«Көз ата әулие» кесенесіне зиярат етушілер көп

Oinet.kz 01-09-2022 518

Screenshot_15.png

Тарихи маңызы бар, киелі, адамдар тәу ететін нысандар бүгінде туризмге тың серпін беріп келеді. Өткен ғасырлардан сыр шертетін зиярат орындары Төле би ауданында да жетердік. Айталық Ақбастау ауылында орналасқан «Көз ата әулие» кесенесі мен бұлағына  осы күнге дейін келушілердің аяғы үзілген емес. Көзді емдейтін әулие кісі осы жерде қайтыс болғандықтан, жанары ауыратын жандар басына жиі келе бастаған.

Аңыздарда Көзді атаның есімі – Сейіткерім қары. Шамамен 1714 жылдары өмірге келген. 104 жас өмір сүрген, ислам дінін насихаттап, егін егіп, елді ашаршылықтан аман алып қалған екен. Көз ата әулие жерленген жердің дәл іргесінде үлкен қазандық орын бар. Бұл – Көз ата әулиенің бұлағының орны. 

Бағзы замандардың бірінде Қазығұрт тауын әрі әулие, әрі емші адам мекендепті. Ол емші болғанда көз ауруын ғана жазады екен. Сондықтан зағип болғандардың барлығы осы емшінің дақпыртын естіп, дертінен айығу үшін арнайы іздеп келіп, емделіп жүріпті, бір ғажабы, шын ниетімен емделуге келген сырқаттардың барлығы айығып кететін көрінеді.

Көз ата қайтыс болып, оқылған Құран аяқтала бергенде, жұрттың үрейін тудыратындай тосын дыбыс шығып, сол арадағы қатпар тастар қозғалғандай болады. Кенет тастардың арасынан тесік пайда болып, артыншы сарқырап су ағады.

Screenshot_16.png

Судың молдығы мен оның ағысының жылдамдығы соншалық, әп-сәтте сай-сала суға толып, еңіске қарай арна салып аға бастайды. Көз атаны жерлеуге келген дүйім жұрт қабір басынан жоғары шығып, «Әттеген-ай, әулие баба су астында қалатын болды ау!»» деп өкініш білдіріп тұрып қалыпты. Бірақ ғажабы сол, су қанша мол және әулие жерленген қабірдің дәл басынан шыққанымен, қабірді айнала ағып, арна салады. Мұны көрген халық «Ол – атаның әулиелігінен, кереметтігінен» депті. Ал сол бұлақ суынан ішіп, беті-қолын жуған адам көз ауруынан құлан-таза айығатын болыпты. Сөйтіп халық бұл бастауды «Көз ата бұлағы» деп атап кеткен.

 Туристік нысанға бүгінде  күніне шамамен  100-ге жуық адам келіп, зиярат етеді.  

«Мың шейіт» - әулиелі мекен
Тасқа айналған қыздар
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу