Бұлбұл ҚАЛҚАНБАЕВА, қазақша стилист: Талғамды киінудің де, талғамсыз киінудің де шығыны – бірдей

Oinet.kz 27-09-2021

Талғамға талас жоқ. Сән стандарттап бір үлгідегі киімді айналымға салғанмен, әр адам түрліше тұтынады. Елдің бәрі киген киімді мода деп ойлауға асықпау керек. Әр адамның киімін мода емес,  стиль таңдайды. Қазақ тілінде блог жүргізіп, қазақ аудиториясына әлемдік брендерді қорықпай сатып алуды үйретіп жүрген @bul_bulbull парақшасының иесін сөзге тарттық. Сұхбатымызда стиль, талғам, тенденция туралы әңгімелейміз. 

image.png

–Модельер Альбер Эльбаз «Стиль – жанның  айнасы»  деп анықтама берген екен.  Бұлбұл ханым,  сіздің түсінігіңіздегі «стиль» сөзінің ауқымы қандай?

–Иә, мен де бұл сөзбен келісемін. Стиль – адамның ішкі дауысы, әркімнің менімен үйлескен жаратылысының үні. Сән дегенге қарағанда, стиль сөзінің мағынасы тереңіректе. Сән – көшпелі керуен, көшеді, жүреді, тотамайды. Ол сондай тұрақсыз дүние. Сән әдебиетінде де стильдің қалатыны, сәннің кететіні қанық реңкте айтылады. 

Адамның жаңа дүниені, жақсы нәрсені киюі өзіндік қолтаңба жасаудың маңызын жоғалтпайды. Стиль – тұлғаның өзіне ғана тән қолтаңбасы. Өмірде индивидтің әртүрлі жас ерекшелігінде стильі ерекшеленіп, өзгеріп отырады. Адамның ішкі дүниесі өскен сайын, көп нәрсеге деген көзқарасы түрліше болады. Баланың танымы адамдармен араласқаннан кейін қоғамдағы  талғамы, жаны байыған сайын өзгеріп отырады. Өмірлік тәжірибе жинақтау, рухани даму, физикалық немесе материалдық өсу орын алғанда біздің ішкі үніміз өзгереді.  Ішкі үннің өзгеруі, қалауымызды өзгертеді. Стильіміз де өзгереді. Заманына қарай адамы. Қазір бірнеше стильді аралас тұтыну – өте сәнді.Яғни қазір эклектика (бірнеше стильдің басын құрау) заманы. Соның бәрін сауатты жасап,  трендттің жетегінде кетпей, өзіндік стильді қалыптастыру – үлкен жетістік. 

–Өзгелердің стилін қалыптастыруға,  жаңа қырға өзгеруіне сеп болып жүрсіз.  Ал өзіңіздің талғамыңыз қалай қалыптасты?


image.png

–Талғамның қалыптасуы – әншейін үйренетін нәрсе. Мысалы, машинаға жүргізуші куәлігін алған соң, дағдыланып көліп күргізіп кетесіз ғой. Немесе спорттық үйірмеге  барған соң бірден спортшы болып кетпейсіз. Барлылығы спортшы болатын яки машина жүргізетін дағдыны қалыптастырған соң ғана келеді. Әркімнің үйрену және қалыптасу ерекшелігіне қарай бірнеше уақыт кетеді. Талғам да сондай дүние. 

Стилист болу үшін ханның сарайында 10 көйлек ауыстырып, бала кезден эстетиканың ортасында тек қана әдемілікті көріп өскен адамның ісі емес. Мен білетін стилистің көбі «бала кезден талғамым керемет болды» , «киімдерді әдемі кидім», «анамның көйлегін қиып, қуыршағыма киім тігетінмін» дейді. Сенесіз бе, менде ондай әдеттің бірі болған жоқ. Отбасымда үш қызбыз, ұл бала болмаған соң сол рөлді өзіме алдым. Ұлдың қызметін жасадым, ұлдың образын ұстандым. Әкемнің достары келсе, олармен ерлерше амандасатынмын. Талғам деген мен үшін маңызды емес еді. Ұл балаша киініп жүрдім. Өсе келе ортада киімнің маңызды екенін түсіндім. Сіз келе жатқанда сыртыңыздан қарап 3-4 секундта «аха» деп пікір қалыптастырып қояды ғой. Сол дүниені мықтап түсіндім. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал». Мен де заман талабына сай киінгім келді. Өзімде ізденіс болып, мүмкіндік болған жерден киінуге қатысты білім алғым кеп тұрды. Көзім жаттықты. Көздің бұлшық еті жаттықса,  өзіне керегін табуы тез. Адамдарға айтарым – ақшаңыздың  көп болуы міндетті емес, хан сарайда тұру да шарт емес. Әлеуметтік жағдайыңыз қандай болса да, дәл қазір талғам жаттықтыруға кедергі жоқ. Ол туралы мен өз марафонымда, курстарымда айтып жүрмін. Үйреніп жатқан адамдар да көп. 

–Алдын тренчтың шығу тарихы туралы историсіңізге қызығушылығым оянған еді.  Бұрын тапқа,  қызметіне қарай стандарт болған киімдер қазір жалпыға ортақ.  Сіз үшін қай киімнің шығу тарихы ең қызықты?

–Қазір біздің гардеробтың стильді элементі болып жүрген киімнің бәрі – бір кездері жұмысқа байланысты қажеттіліктен туындаған киімдер. Мысалы , джинса материалынан алғаш матростар киген, плащ әскерилердің киімі болған. Қазір әр әйел мен ердің – гардероб элементіне айналып отыр. Пиджак алғаш кафтан яғни шапан секілді болған екен. Алдында 2-3 түймесі бар. Жыдлыболсын деп киіз секілді матриалдан жасалған екен.  Бертін келе кәдуілгі біз қазір киетін формасына келді. Смокинг пиджактың жағасы жібек (шелк) материалдан жасалған. Себебі темекі тартуға құмар ер азаматтарға арнап тігілген. Темекі шоғы киімге түссе, жібектен сырғып кетсін деген мақсатпен.  Темекі шегуге болмайтын орындарда «No smoking» деген жазуды аңғарған боларсыз. «Смокинг» сөзінің аудармасы темекі шегу деген мағынаны береді. Кейіннен сәнді пиджакты шығу тарихына байланысты смокинг деп атап кеттік. 

Әйелдер пиджагын Коко Шанель шығарған. Ол кезде нәзіктіктен әйелдерді алыстытты деп қабылданып, қоғамда дүрлігу туындаған. Қазір сол киім – әр әйелдің гардеробында үлкен маңызға ие. Егер барлығына тоқталсақ, әр элементтің өзіндік тарихы бар. 

–Кейбір ата-аналар «балам кисін»  деп бір киімді ұзақ тұтынамыз деп жиі айтады.  Сіздің көмегіңізге неше жастағы адамдар жүгінеді? Қандай мақсат қойып нақты қадам жасайды?

image.png

–Баланы бірінші орынға қою – қазақ әйелдерінде көп кездеседі. «Балам елден қалмасын» деген ойының әсерімен өзі кейінге қалып қояды. Ананың жарқырап жүргенін көрмеген, өзінің ғана жарқырап жүргенін бала өскенде тез ұмытады.  Ол солай болуы керек деп қабылдайды. Жарқ-жұрқ еткен өмірге жеке тұлға ретінде енгенде әке-шешені тез ұмытып кететін секілді. Сосын аналарда «өзіме бір шұлық алмай сені киіндіріп едім» деген реніш пайда болады. Ол – өте дұрыс емес. «Байға тидім, бала таптым. Маған стиль не керек» деген ұстанымдағы көптеген қыз-келіншектермен блог бастағалы қатынас орнаттым. Барлығына төтеп беру – рухани түрде ауыр. Бірнеше рет «айналыспаймын» деп парақшамды тастап жіберуге шақ қалдым. Менталитет бар, әйелдердің тарапынан қабылдау күрделі дүниелер көп болды. 

Қыздар өсе бастағанда өз анасынан ұялу, үлгі тұтпау сезімі жасөспірім кезеңде қылаң беруі ықтимал. Сондықтан есіктің алдында жүрсек те, магазинге барсақ та жарқырап жүру керек. Біздің қыздарда «үй арасына, дүкенге пойдет» деп олбыр-болбыр киіну бар. Қазір қыздардың түсінігі өзгеруде. Психологияны қазақ қоғамы қиналып, «жылап-сықтап» қабылдады. Сәнді де солай. Енем киім алдырмайды, күйеуім рұқсат бермейді деген проблемадан бөлек қымбатқа киім алса да дұрыс таңдау жасай алмайтын әйелдер де бар. Мен парақша жүргізген 2 жылымда қазақ  қыздарының психологиясын өзгерте алған сияқтымын.  Өзімнің мақсатты аудиториямның барлығын болмаса да жартысын өзгерте алдым деп ойлаймын. Қыздар қазір өзгеріске ашық. Бұрын стилистке жүгінуді  «өз стильің жоқ па?» деп қабылдайтын. Қазір менің жеке психологым,  жеке стилистім бар деп айту – қалыпты болдым. Әйел заты бала босанған соң күйзеліс кезеңінде болады, өзін жоғалтады. Үй шаруасында отырған соң сыртқы ортамен байланысы нашарлайды. Менің қызметіме көбіне декреттік демалыстағы аналар жүгінеді. Студент қыздар, 20-40 жас аралығындағы әйелдер стильімен көп жұмыс істиді. Олар «что-то стильное» деп келеді. Арнайы анкета толтырып, дене бітімінің ерекшелігін ескереміз. Оларға қандай киімдер ұнайтыны, ішкі менінің үні бәрі тыңдалады, ескеріледі.

Шанельдің «Сән өтеді,  стиль қалады»  деген сөзі бар.  Қазірде 20-30 жыл бұрынғы мода болған киімдер қайта индустрияға оралды.  Өзіңіздің тәжірибеңіз арқылы қалыптасқан 3 кеңесіңізді бөлісіңізші!

image.png

–Киімдер қайта оралғанмен, өзгеріске ұшырайды. Мысалы, біздің ата-аналарымыздың кезінде кала-кала шалбардың белі төмен орналасқан еді . Қазір белі жоғары. Бұрындары  банты бар блузкалар денеге жабысыңқырап тұратын. Қазір тік пішімді, кеңдеу тұратын үлгі  сәнде. Қоғамда қандай бір жаңалық болса, тез-тез қабылданып сәннен көрінеді. Сән адаммен бірге тыныстайды. 

Бірінші кеңесім –талғамды  киінудің де, талғамсыз киінудің де шығыны – бірдей. Қыз-келіншектер 37 мыңға антитренд киім алып «күшті киіндім» деп ойлады. Дегенмен сол 37 мыңға актуальды киім алса да болады. Қымбат киімнің бәрі бірдей жақсы емес. Екіншіден, талғамды  қашан да оңай жаттықтыруға болады.  Талғамды жаттықтыруға ешқашан кеш емес. Үшінші кеңесім – барлығымен үйлеседі деп қара, қоңыр, сұрқай түстерге үйірсек болмау керек. Өйткені қазақ өзі бидай өңді халық. Бет реңкіне байланысты ашықтау түстер жақсы. Кейбір қыздар ашық сыртқы киім киюге әлі батылы жетпей жүр. Сол жағынан кішкене ашық реңтен қорықпасақ деп ойлаймын. 

Әңгімелескен Балерке ӘСІЛХАН


Елжас Ертайұлы: Баланың алдында проблема шешуді тоқтату керек
Жеңіс АЙТЖАНОВ, сиқыршы-иллюзионист: Ғажайыпқа сендіру– ең керемет жетістік


Сәйкес тақырыптар
Көтерілу
×