Мұрат Әбілханұлы: Халықтың құқықтық сауатын арттырмай заңбұзушылық қайталана береді

Oinet.kz 10-04-2021 3320

Мұрат Әбілханұлы.jpg

Мұрат Әбілханұлы, Түлкібас аудандық Полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары

– Мұрат Әбілханұлы, Жамбыл облысымен шекаралас таулы аймақта қанша полиция қызметкері бар?

– Түлкібас аудандық Полиция бөлімінде жедел уәкілдер, тергеушілер, учаскелік инспекторлар, кәмелетке толмағанда ісі инспекциясының мамандары, тағиғатты қоорғау, жол-патрульдік полиция қызметкерлерінің бәрін қосқанда жалпы 115 азамат елге қызмет етеді. Осындай мамандардың көмегімен аудан көлемінде қылмыстардың алдын алу шаралары мен тұрғындарға құқықтық түсіндірмелер жиі жүргізілп тұрады. Нәтижесінде аудандағы ахуал тұрақты. 

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қылмыстық кодекске өзгерістер енгізуінің нәтижесінде мал ұрлығының ауыр қылмыс санатына жатқызылғаны белгілі. Жаза қатаңдатылды, қылмыс азайды ма?

– Өзіңіз айтқан заңға енгізілген өзгерістер мал иесіне құқықтық жауапкершілік жүктеді. Бұған дейін бір шаруаның бақшасын бүлдірсе де қараусыз қалған төрт түліктің иесін ешқандай жауапкершілікке тарта алмай ескерту жасап қайтарумен шектелетінбіз. Бүгінде хаттама толтырылып, әкімшілік құқықбұзушылық бойынша жауапқа тартылады. Сонымен қатар, мал ұрлығының алдын алу мақсатында әкімшілікпен, бақташымен және мал қожайынымен үш жақты келісімшарт жасау қолға алынды. Өйткені бізге малын бақташыға тапсырып, соңынан таба алмай арызданып келетіндер аз емес. Бұрын жоғалған, ұрланған малды иесі мен бақташы бір-бірінен көріп, соңы дауға айналып барып басылатын. Қазір үшжақты келісім бойынша азаматтардың жауапкершіліктері толық қаралған. Сондай-ақ, тасымалдауда да төрт түліктің құжаттары болуы міндеттеледі. Онда малдың сырғалығынан бастап, мал ауруларына қарсы қандай екпе салғанына дейін толық мәлімет болуы тиіс. Онсыз, ветерианардың рұқсатынсыз залалсыздандырылмаған малды тасымалдауға тыйым салынған. Егер малдың құжаты жоқ болса, полиция қамаққа алып, суреттерін түсіріп, мобильдік топтарға, учаскелік инспекторлардың ортақ чатына тастайды. Бұл кімнің малы екенін анықтау үшін жүргізілетін жұмыстар. Әрекетіміз қылмысты ашу ғана емес, жоғалған не ұрланған түліктің иесіне көмектесу болып табылады. Малдың құжаты жоқтығы анықталатын болса, тасымалдаушымен қатар иесі де  әкімшілік құқықбұзушылық бойынша жауапкершілікке тартылады. Мұндай заңдық өзгерістердің барлығы профилактикалық шаралар барасында қоғамдық көмекшілердің көмегімен учаскелік полицейлер тарапынан тұрғындарға түсіндірілген, ескертілген. Мемлекет басшысының заңға өзгерістер енгізгені дұрыс болды. Сізге бір қызық айтайын, биыл жыл басынан бері ауданда мал ұрлығы тіркелген жоқ. Пәтер тонау да орын алмады.

– Қалай сонда, малына байланысты арызданып келетіндер көп дедіңіз емес пе?

– Арызданатындар бар. Кейін анықталғандай олардың малдары жоғалған не болмаса қараусыз бос жүрген соң жайылып кетіп қалған болып шығуда. Ешкім ұрламаған. Жәй ғана салғырттық. Қарамасаң қатын, бақпасаң мал кетеді ғой... Дегенмен, малға ғана қатысты деп қарамаңыз. Халықтың құқықтық сауатын арттырмай заңбұзушылық қайталана береді. Тұрғындар өздері заңға бейімделмесе, 115 полиция қызметкерімен ауданда жаппай тәртіп орната аламыз деп айта алмаймыз. Әйтпесе, халықпен кездесулерге барғанда, тоқсан сайын есеп бергенде заңға енгізілген өзгерістерді талай рет түсіндірдік те. Нәтиже мардымсыз. Сондықтан біз бұған қоғам болып кіріссек, құқықтық ортаны қалыптастыру қиын болмайды.

– Еліміздегі жүргіліп жатқан жаппай цифрландыру полиция жұмысын да жеңілдеткен болар, қылмыстық істің ашылуын жеделдетіп дегендей... 

– Иә, цифрландырудың көмегі көп. Қазақбастылықтан арылдық. Бұрынғыдай полицейлеріміз тәртіп бұзушыға жарты сағатын жоғалтып, хаттама толтырып отырмайды. Қызметкерлерімізге ортақ базаға қосылған планшеттер берілген. Тәртіп бұзушыдан, жол ережесін сақтамаған жүргізушіден барлық құжатын сұрап жатпайды. Жеке куәлігі болса, ЖСН-ін планшетіне енгізсе, барлық дерегі шығып тұрады. Электронды хаттама толтыру тиімді әрі тез. Тек кейбір жерлерде интернеттің болмауы кедергі келтіріп жүр. Әйтпесе, тергеушілеріміз де бұрынғыдай құжат тасып жүрмейді. Қылмыстың ашылуы да тездетілді. Реті келіп тұрғанда Түлкібас ауданында қылмыстардың жылдан жылға азайып келе жатқанын айтуымыз қажет. Тапсырмалардың орындалуы, жалпы қылмыстың төмендеуі бізге Полиция департаменті тарапынан жасалған жағдайдың, 115 қызметкердің тынымсыз еңбегінің нәтижесі деп айта аламын. Жұмысының нәтижелігі шығар, өткен жылы 31 маманымыз марапатталды. 

– Бәрекелді! Өзіңіз айтқан электронды хаттама толтыру нәтижесін беріп жатыр ма?

– Әрине. Биыл қаңтар-ақпан айларының өзінде малға қатысты 678 хаттама толтырылды. Оның 248-і төрт түлігіне дұрыстап қарамағандығы үшін жауапкершілікке тартылды. Жалпы адамдар тәртіп бұзғандарына құқықтық тұрғыдан емес, материалдық жағынан қарап үйренген ғой. Айыппұл төлегендер қайтып заңбұзушылыққа бармайды. Жол ережесін бұзатын жүргізушілер де сондай. Жаңылмаса, қайталамайды. 

– Сонда хаттама толтыру көбейді ме, азайды ма?

– Көбейді. Мұның мәні мынада – нөлдік төзімділік бойынша әрекет етуіміз керек. Негізі заңбұзушылық ұсақ істерден басталады. Егер оған тосқауыл қоймасақ, оның соңы кейін үлкен өкініштерге апаруы ғажап емес. Қоғамдық орында темекі тартуға, ластауға болмайтынын айып төлеп болса да ұғынған адам қасындағылардан өз қателігін қайталамауды сұрайды. Әрине, кейбіреулер «айтып неғылам, өзімді келемеждер» деп тәртіп бұзушылықты көріп тұрса да үндемеуі мүмкін. Қалай десек те, нөлдік төзімділік тәртіп бұзуға болмайтыны туралы ой туындатады. Ой іске асса, нұр үстіне нұр. 

– Сұрамау мүмкін емес, тіпті қоғамның өзекті мәселесі десек те болады, соңғы уақытта алданғандар көбейді. Алаяқтық белең алып барады...

– Ойыңызды түсіндім. Соңғы кезде интернет алаяқтық тыйылмай тұр. Былтыр көбейіп кеткені рас. Өкінішке қарай алданып жатқан жерлестеріміз аз емес. Алаяқтардың ісі ауданның аумағында ғана емес, облыстық деңгейде қаралып жатыр. Ал, біз өз тарапымыздан қылмысқа қатысы бар күдіктілерді ұстаумен қатар, алаяқтыққа арбалмаудың алдын алу шараларын жүргізудеміз. Тұрғындарға алаяқтықтың қандай түрлері бар екенін, олардан қалай сақтануға болатынын арнайы роликтерде көрсетіп, жапсырма парақшалар таратып, айтып сақтандырудамыз. Мақсат – Мақтаарал, Жетісай, Шардара аудандарындағыдай жұрттың қаржы пирамидаларына, алаяқтарға көп алданбауының алдын алу. Дегенмен, интернет алаяқтықтың шегі жоқ. Түлкібас тұрғыны Алматының алаяғына алданып жатуы да ғажап емес. 

– Алаяқтарға алданып қалудың басты себебі жұрттың қаржылық сауатының төмендігі емес пе?

– Ол да бар. Бірақ, ең бірінші себебі – оңай жолмен ақша табам деп ойлау, соған сену. «Қомақты ақша саласыз, соңыңыздан екі адамға да ақша салдыры тіркейсіз. Сосын екі есе қып қайтарып аласыз». Осыған сенген адамның санасында қаржылық сауаттылық екінші планда қап қояды. Солай ол қаржы пирамидасының бір мүшесіне айналғанын, алаяқ боп кеткенін байқамай қалуы да мүмкін. Оңай олжа, тегін ірімшік қақпанда ғана болатынын бір сәт те естен шығаруға болмайды. Ең жанымызға бататыны өзіміздің адамдарды өзіміздің жазалауымыз. Мені қылмыстық көрсеткіштердің азайғанынан бұрын осы ой көбірек мазалайды. Рас, жаздым, жаңылдым деп келетіндер де бар. Қариялар да араға түсіп жатады. Жүрегің ауырады. Бірақ, жанымыз ашығанымен заңды өзіміздің бұрмалауға қақымыз жоқ. 

"Рейтинг" газеті, 8 сәуір, 2021 ж

Досай Кенжетай, философия және теология ғылымдары докторы: Заманауи «Асан Қайғы» рөліндегі пендемін
Мұхтар Қожа, археолог: «Түркістанға 3000 жыл» деуге ғылыми негіз жоқ»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу