Түркістандық инвестор «Nurorda» мектебін салуға ниетті

Oinet.kz 13-11-2022 200

Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласында құрылыс саласында көптеген жобалар жүзеге асырылу үстінде. Соның бірі - «Nurorda» мектебінің құрылысы. Аталған бастама бойынша Түркістан облысының әкімі  Дархан Сатыбалды инвесторлармен кездесіп, жобаны талқылады.

Screenshot_49.jpg

Алдағы уақытта Түркістан қаласында 1000 оқушыға арналған үлкен мектеп салынбақ. Сонымен бірге 400 орындық жатақхана мен 320 орындық балабақша да бой көтермек. Облыс әкімі білім саласына инвестиция құямын деушілерге қолдау болатынын жеткізді. 

«Диал-Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы, инвестор Ғабит Маматрайымов аталған жобаның жоспары мен қаражаты дайын екенін, егер бірқатар ұйымдастыру жұмыстары реттелсе, құрылысты алдағы жылы бастайтынын айтты.

– Біз қазір өңірге инвестиция тарту жұмыстарын жандандырып жатырмыз. Жаңа мектеп саламын дейтін азаматтарды қолдаймыз. Ең бастысы, жұмыс кестесі бекітіліп, құрылыс уақтылы аяқталуы тиіс. Жерді алып, тиісті жұмыс жүргізбегендерден жер қайтарылады. Біздің білімге жауапты басқарма инвестормен тығыз байланыста жұмыс істеп, білім ұясының өңірге пайдалы болуына, адами әлеуетті арттыруға ықпал етуіне күш салғаны жөн, – деді Дархан Сатыбалды. 

Сонымен бірге инвесторға ауылдарда сапалы білім ұяларын ашу, білім саласынан өзге де инвестициялық жобаларға қаржы салуға, әріптестікті нығайту жөнінде ұсынысын жеткізді. 

 – Жиырма жылдан бері құрылыс саласындамын. Өзім Түркістанның тумасы болғандықтан осы қалаға мектеп ашуды перзенттік парызым деп есептеймін. 10 гектар аумақта үлкен мектеп, жатақхана және балабақша салуды жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге мектеп жанынан шағын саябақ даярланып, көгалдандыру жұмыстары да жүргізіледі. Мақсатымыз – өңір жастарының білім деңгейін көтеру, осы салаға көмектесу, – деді инвестор. 

 «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Өте осы қорға қарасты лицейлер мен «Nurorda» жеке меншік мектептерінің артықшылықтары мен мүмкіндіктері туралы баяндады. 

 Бүгінде «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қоры құрамында 30 мектеп-лицейлері бар. 1700-ге жуық мұғалім білім береді. Өткен оқу жылында 1969 түлектің 1185-і гранттарға ие болған.

Сауран ауданында скверлер мен саябақтар абаттандырылуда
Түркістан қаласында мұз айдыны салынуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу