Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы, Нұралы Әбішев: «Қолдан жасалып отырған кедергілер көп»

Oinet.kz 01-08-2023 4333

Бүгінгі қоғам жаңашылдықты талап етіп отыр. Елімізде  конституциялық реформалардың қолға алынуы  осының айғағы. Биыл  наурызда өткен Мәжіліс пен мәслихат сайлауы осы өзгерістер жолындағы маңызды қадам саналады. Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары да өңірдің дамуына үлестерін қосып, өзгерістердің  бел ортасында жүр.  Халықтың талап-тілегіне құлақ түру, кемшіліктермен жұмыс істеудің жаңаша әдіс-тәсілдері қалыптасқанын атап өткен жөн. 

Screenshot_1.jpg


Жуырда   Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы, есімі елге кеңінен танылған  кәсіпкер, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, «AMANAT» партиясы  Саяси кеңесінің мүшесі  Нұралы Әбішев сегізінші шақырылымдағы мәслихаттың 4 айда атқарған жұмысының есебін берді. Арнайы өткізілген брифингте  мәслихат депутаттарының  есепті кезеңдегі негізгі жетістіктерін, атқарылған жұмыстарын айтып өтіп, журналистердің сауалдарына жауап берді. Осы орайда Нұралы Әбішевпен сұхбатты оқырманның назарына ұсынғанды жөн көріп отырмыз.  

- Нұралы Әлмаханұлы, 4 ай – ілкімді істерді атқаруға, нақты нәтиже талап теуге жеткіліксіз уақыт. Дегенмен, «осы мерзім ішінде мәслихат депутаттары не атқара алды? Жалпы, сегізінші шақырылымдағы мәслихаттың құрамы, жасап отырған қадамдары қандай?» деген сұрақтарды естіп жатамыз. Осы жайында не айтар едіңіз?

- Дұрыс айтасыз.  Есепті төрт ай – күрделі мәселелерді шешуге жеткіліксіз уақыт. Дегенмен,  жаңа құрамдағы мәслихаттың алғашқы қадамдарынан-ақ сегізінші шақырылымдағы мәслихат депутаттарының мықтылығын байқауға болады. Менің 17 жылдық депутаттық тәжірибем бар.  Мәслихаттың алдыңғы құрамдарымен салыстырып айта аламын. Қазіргі шақырылымдағы депутаттар өте білімді, әрқайсысы – өзінің туған жерінің патриоты. Мәселен, бұрынғы кездері қандай-да ауданда өмір сүрмеген, басқа жақта қызмет еткен азамат депутат болып кете беретін. Ал қазіргі депутаттардың әрқайсысы өзі сайланған аймақтың өзекті мәселелерін, сайлаушыларының мұң-мұқтажын жақсы біледі әрі соларды шешуге барын салуда.    

Биыл наурызда өткен Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауының қорытындысы бойынша сегізінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың бірінші сессиясы   30 наурызда өтіп, жаңадан сайланған 46 депутатқа төсбелгілері табысталды.  3 тұрақты комиссия құрылып, олардың төрағалары сайланды.   Жалпы, елдiң алдында тұрған экономикалық және әлеуметтiк мiндеттердi орындауға ықпал етуде мәслихат маңызды рөл атқарады.  Жыл басынан бері  облыстық мәслихаттың 4 сессиясы өткізіліп, түрлі салаларға қатысты маңызды мәселелерді реттейтін 53 шешім қабылданды. Облыстың жылдық бюджеті 2 рет нақтыланды. Биылғы бюджет көлемі 1 триллион 325 млрд. теңгені құрады. Бұл соманың жартысынан астамы әлеуметтік салаға бөлінді. Бұл өз тұсында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар міндеттерді шешуге септігін тигізді. 

- Халықтың ұсыныс тілектері бойынша қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуде мәслихаттардың маңызы артып келе жатқанын байқау қиын емес. Депутаттар тұрғындардың талап-тілектерін қанағаттандыруға қаншалықты үлес қосып келеді?

 - Облыстық мәслихат депутаттары халықтың түрлі топтарымен тұрақты негізде кездесулер өткізіп, сайлаушыларды жеке мәселелері бойынша арнайы қабылдаулар ұйымдастырды. Есепті кезеңде депутаттар 100-ге жуық қоғамдық қабылдау өткізілген. Бір ерекшелігі, депутат ретінде қоғамдық қабылдауды кабинетте емес, елді мекендерге барып, қарапайым көпшіліктің ортасында өткізуге, дәлірегі, халықтың талап-тілегін тыңдап қана қоймай, көзбен көре отырып мәселелерді жедел шешудің көшпелі форматына бет бұрып жатқан әріптестерім аз емес. Тұрғындарды толғандыратын мәселелер бойынша облыстық мәслихат қабырғасында өзімнің төрағалығыммен 6 жиын өткізіліп, тиісті органдарға 17 хаттамалық ұсыныстар  берілді. Бүгінде ол ұсыныстардың 8-і орындалып, 9-ы бойынша жұмыс жүргізілуде. 

Мәслихат депутаттары облыстық басқарма басшыларының есебін тыңдайды, атқарып отырған жұмысын қарайды. Тек баяндама тыңдаумен шектелмей, депутаттардың қатысуымен уақытша комиссия құрылады. Ол комиссия  мүшелері облыстың барлық аудан, қалаларын аралап, саланың жағдайымен етене танысады. Басқарма басшысының жұмысы қанағаттанарлықсыз болса, шара көру мәселесін сессияға шығарамыз.  Нәтиже әртүрлі болуы мүмкін. Сөгіс жариялауы да, жұмыстан кетіруі де мүмкін. Бұл – облыс әкімінің құзырындағы мәселе.  Жуырда    облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысына қатысты осындай ұсынысты   білдірдік. Жұмысы депутаттардың  көңілінен шыққан жоқ.  Бұрын-соңды  мәслихат тарапынан қандай-да басқарманың басшысына шара көрілсін деген ұсыныс жасалмаған еді. Біз осыны алғаш рет қол жеткізіп отырмыз. 

Әрине, депутаттар халықпен тығыз байланысты болуы керек. Дегенмен, қайта-қайта кездесу ұйымдастыра беріп, тұрғындардың мазасын ала беруге де болмайды деп есептеймін. Қазір аудан басшылары тұрақты түрде елмен есепті кездесулерді өткізіп тұрады. Облыстық мәслихат депутаттарынан бөлек аудандық мәслихат депутаттары да бар, олар да  сайлаушыларын жинап, басқосуларды өткізеді.  Тұрғындарды толғандырып жүрген сауалдарды  әріптестерім жақсы біледі. Сондықтан, біз уақытты халықпен кездесуге емес, халықтың мәселесін шешуге жұмсағанымыз жөн.   Менің ойымша,  депутат өзі сайлаған сайлаушыларға  жылына бір рет барып есеп берсе жеткілікті.

- Мәслихаттың күшімен шешіліп жатқан даулы мәселелер де жоқ емес. Соларға кеңірек тоқталсаңыз. 

Бірқатар күрделі мәселе шешімін тапты. Айталық, ауыл шаруашылығына ауадай қажет тыңайтқыштар тақырыбының оңтайлы шешілуіне септігіміз тиді. Қазақстан бойынша селитраның жалғыз  өндірушісі бар. Сол компаниядан селитра алуға мемлекет тарапынан субсидия бөлінеді. Бір келісі 180 теңге тұрса, 80 теңгесін мемлекет өтеп береді. Сонда шаруалардың  тыңайтқышты тасымалдаумен қосқандағы шығыны 118 теңгені құрайтын. Алайда, араға делдалдар түсіп кетіп, селитраның бағасы  140 теңге дейін шарықтады. Яғни, қолдан жасалып отырған кедергілердің кесірі. Келіссөздер пайда бермеген соң шаруалар шу көтеріп, осы мәселемен мәслихатқа келді. Арнайы жиын өткізіп, тыңайтқыш өндірушісіне бассыздықты тоқтату жайлы қатаң талабымызды жеткіздік. «Алдын-ала қаржысын жинап, селитраны шетелден екі есе төмен бағамен алатын боламыз. Ал ауыл шаруашылығы министрлігіне  арнайы хат жіберіп, отандық селитра өнідрушіге субсидия берудің тоқтатылуын талап етеміз» деп шарт қойдық. Содан кейін ғана селитра өндіруші тәубесіне келіп, бағаны арзандатты. 

Мәслихаттың араласуымен шешілген тағы бір мәселе –  жылда ауыл шаруашылығы саласында шу шығатын жанар-жағар май тапшылығының оңтайлы шешілуі.   Қайбір кезде шардаралық шаруалар наразылығын білдіріп, жолды жауып тастап жүрді ғой. Оның себебі мынау еді: жанар-жағармай жоқ емес, бар. Бірақ жиын-терім науқаны нағыз қызып тұрған шағында берілмейді де, қажеттілігі жоқ кезде ұсынылатын еді. Осыны сылтауратып,  жанар жағармай сатушылары «біз ұсындық, шаруалар бас тартты» деген уәжбен  бүкіл өнімін сатып жіберіп жүрді.  Бұл да - қолдан жасалған кедергі.    Мәселені шешу үшін шаруаларға жанар-жағармай бөлудің кестесін қайта қарадық. Мәселенің мән-жайын  облыс әкімі Дархан Амангелдіұлына баяндап, ол кісінің  тікелей араласуымен, нақты тапсырма беруімен түйіткіл шешімін тапты.   

- Көпшілікті қызықтыратын тақырыптың бірі - депутаттарға берілетін қандай-да жеңілдіктер мен артықшылықтардың бар-жоғы. Осы орайда не айтар едіңіз?

-  Бұрын айлықты тек мәслихаттың хатшысы алатын. Қазір - мәслихат төрағасымен қатар екі тұрақты комиссияның төрағаларына да жалақы беріледі. Мәслихаттағы қалған әріптестерімнің ешқайсысына айлық төленбейді. Депутаттық мандат ешқандай жеңілдік, артықшылық  жоқ. Салықты ел қатарлы төлейміз.  Есесіне, депутаттарға қойылатын талаптар бар. Қазір мәслихат жұмысының регламентіне бірқатар өзгерістер енгізгелі отырмыз. Мәселен, сессия немесе тұрақты комиссияның отырыстарына қатарынан екі рет себепсіз қатыспаған депутатқа шара көріледі. Үш рет келмейтін болса оның депутаттық мандатын қайтару туралы ұсынысты сайлау комиссиясына беретін боламыз. Осында отырып кейбір депутаттар  мәлімдеме жасаймын деп шектен шығып, артық сөз айтады.   Басқа адамның құқығын таптауға жол бере алмаймыз.   Бұл да депутаттық этика мен әдеп мәселесіне тікелей қатысты дүние. 

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жергілікті өзін өзі басқару жүйесін барынша дамытуға айрықша мән беріп отырғаны мәлім. Ел Президенті өзінің Қазақстан халқына Жолдауында «азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін мәслихаттарға баса мән берген жөн. Мықты мәслихаттар өзекті мәселелердің шешімін табуға және аймақтардағы тұрмыс сапасын жақсартуға әсер ете алады» деп мәлімдеуі бекер емес. Түркістанда өткен соңғы Құрылтайда Президентіміз жауапты азаматсыз Әділетті Қазақстанды құру мүмкін емес екенін айтты.   

Жалпы, депутаттарға сессияда еңсесін тік ұстап, пікірін еркін айтуға барлық мүкіндік жасалған, құқық берілген. Ешкімге шектеу қойылмайды. Әріптестер әр сессияларда сөз сөйлеп, ой-пікірін бүкпесіз айтып жүр. Тұрақты комиссияларда мәселелер ашық талқыланады. Мәслихаттың бұрынғы шақырылымдарындай емес, қазір еркіндік бар. Биліктегілердің, басқарма басшыларының жіберген кемшіліктерін бос байбаламмен емес,   нақты айғақпен айтып отырғанын облыс әкімі де  дұрыс деп қабылдамаса, бұрыс деп жатқан жоқ.  Елдегі көшбасшы партия саналатын «Аманат» партиясының төрағасы саяси белсенділіктің артып келе жатқаны байқалады. 

Еліміздің көшбасшы саяси күші - «Аманат» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов жуырда облысқа жұмыс сапарымен келіп, партиялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты. Халықтың ұсыныстарын тыңдады.  Партияның облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев те халықпен кездесулерді жиі өткізіп жатыр. Партияның сайлауалды бағдарламасын Фракция мүшесі ретінде әр депутат үнемі назарында ұстайды. 

- Брифингте қойылған сауалдардың бірі – сіздің кәсіпорындарыңыз орналасқан Ордабасы ауданындағы экологиялық мәселелер. Кейбір тұрғындар тарапынан арыз-шағымдар жазылған көрінеді. 

- Ордабасы ауданы, Бадам  елді мекенінде   бірнеше кәсіпорындар жұмыс істеуде. «Бөрте милка» деген зауыт туралы сол жақтағы тұрғындар жазды, иіс шығады жағымсыз деп. Оған ешқандай негіз жоқ деп санаймын, себебі бұл - соңғы үлгідегі технологиялық құралдармен жабдықталған кәсіпорын.  Қазір осы сияқты фермалар елімізде жабылып жатыр. Бізге де сондай қауіп төніп тұр. «Бөрте милка» – облыстағы сүттің он пайызын ғана шығарады. Қалғандарының барлығы Ресей мен Қырғызстаннан келіп жатқан сүт өнімдері. Геосаяси оқиғалардың салқыны біздің өңірдегі бизнеске, ауыл шаруашылығы саласына тиіп жатқанын мойындау керек. Бұл ретте дұрыс шешімдерді қабылдау маңызды. Мәселен, әлеуметтік-кәсіпкерлік  корпорация арқылы қазір облысқа 6 миллиард теңге қаржы бөлініпті. Ондағы мақсат – жаңа сүт зауытын, сиыр фермасын ашуға. Біздің кәсіпорын болса  жабылудың алдында тұр. Жуырда облыстағы тағы бір ірі ферма жабылды. Мұндайда жаңа ферма ашу қисынға келеді ме? Әрине, жоқ. Жаңа ферма ашуға инвестор табылмай отыр. Осы жайлы еліміздің ауыл шаруашылығы министріге «сіз жаңа ферма ашудың орнына  жабылайын деп тұрған ферманы сақтап қалуға жәрдем бергеніңіз жөн болады» деп ойымды жеткіздім.  

Осы Ордабасы ауданында кірпіш зауытын да аштық. Оған 4,5 млрд теңге шығын  кетті. Сондағы мақсат – ең заманауы технологияны қолдану. Ондай зауыт Қазақстанда жоқ. Мұнда адам кірпішті қолымен ұстамайды. Бүкіл технологиялық процесс роботтармен автоматтандырылған, экологиялық тұрғыда таза зауыт. Әлгі арыз-шағымдардың негізсіз деп отыруымның себебі осы. Мұндағы бар мәселе – біреуді жұмысқа алсаң, арыз жазуын тоқтатады. Жұмыстан шығарсаң – арыздануын қайта қолға алады. Бар болғаны сол.  Өзім кәсіпкер ретінде ең  соңғы үлгідегі технологияларға қызығамын. Заманауи техникаға жүгінбесек бәсекеге қабілетті бола алмаймыз.   Түркістан өңірінің потенцияалы өте жоғары. Тоғыз жолдың торабы, қолайлы климат, мол табиғи ресурстар – барлығы да жеткілікті. Тек ізденіп, ерінбей  еңбек ету керек. 

Сұхбаттасқан Ғ.Қамытбекұлы

Баян Жандосова: Отбасы құндылықтарын сақтау – дамуымыздың кепілі
Ақмарал Сатыбалдықызы: Әбекең аспанды да жылатып кетіп барды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу