«Өнерлі өлке»: Бәйдібек ауданының мәдениет күндері басталды

Oinet.kz 07-05-2023 224

11.jpg

 «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестиваль аясында Түркістан қаласында Бәйдібек ауданының мәдениет күндері басталды. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Шараға Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары Берік Тұрлыбеков, Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының бөлім басшысы Мұқағали Кенжетайұлы, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Өскен Алдамжаров, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерғали Есмырзаев қатысты.

Мерекелік шарада «Қолөнер – халқымыздың мұрасы» атты қылқалам және қолөнер шеберлерінің көрмесі мен «Бәйдібегім – туған өлкем, туған жерім, шежірем» атты аудан тарихынан сыр шертетін өлкетану көрмесі, «Салт-дәстүрім ғаламат – бабалардан аманат» атты сурет көрмесі жасақталған. Сонымен қатар Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына орай «Ой бәйге» облыстық интеллектуалды ойыны өтті.

Этноауылдағы думанда ұлттық спорт түрлері де ұмыт қалмады. «Ұлттық ойындар – ұлттық тәрбие құралы» атты спорт ойындарынан сайыс өтті. Атап айтқанда қазақ күресі, қол күресі, арқан тарту, гір тасын көтеру, ләңгі тебу, қошқар көтеру, асық атудан қала тұрғындары мен қонақтары бақ сынады. Жүзден жүйрік шыққан жеңімпаздар аудан әкімінің атынан марапатталды.

Мәдени-рухани шарада салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа негізделген көріністер көпшілік назарына ұсынылды. Қыз төркіндеу, құрсақ шашу мен қазан шегелеу сынды ұмыт қалған дәстүрлер көрсетіліп, жоралғылар жасалды. «Саз отау» ұлт-аспаптар оркестрінің концерті кеш көркін кіргізіп, киелі шаһарға келушілерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сондай-ақ дүйім жұрт ұлттық тағам түрлерінен дәм татып, ризашылықтарын білдірді.

Айта кетейік, ауданның мәдениет күрдері ертең де жалғасады. Яғни, 7 мамыр күні сағат 18:00-де «Visit Turkistan» орталығы алаңында Шаян халық театрының театрландырылған қойылымы, «Шаттық» ән-би ансамблінің, «Гүлдәурен» вокалды қыздар тобының, «Балауса» цирк ұжымының, сонымен қатар кеш қонағы – Заттыбек Көпбосынның және тағы басқа эстрада әншілерінің қатысуымен Гала-концерт өтеді.


Ордабасы: Сапалы жолдың үлесі көбейді
Кентауда «Плоггинг» шарасы өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу