«AMANAT» Форумында мәслихат депутаты министрге халықтың аманатын жеткізді

Oinet.kz 01-07-2023 165

Қостанай облысындағы Шилі мен Милісай ауылдарында интернет жоқ. Орталықтан 600 шақырым қашықтықта орналасқан елдімекендерде мыңға жуық халық тұрады. Олар бүкіл ел аумағында жүргізілген цифрландыру бағдарламасынан тыс қалған. Бұл туралы «AMANAT» партиясынан сайланған барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының бірінші республикалық форумында Қостанай облысынан келген депутат Манат Карбозов министр Бағдат Мусинге айтты.

IMG-20230701-WA0023.jpg

«Облыс орталығынан 600 километр жерде орналасқан Шилі, Милісай ауылдарының тұрғындары интернеттің игілігін көре алмай отыр. Бұл екі ауылға Оңтүстіктен Солтүстікке қоныстандыру мемлекеттік бағдарламасы бойынша біраз азамат көшіп келіп, жұмыс істеп жатыр. Алайда ол жерде интернет жоқ. Жақында ғана аталған ауылдарға арнайы барғанымда, тұрғындар осы мәселені көтерді. Бұл – халықтың аманаты. Ауылды сақтап қалу үшін ол жерге жастар келуі керек. Сондықтан осы мәселені назарға алсаңыз», - деді халық қалаулысы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинге қарата.

Бұған жауап ретінде министр елімізде 2027 жылға дейін барлық ауылды интернетпен қамтамасыз ету жоспарланып отырғанын жеткізді.

«Жалпы алғанда елді мекендерді 100% интернетпен қамту 2027 жылға дейін қолға алынады. Ұлттық жобаны Президент мақұлдады. Енді Үкімет қаулысына қол қойғаннан кейін, жұмысты бастаймыз. 2024 жылдан бастап қаражат бөлінсе, біз барлық ауылдық елді мекендегі интернетке қолжетімділік мәселесін шешеміз», - деді Бағдат Мусин.

«AMANAT» партиясынан сайланған барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының бірінші республикалық форумына 3 мыңға жуық адам қатысса, олардың 2,5 мыңы – жергілікті өкілді органдардың аманаттық депутаттары.

Жиында «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда ұсынған «Әділетті Қазақстан мен Адал азамат» концепциясына ерекше назар аударды. Сондай-ақ, Форумда ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин және өңірлерден келген мәслихат депутаттары сөз сөйледі.



Комиссия отырысында жер қатынастары саласында анықталған заңбұзушылықтар талқыланды
Түркістан: Мақтаарал ауданының мәдениет күндері өз мәресіне жетті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу