Түркістан облысы мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге көтеріліп келеді

Oinet.kz 05-05-2026

image.png

Түркістан облысында халықаралық және өңіраралық ынтымақтастықты дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы ретте Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Бахтиер Ибрагимовмен кездесті. Кездесу барысында Түркістан облысы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтуға бағытталған өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды.

Келіссөздер барысында тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, мәдениет және туризм салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктеріне ерекше назар аударды. Әсіресе, өзара тауар айналымын арттыру, бірлескен өндіріс орындарын ашу, жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ өңіраралық байланысты күшейту мәселелері негізгі басымдықтардың бірі ретінде қарастырылды. Сонымен қатар туризм саласында бірлескен бағыттарды дамыту, туристік маршруттарды көбейту және екі ел азаматтары үшін қолайлы жағдай жасау мәселелері де күн тәртібінен түскен жоқ.

Аталған бағыттағы жұмыстар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев арасындағы жоғары деңгейдегі келісімдер аясында жүзеге асырылып келеді. Екі мемлекет басшыларының өзара сенімі мен тығыз байланысы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамуына серпін беріп отыр. Соның нәтижесінде өңіраралық байланыстар жаңа деңгейге көтеріліп, нақты жобалар арқылы нығая түсуде.

Кездесу барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан облысы мен Өзбекстанның шекаралас өңірлері тарихи, мәдени және экономикалық тұрғыдан тығыз байланыста екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл байланыстарды одан әрі тереңдету – өңірлердің ортақ дамуына жол ашады. Осы орайда шекара маңы ынтымақтастығын дамыту, көлік-логистикалық инфрақұрылымды жетілдіру, туризм және кәсіпкерлік салаларында бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері кеңінен талқыланды.

– Қазақстан мен Өзбекстан – тарихи тамыры бір, бауырлас елдер. Мемлекет басшыларының жүргізіп отырған саясатының арқасында екі ел арасындағы қарым-қатынас жаңа деңгейге көтерілді. Түркістан облысы бұл бағыттағы байланыстарды одан әрі нығайтуға мүдделі. Біз сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз. Өзбекстан – бізге ең жақын әрі сенімді серіктестердің бірі, – деді өңір басшысы.

Сонымен қатар ол «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заң қабылдануы өңірдің дамуына тың серпін бергенін атап өтті. Бүгінде Түркістан қаласы қарқынды дамып, халықаралық деңгейдегі туристік және мәдени орталыққа айналып келеді. Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану арқылы екіжақты туризмді дамытуға жол ашылып отыр.

Кездесу барысында Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті жан-жақты таныстырылды. Өңірде жаңа өндіріс орындарын ашу, бірлескен кәсіпорындар құру және шетелдік инвестицияларды тарту бағытында нақты ұсыныстар айтылды. Атап айтқанда, мақта-тоқыма кластерін дамыту, агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту, сондай-ақ өнеркәсіптік кооперацияны күшейту мәселелері сөз болды. Бұл бағытта «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы аясында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқаны атап өтілді.

Өңір басшысы Түркістан облысының экономикалық әлеуетіне де тоқталып өтті. Бүгінде облыс ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша республикада жетекші орында. Сонымен қатар ет өнеркәсібінде де маңызды үлеске ие: Қазақстан бойынша ірі қара етінің экспортының 80 пайызын және ұсақ мал етінің 75 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Бұл көрсеткіштер өңірдің аграрлық әлеуетінің жоғары екенін айқын дәлелдейді.

Инвестициялық ахуалға келер болсақ, облыста инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалған. Қазіргі таңда 21 индустриялық аймақ пен «Turan» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істеп тұр. Бұл алаңдарда кәсіпкерлерге салықтық жеңілдіктер ұсынылып, инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Соның арқасында жаңа өндірістер ашылып, өңір экономикасына қосымша серпін берілуде.

Өз кезегінде Бахтиер Ибрагимов Түркістан облысының даму қарқынына жоғары баға беріп, екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін жеткізді.

– Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы байланыс терең әрі берік. Түркістан – біз үшін ерекше маңызға ие өңір. Біз өзбекстандық кәсіпкерлер мен инвесторларды осы аймаққа бағыттап келеміз. Туризм мен кәсіпкерлікті дамыту – басты басымдықтардың бірі. Түркістанның туристік әлеуеті өте жоғары, – деді елші.

Айта кетейік, Түркістан облысында инвестиция тарту – негізгі бағыттардың бірі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысы мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 560 млн АҚШ долларын құрады. Оның ішінде экспорт көлемі 409,5 млн доллар болса, импорт 150,5 млн долларды құраған. Бұл көрсеткіштер екіжақты сауда-экономикалық байланыстың тұрақты өсіп келе жатқанын көрсетеді.

Сонымен қатар Өзбекстаннан Қазақстанға тартылған тікелей инвестициялар көлемі 292,8 млн АҚШ долларына жеткен. Қазіргі таңда бірқатар ірі бірлескен жобалар жүзеге асырылуда. Олардың қатарында ет өңдеу кешенін салу, Сауран ауданында суару жүйелерін өндіретін зауыт ашу және балық шаруашылығын дамыту жобалары бар.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға дайын екендерін білдіріп, өзара тиімді жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға уағдаласты. Жалпы алғанда, бұл кездесу Түркістан облысы мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп, экономикалық және мәдени байланыстарды одан әрі дамытуға жол ашатын маңызды қадам болды.

Мемлекеттік қолдау – балық шаруашылығына демеу
Нұралхан Көшеров: тарихи ескерткіштер – туризмнің тірегі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу