Мемлекеттік қолдау – балық шаруашылығына демеу

Oinet.kz 05-05-2026

image.png

Түркістан облысында балық шаруашылығы саласы өңір экономикасының маңызды драйверлерінің біріне айналып келеді. Соңғы жылдары акваөсіру бағытында қолға алынған жүйелі жобалар мен мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде бұл сала қарқынды дамып, ауыл шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыруға айтарлықтай үлес қосуда. Балық өнімдеріне деген сұраныстың артуы, ішкі нарықты сапалы әрі қолжетімді өніммен қамту қажеттілігі саланың стратегиялық маңызын күшейтіп отыр.

Сонымен қатар, балық шаруашылығы ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашуға, кәсіпкерлікті дамытуға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға оң әсер етуде. Заманауи технологияларды енгізу арқылы өндіріс көлемін ұлғайту, су ресурстарын тиімді пайдалану және экологиялық тұрақтылықты сақтау бағытындағы жұмыстар да өз нәтижесін беруде. Бұл өз кезегінде Түркістан облысының аграрлық секторын әртараптандыруға және экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Төлеби ауданында балық шаруашылығы саласы қарқынды дамып, өңір экономикасының маңызды бағыттарының біріне айналып келеді. Соның айқын дәлелі – Киелітас ауылдық округінде жүзеге асырылып жатқан «FISH HOUSE» ЖШС жобасы. Аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов кәсіпорынға арнайы барып, өндірістік қызметімен танысып, атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға берді. Ол бұл саланың әлеуеті зор екенін атап өтіп, алдағы уақытта да қолдау жалғасатынын жеткізді.

Аталған жобаның жалпы инвестициялық құны 500 млн теңгені құрайды. Кәсіпорын жылына 450 тоннаға дейін балық өсіруге қауқарлы. Жоба аясында 25 жаңа жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік берілген. Қазіргі таңда серіктестік сазан шабағы мен бекіре тұқымдас балықтарды өсірумен айналысып отыр.

Сапар барысында жеке кәсіпкер Нұртас Шағыров шаруашылықтың даму жоспарын таныстырды. Оның айтуынша, кәсіпорында сазан балығын уылдырық арқылы көбейту және арнайы тоғандарда бекіре тұқымдас балықтарды өсіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Әсіресе бекіре өсіру ісінде су сапасы мен тұрақты бақылауға ерекше мән берілуде. Бұл – өнім сапасын арттырып, нарыққа бәсекеге қабілетті өнім шығарудың негізгі алғышарттарының бірі.

Жалпы, балық шаруашылығын дамыту – мемлекеттік деңгейде қолдау тапқан маңызды бағыттардың бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында бұл саланы дамыту қажеттігін атап өткен болатын. Осы тапсырмаға сәйкес балық шаруашылығын дамытудың 2021–2030 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданып, республика бойынша 270 мың тонна балық өсіру жоспары бекітілген.

Түркістан облысында да бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, өңірде акваөсіру саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Үкімет қаулысына сәйкес, 2030 жылға дейін облыста тауарлық балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға жеткізу көзделсе, 2026 жылға қарай бұл көрсеткішті 9 123 тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр. Бұл межелер өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағытталған.

Саланы қолдау мақсатында мемлекет тарапынан нақты қаржылық тетіктер қарастырылған. Атап айтқанда, 2026 жылға облыстық бюджеттен акваөсіру саласын субсидиялауға 500 млн теңге бөлінген. Сонымен қатар республикалық бюджет есебінен инвестициялық салымдардың бір бөлігін өтеуге 144 млн теңге қарастырылған. Бұл қолдау кәсіпкерлердің шығындарын азайтып, жаңа жобаларды іске асыруға ынталандырады.

Мемлекеттік қолдау шараларын тиімді түсіндіру үшін арнайы жұмысшы топ құрылған. Оның құрамына басқарма мамандары, балық шаруашылығы инспекциясы және ветеринария саласының өкілдері енген. Топтың негізгі міндеті – кәсіпкерлерге субсидия алу тәртібін, қажетті құжаттар тізбесін және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру шарттарын түсіндіру. Кездесулер барысында кәсіпкерлер тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар беріліп, тәжірибелік ұсыныстар ұсынылуда.

Қазіргі таңда облыс аумағында аквакультура саласында 200-ге жуық кәсіпкерлік субъект жұмыс істейді. Сонымен қатар өңірде жергілікті маңызы бар 104 су айдыны тіркелген. Оның ішінде 74 су айдыны кәсіпкерлерге бекітілсе, 30 су айдыны резервте тұр. Бұл – алдағы уақытта жаңа жобаларды жүзеге асыруға және саланы одан әрі дамытуға мүмкіндік бар екенін көрсетеді.

Жалпы алғанда, Төлеби ауданында жүзеге асырылып жатқан «FISH HOUSE» секілді жобалар балық шаруашылығын дамытуға тың серпін беріп, өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға, халықты жұмыспен қамтуға және сапалы отандық өнім көлемін ұлғайтуға ықпал етуде.

Түркістанда веложолдарды жаңарту жұмыстары жүргізілуде
Түркістан облысы мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге көтеріліп келеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу