«Өнерлі өлке»: Көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады

Oinet.kz 08-05-2023 158

13.jpg

Түркістан қаласында Түркістан облысының құрылғанына  5 жылдығына орай ұйымдастырылған «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестиваль аясында Бәйдібек ауданының мәдениет күндері өз мәресіне жетті. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

«Visit Turkistan» орталығы алаңында өткен гала-концерт Шаян халық театрының Бәйдібек баба мен Домалақ ана туралы тарихи қойылымымен басталды.

Салтанатты шараны Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары Берік Тұрлыбеков ашып берді. Ол өз сөзінде ауданның тарихы мен жетістіктеріне тоқталып, Түркістан тұрғындары мен қонақтарын облыстың 5 жылдығымен құттықтады. 

Мерекелік шара әрі қарай «Шаттық» ән-би ансамблінің, «Гүлдәурен» вокалды қыздар тобының, «Балауса» цирк ұжымының және «Саз отау» ұлт-аспаптар оркестрінің, сондай-ақ аудан өнерпаздарының қатысуымен концерттік бағдарламаға ұласты. Дәстүрлі әндер шырқалып, төл өнеріміз дәріптелген мерекелік концертті шетелден келген туристер де қызыға тамашалап, көтеріңкі көңіл күйде тарқасты.

Ал күні кеше Этноауылда «Қолөнер – халқымыздың мұрасы» атты қылқалам және қолөнер шеберлерінің көрмесі мен «Бәйдібегім – туған өлкем, туған жерім, шежірем» атты аудан тарихынан сыр шертетін өлкетану көрмесі, «Салт-дәстүрім ғаламат – бабалардан аманат» атты сурет көрмесі, сонымен қатар «Ой бәйге» облыстық интеллектуалды ойыны, «Ұлттық ойындар – ұлттық тәрбие құралы» атты спорт ойындарынан сайыс өткен болатын. Атап айтқанда қазақ күресі, қол күресі, арқан тарту, гір тасын көтеру, ләңгі тебу, қошқар көтеру, асық атудан қала тұрғындары мен қонақтары бақ сынап, жүзден жүйрік шыққандар жеңімпаздар аудан әкімінің атынан марапатталды. Мәдени-рухани шарада салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа негізделген көріністер көпшілік назарына ұсынылды. Қыз төркіндеу, құрсақ шашу мен қазан шегелеу сынды ұмыт қалған дәстүрлер көрсетіліп, жоралғылар жасалды. Сондай-ақ дүйім жұрт ұлттық тағам түрлерінен дәм татып, ризашылықтарын білдірген еді.

Айта кетейік, ұлттық мәдениет пен өнерімізді дамыту, Түркістанның туристік әлеуетін дамыту мақсатындағы сәуір-шілде айларында өтетін фестиваль көшін келесі аптада Қазығұрт ауданы жалғайтын болады.


Кентауда «Плоггинг» шарасы өтті
Түркістан: Инвестицияның көлемі көбейді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу