Тасқа айналған қыздар

Oinet.kz 01-09-2022 780

Screenshot_19.png

Төле би ауданында жұмбаққа толы аңыз мекендер көп. Сондай ғажап жердің бірі – Өгем өзенінің жағалауындағы тас мүсіндерге айналған Қырыққыз ескерткіші. Бүгінде туристік нысанға айналған табиғаттың керемет  ескерткішін тамашалап, мұндағы аңыз әңгімелерді тыңдауға құштар жандар көп. 

Көнеден келе жатқан аңыз-әңгімелерге сүйенсек, бұрынғы жаугер­шілік заманда жау шапқыншылары елден тысқары Қарабау суына шомылып, алаңсыз серуендеп келе жатқан 40 қызды көріп, соңдарынан қуса керек. Сонда қыздар Құдайға «Елімді, жерімді жауға таптатқанша, мына жауды да, бізді де тасқа айналдыр!» деп жалбарынған екен дейді. Қыздардың тілегі қабыл болып, жау әскері тасқа айналады. Ол жер қазір Қаратас деп аталады. Ал қыздар әсемдене тізілген қайталанбас ескерткішке айналған деседі. Бұл ескерткіш тас мүсіндер Тұрбат ауылының солтүстік-шығысындағы Аққұм өзенінің бастау алар жерінде. Ауылдан 5-6 шақырым жердегі сарқырама жардың қасында.

Screenshot_18.png

Қырыққыз туралы келесі бір аңызда  ханның қыз ұзату тойының салтанаты өтіп жатқанда тосыннан жау әскері шабуыл жасап, ер-азаматтардың барлығын жайрататындығы айтылады. Мал-мүліктерді талап, таңдаулы деген қырық қызды ұстап, елдеріне әкеткелі жатқанда қыздар қолдарын көкке жайып, құдіретке «жатқа қор қылғанша сүйегіміз өз елімізде, өз жерімізде қалсын, бізді тас қыл» деп жалбарынған екен. Ақыры қыздардың ниеттері қабыл болып, бәрі бірге тасқа айналған деседі. Бір ерекшелігі, осы мүсіндер маңында алшақтау, жеке тас мүсін тұр. Бұл жөнінде ел арасында екі түрлі болжам бар. Бірінде оны күйеу тас десе, екіншісінде қыздарды іздеп шыққан ақ кимешекті ана десіп, бұл араны қасиетті орынға санап, қастерлеп жүреді.

«Көз ата әулие» кесенесіне зиярат етушілер көп
«Ғайып Ерен Қырық Шілтен» мінәжат орны абаттанып келеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу