Нұралхан Көшеров: тарихи ескерткіштер – туризмнің тірегі

Oinet.kz 05-05-2026

image.png

Түркістан облысында тарихи-мәдени мұраларды сақтау және оларды туризм саласын дамытуда тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы мақсатта Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетіне қарасты «Қазқайтажаңарту» республикалық мемлекеттік кәсіпорны бас директоры Олжас Шарияздановпен және кәсіпорынның Тараз филиалының директоры Нуртулла Бекбергеновпен кездесті.

Кездесу барысында Сауран қалашығы аумағында орналасқан тербелмелі қос мұнара жобасы жан-жақты талқыланды. Тараптар тарихи нысандарды ғылыми негізде, заманауи технологияларды пайдалана отырып, сол дәуірдегі қалпын сақтай отырып қайта қалпына келтіру мәселесіне ерекше назар аударды. Бұл бастама тарихи ескерткіштің түпнұсқалық болмысын бұзбай, оның инженерлік және архитектуралық ерекшеліктерін дәлме-дәл жаңғыртуға бағытталған.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров тарихи ескерткіштерді қорғау мен туризмді дамыту – өңір үшін стратегиялық маңызы бар бағыттардың бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, Түркістан – киелі орындар мен көне өркениет іздері сақталған ерекше өңір, сондықтан тарихи мұраны сақтау және оны ұтымды пайдалану – басты міндеттердің бірі.

– Түркістан – киелі орындар мен тарихи ескерткіштерге бай өлке. Осы мұраны ұтымды пайдалану, тарихи-мәдени құндылықтарды сақтау және туризм саласын дамыту – бізге жүктелген маңызды міндеттердің бірі. Бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу үшін Күлтөбе, Отырар және Сауран қалашықтары ұсынылып отыр. Бұл бастама өңірдің тарихи маңызын арттырып қана қоймай, туристік әлеуетін де жаңа деңгейге көтереді, – деді өңір басшысы.

Кездесу барысында «Қазқайтажаңарту» кәсіпорнының бас директоры Олжас Шариязданов Сауран қалашығы аумағындағы қос мұнараны қалпына келтіруге қатысты ғылыми-техникалық ұсыныстарын ортаға салды. Мамандардың айтуынша, нысанды қайта жаңғырту барысында археологиялық деректер, тарихи құжаттар және заманауи инженерлік тәсілдер кешенді түрде қолданылмақ.

Сонымен қатар тарихи ескерткіштерді сақтау, қорғау аймақтарын нақтылау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері де талқыланды. Бұл жұмыстар тек мұраны сақтап қалуға ғана емес, сонымен қатар Сауран қалашығын туристік орталық ретінде дамытуға да үлкен мүмкіндік береді.

Тараптар жобаны жан-жақты зерделеу, ғылыми сараптамалар жүргізу және алдағы кезеңде нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеу жөнінде уағдаласты. Кездесу қорытындысында тарихи мұраларды сақтау мен қайта жаңғырту бағытындағы бірлескен жұмыстарды күшейтуге дайын екені айтылды.

Жалпы алғанда, бұл бастама Түркістан облысының тарихи-мәдени әлеуетін арттырып, өңірді халықаралық деңгейдегі туризм орталығы ретінде дамытуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.

Түркістан облысы мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге көтеріліп келеді
Серік Мамытов: базарлардағы тәртіп пен қауіпсіздік бақылауда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу