Серік Мамытов: базарлардағы тәртіп пен қауіпсіздік бақылауда

Жетісай ауданында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға кең мүмкіндік жасалып, бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Ауданда бизнестің заңды әрі ашық жұмыс істеуіне ерекше назар аударылып, кәсіпкерлер үшін қолайлы орта қалыптастыру басты міндеттердің бірі ретінде айқындалған. Сонымен қатар тұрғындардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында санитарлық талаптар, өрт қауіпсіздігі және сауда ережелерін сақтау қатаң бақылауға алынған.
Осыған байланысты аудан әкімі Серік Мамытов тапсырмасымен арнайы жұмысшы топ құрылып, базарлар мен сауда орындарында рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Негізгі мақсат – заңсыз сауда нүктелерін ретке келтіру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау.
Жүргізілген тексерістер барысында рұқсатсыз ашылған сауда орындарының қызметін тоқтату, бақша және көкөніс өнімдерінің құрамындағы нитрат мөлшерінің талаптарға сәйкестігін бақылау, сондай-ақ сауда нысандарындағы өрт және техникалық қауіпсіздік ережелерінің сақталуын қадағалау мәселелері қарастырылуда. Сонымен қатар базар аумақтарындағы санитарлық тазалықтың жай-күйі мен құрылыс нормаларының орындалуына да ерекше назар аударылуда.
Осы мақсатта аудан басшысы қала аумағындағы бірқатар базарларды аралап, нақты жағдаймен танысты. Атап айтқанда, «Күлпаршын» және «Қарақай» базарларында болып, М.Әуезов көшесі, С.Қожанов көшесі бойындағы ретсіз сауда орындары мен Ш.Құдайбердиев көшесі бойындағы заңсыз автотұрақ иелеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Бұл шаралар құқықтық тәртіпті нығайтуға және қала келбетін жақсартуға бағытталған.
Зерделеу нәтижесінде кейбір тұрғындардың күнкөріс табу мақсатында тазалық талаптарын елемей, заң бұзушылықтарға жол бергені анықталды. Атап айтқанда, су қашыртқыларының үстіне сауда дүңгіршектерін орналастыру, арық-атыздарды қоқыспен толтыру және қоғамдық тамақтану орындарында өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау фактілері тіркелді. Осыған байланысты тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар беріліп, кемшіліктерді жою бойынша шұғыл шаралар қабылдау жүктелді.
Сонымен қатар базар басшыларына кәмелетке толмаған жасөспірімдердің саудаға тартылуына жол бермеу, ретсіз саудамен айналысатын азаматтарды заңды сауда орындарына орналастыру, әрбір сауда нүктесінде өрт және техникалық қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз ету міндеттелді. Сондай-ақ сатушылар мен сатып алушылар үшін қолайлы жағдай жасау, инфрақұрылымды ретке келтіру және қызмет сапасын арттыру қажеттігі айтылды.
Жалпы бұл бағыттағы жұмыстардың негізгі мақсаты – тұрғындарды табыс көзінен айыру емес, керісінше кәсіпкерлерді заң шеңберінде жұмыс істеуге бейімдеу. Бұл өз кезегінде мемлекетке түсетін салық түсімдерін арттырып, көлеңкелі экономиканың үлесін азайтуға ықпал етеді. Сонымен бірге адам өмірі мен денсаулығына тікелей әсер ететін санитарлық, өрт және техникалық қауіпсіздік нормаларын толық сақтау арқылы қоғамдағы қауіпсіздік деңгейін арттыру көзделіп отыр.
Жетісай ауданында жүргізіліп жатқан бұл кешенді шаралар алдағы уақытта да жалғасып, кәсіпкерліктің дамуына қолайлы жағдай жасаумен қатар, заң мен тәртіптің сақталуын қамтамасыз етуге бағытталатын болады.


