Түркістан: 805 миллион жалақы қарызы өндірілді

Oinet.kz 11-08-2023 192

3.jpg 

Түркістан облысында жыл басынан бері 6 мыңнан аса жұмысшының еңбек құқықтары қорғалды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының бақылау жөніндегі басқарма басшысы Айдос Исмайлов айтты.

Спикердің айтуынша, еңбек қатынастары саласында жыл басынан бері жалпы 602 шағым қаралып, 159 тексеру жүргізілген. Нәтижесінде, 227 заң бұзушылық анықталған. Осы ретте 193-і заңға сәйкестендірілсе, 34-і бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.

– Есепті мерзімде 6 292 жұмысшыға 824 млн теңге жалақы қарызына жол берген 11 кәсіпорын анықталды. Оның 805,5 млн теңгесі өндіріліп, 6 225 адамның еңбек құқықтары қорғалды. Заңға сәйкес мекеме басшыларына 2,4 млн теңге айыппұл салынды. Сондай-ақ, 7 ай қорытындысымен алғанда облыстағы 4 мекемеде 67 қызметкері алдындағы 18,6 млн теңге жалақы қарызды өндіру жұмыстары жүргізілуде, - деді Айдос Бахытжанұлы.

Сонымен қатар, басқарманың келесі бағыты бойынша биыл өңірде бюджет және жеке қаражат есебінен салынған ғимараттарда заң бұзышылық анықталып, 256 хаттама толтырылған. Оның 175-і – тапсырыс берушіге, 67-сі – мердігерге, 12-сі – техникалық қадағалаушыға, 2-і – авторлық қадағалаушыға тиесілі. Одан бөлек, заңсыз өз бетінше салынған құрылыстарды мәжбүрлеп бұздыру туралы 13 талап-арыз сотқа жолданған. Сондай-ақ, жыл басынан бері құрылыс саласында лицензия алуға, қайта тіркеуге, аттестат алуға 593 өтініш қабылданып, оның 391-і қанағаттандырылған.

Айта кетейік, Түркістан облысының бақылау жөніндегі басқармасы биыл наурыз айынан бастап сәулет-құрылыс бақылауы және еңбек қорғау салалары бойынша жұмыс істейді.


Отырар ауданы 2025 жылы сапалы ауыз сумен толық қамтылады
Мақтаралда 5 «Жайлы мектеп» құрылысы басталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу