Түркістанда веложолдарды жаңарту жұмыстары жүргізілуде

Түркістан қаласында экологиялық ахуалды жақсарту және тұрғындарға жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бағытында ауқымды абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары қарқынды түрде жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстар қаланың көркін арттырып қана қоймай, оның туристік тартымдылығын күшейтуге де ықпал етуде.
Осы мақсатта қала аумағында 2 миллионға жуық гүл көшеттері отырғызылды. Атап айтқанда, сәлбен, шырайгүл, барқытгүл, виола, катарантус, колеус секілді біржылдық және көпжылдық сәндік гүлдердің бірнеше түрі егілді. Түрлі түсті гүлдер қаланың келбетін айшықтап, тұрғындарға эстетикалық жағымды орта қалыптастыруда маңызды рөл атқаруда.
Гүл егу және көгалдандыру жұмыстары қаланың негізгі кіреберіс аймақтарын, әкімшілік-іскерлік орталықтарды, мәдени-рухани нысандарды қамтыған. Сонымен қатар, халықаралық және жергілікті туристік орындар маңы, орталық көшелер мен қоғамдық кеңістіктер де назардан тыс қалмаған. Бұл өз кезегінде Түркістанды заманауи әрі жасыл қала ретінде қалыптастыруға бағытталған кешенді жұмыстың бір бөлігі.
Жасыл желектерді сақтау және олардың қалыпты өсіп-өркендеуін қамтамасыз ету үшін агротехникалық шаралар да қатар жүргізілуде. Атап айтқанда, ағаштардың түптері әктеліп, топырағы қопсытылып, суару жүйелері ретке келтірілуде. Бұл жұмыстар көшеттердің жерсінуін жақсартып, ұзақ мерзімді экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, қалада жол инфрақұрылымын дамыту және тұрғындар үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру мақсатында веложолдарды жаңарту жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде. Қазіргі таңда Б.Саттархаев даңғылы бойында жалпы ұзындығы 8,5 шақырымды құрайтын веложол жаңартылып, заманауи талаптарға сай әрленуде.
Бұдан бөлек, Қызылорда тас жолы бойында 12 шақырым, Кентау тас жолында 3,5 шақырым, Байбүрт көшесінде 1 шақырым және С.Қожанов көшесінде 1,5 шақырым аумақта арнайы веложолақтар сызылып, пайдалануға дайындалуда. Бұл бастамалар қала тұрғындары арасында салауатты өмір салтын насихаттап, баламалы көлік түрлерін дамытуға серпін береді.
Жалпы алғанда, Түркістан қаласында жүргізіліп жатқан көгалдандыру және инфрақұрылымды дамыту жұмыстары қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға және өңірдің туристік әлеуетін күшейтуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады.


