінің, моншаға барған аудан әкімінің тәртіптік ісі қаралды.  Мұны қызметтік талап-тәртіп тұрғысынан ақтауға болмайтын шығар, әрине, ал адамгершілік тұрғысынан ақтауға бола ма?  

- Сұрағыңызды түсіндім. Әрине мемлекеттік қызметші бірінші кезекте ол адам, тұлға болып табылады. Дегенмен, қарапайым жұртшылықпен салыстырғанда мемлекеттік қызметшілерге заңнамамен тиісті шектеулер бекітілген. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметі туралы заңнама аясында мемлекеттік қызметке қабылдану кезінде азаматтар өздерінің лауазымдық өкілеттіктерін және соған негізделген беделін жеке басының, топтық және өзге де қызметтік емес мүдделерде пайдалануға алып келуі мүмкін әрекеттерді болғызбау мақсатында өзіне заңда белгіленген шектеулерді қабылдайды. 

Сонымен қатар, мемлекеттік қызметші тиісті ант қабылдап, Әдеп кодексінің мәтінімен жазбаша нысанда таныстырылады. Сондықтанда, мемлекеттік қызметшілер заңнама талаптарына сәйкес, өздерінің қызметтік міндеттерін орындауы қажет, сәйкесінше орындамаған жағдайда тиісті жауаптылықта болатыны белгіленген.

Қысқаша айтқанда, мемлекеттік қызметші халықтың, елдің алдындағы тұлға болғандықтан, оның әрбір айтқан сөзі мен 

іс-қимылын халық жіті бақылап отырады, көңіл таразысынан өткізеді.

Сондықтанда, департамент уәкілетті орган ретінде бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік қызметшілердің жағымсыз жағынан аталуы және сынға алынған мақалаларға тұрақты түрде мониторинг жүргізеді.

Өзіңізге белгілі, биыл пандемияға байланысты, еліміздегі төтенше жағдай кезінде өңірдегі бірқатар лауазымды тұлғалар тарапынан карантиндік режимді сақтамай, атаулы іс-шараларға қатысқандығы туралы фото және видеожазбалар әлеуметтік желілерге кеңінен таралғаны анықталды.

Нәтижесінде, өздерінің іс-әрекеттерімен қоғам тарапынан айтылатын сынға себепкер болғаны анықталып, Әдеп жөніндегі кеңесінде олардың тиісті жауапкершілігі қаралды. 

Бұл ретте, тағы атап өткім келеді, Әдеп жөніндегі кеңестің негізгі мақсаты мемлекеттік қызметшінің қызметтік әдепті сақтаудағы жауапкершілік деңгейін арттыру, сәйкесінше тәртіптік жауапкершілікке тартудағы негізгі философиясы да болашақта осы теріс қылықты қайталап жасамау болып табылады.

- Мемлекеттік қызметшілердің құқығын қорғау, имиджін көтеру бағытында Сіз басқаратын департамент, Кеңес тарапынан нендей іс-шаралар қолға алынуда? 

- Жоғарыда айтып өткеніміздей, Әдеп жөніндегі кеңестің хатшылығына келіп түскен мемлекеттік қызметшілерге қатысты ұсынылған тәртіптік істер құжаттар мұқият жан-жақты зерттеледі. Себебі, әр тәртіптік істің артында адам тағдыры тұр.

Сондықтанда, алдағы уақытта мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау бойынша уәкілетті орган ретінде облыстың барлық мемлекеттік қызметшілерінің мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасын және әдеп кодексі талаптарын сақтау бойынша тиісті бақылау, мониторинг, зерделеу жұмыстарын және мемлекеттік органдар басшыларының бұзушылықтардың алдын алу бойынша есебін қорытындылау, әдеп жөніндегі уәкілдердің қызметі туралы жұмыстарды күшейтуге бағытталып отыр.

Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтің имиджін көтеру мақсатында «Үздік мемлекеттік қызметші» республикалық байқау өткізілуде.

Бағалау қорытындысы бойынша республикалық кезеңге өңірімізден Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс – қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің аға офицері – Ақтөре Талғатұлы, Түркістан облысы Стратегия және экономикалық даму басқармасының бас маманы – Айтуар Ақерке Әсілханқызы, Арыс қаласы әкімі аппаратының бас инспекторы – Сапарбайұлы Елдос өтті.

Жалпы алғанда еліміздің үздік мемлекеттік қызметшісі 23 маусым – «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметші күні» кәсіби мерекесіне орай анықталатын болады.

Әңгімеңізге рахмет!

«Рейтинг» газеті

Мұғалімдерді бір партияға «байлап» қою дұрыс емес - Өмір Шыныбекұлы
Гүлшарат Жұбаева: "Адам ретінде барлығын түсінгім кеп тұрады"
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу