«Күй құдыреті» байқауы мәресіне жетті

Oinet.kz 03-07-2023 361

48.jpg

 Түркістанда Ұлттық домбыра күніне және Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығына арналған республикалық «Күй құдіреті» атты күйшілер байқауы өтті. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Шараға Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев қатысып, жылы лебізін білдірді.

Күмбірлеген күй сайысына Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан, Атырау, Ақтөбе, Жамбыл, Павлодар, Абай, Қызылорда және Түркістан облысынан барлығы 23 күйші қатысып, бақ сынады. 

«Ұлы Дала Елі» орталығында өткен аталмыш байқауды Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасы, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырды. Екі кезеңнен тұратын байқауда қатысушылар билет таңдау арқылы шығарма орындады. І кезеңде Құрманғазы Сағырбайұлы шығармаларынан «Серпер», «Байжұма» мен «Төремұрат» күйлерінің бірін және Төлеген Момбеков шығармаларынан «Салтанат», «Қанағат» мен «Мешін» күйлерінің бірін орындады. Ал ІІ кезеңге өткен 14 қатысушы Сүгір Әлиұлы шығармаларынан «Қосбасар», «Наз қоңыр» мен «Шалқыма» күйлерінің бірін орындап, өнерін ортаға салды.

Сайысқа қатысушы өнерпаздардың өнерін бағалаушы қазылар құрамының қатарында Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялы филармониясы қазақ оркестрінің дирижері, ҚР Мәдениет қайраткері, күйші-композитор Нұрлан Бекенов, ҚР Мәдениет қайраткері, профессор Сәлімгерей Садықов, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Сүгір атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің бас дирижері Ерлан Дәуренбеков, ҚР Мәдениет саласының үздігі, ұстаз, күйші Шыңғыс Исаев, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық Консерваториясының магистрі, ұстаз Серік Пазылов болды. 

Үміткерлердің өнерін бағалау кезінде төрешілер орындаушылық шеберлігіне, шығарманың күрделілігіне, сахна мәдениеті мен ұлттық киіміне баса назар аударды. Жүзден жүйрік шыққан талантты анықтады. 

Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Абдужаббаров Сүндетке (Шымкент қаласы) бұйырды. Жүлделі І орынды Құлымбетов Жандос (Түркістан облысы), жүлделі ІІ орынды Әзімбаев Мейірбек (Тараз қаласы) пен Құдайбергенов Дарын (Астана қаласы), жүлделі ІІІ орынды Сәтім Ернар (Алматы қаласы), Қуандықов Нұрдәулет (Түркістан облысы) пен Жаншин Дәулет (Ақтөбе облысы) иемденді. Сонымен қатар Нұрмағанбетов Нартай (Қызылорда облысы) Құрманғазы атындағы арнайы жүлдемен, Жұмағали Серік (Алматы қаласы) Сүгір Әлі атындағы жүлдемен, Оразтаев Нұрсұлтан (Шымкент қаласы) Төлеген Момбеков атындағы жүлдемен марапатталды. 

Ал Тойшыбек Мағжанға (Түркістан облысы), Қызылғұлов Қанатқа (Атырау облысы), Матжан Нұрасылға (Алматы қаласы) және Айтмағанбетов Мейрамға (Астана қаласы) қаржылай жүлде табысталды. Байқау жеңімпаздарына арнайы диплом мен қаржылай сыйлықтар берілсе, барлық қатысушыға қатысқаны үшін алғыс хат табысталды.

Байқау мақсаты қазақ өнерін насихаттай отырып қазақ халқының мәдени мұрасының бірегейі – күй өнерін кеңінен насихаттау, күй орындау өнерін дамыту және талантты күй орындаушыларды анықтау, олардың шығармашылығына қолдау көрсету, халықтың рухани дүниетанымын кеңейту, күй атасы атанған Құрманғазы Сағырбайұлы мен жергілікті Түркістан өңірі күйшілері – Қаратау күйшілік өнерінің белді өкілі Сүгір Әлиұлының және шертпе күйдің шебері атанған Төлеген Момбековтің шығармаларын насихаттау болып саналады.


«Қазақтың үні-домбыра»
Түркістанға Мақтааралдан керуен келді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу