Заң мен тәртіп ғаламторда сақталады

Oinet.kz 05-06-2026

6602b641b4590804ede5b77973c12b7e.jpg

Цифрлық технологиялар қарқынды дамыған заманда интернет арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттер де көбейіп келеді. Әсіресе қаржы айналымы жоғары сауда саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін киберқауіпсіздік мәселесі ерекше маңызға ие. Осыған байланысты Шымкент қаласының Абай аудандық прокуратурасы полиция қызметкерлері және «Киберпол» мамандарымен бірлесіп, алтын бұйымдарын сатумен айналысатын кәсіпкерлермен профилактикалық кездесу өткізді.

Іс-шараға «Самал» және «Алаш» базарларындағы кәсіпкерлер қатысып, интернет-алаяқтықтан қорғану жолдары мен қаржылық қауіпсіздік мәселелері бойынша жан-жақты ақпарат алды. Кездесудің мақсаты – кәсіпкерлердің құқықтық және цифрлық сауаттылығын арттыру.

Соңғы жылдары алаяқтар азаматтардың сеніміне кіру үшін түрлі әдістерді қолдануда. Жалған төлем түбіртектерін жіберу, фишингтік сілтемелер тарату, банктік қосымшаларға заңсыз қол жеткізу және жеке мәліметтерді алдап алу фактілері жиілеген. Мұндай әрекеттер кәсіпкерлерге елеулі материалдық шығын келтіріп қана қоймай, олардың кәсібіне де кері әсерін тигізеді.

Кездесу барысында кәсіпкерлерге күмәнді сілтемелерге өтпеу, банк карталарының құпия мәліметтерін ешкімге бермеу, онлайн төлемдерді мұқият тексеру және қауіпсіздік талаптарын сақтау жөнінде нақты ұсыныстар берілді. Сонымен қатар интернет арқылы жасалатын алаяқтықтың кең таралған түрлері түсіндіріліп, нақты мысалдар келтірілді.

«Заң мен тәртіп» қағидаты цифрлық кеңістікте де сақталуы тиіс. Өйткені қазіргі таңда бизнестің едәуір бөлігі интернет арқылы жүргізіледі. Сондықтан кәсіпкерлердің киберқауіпсіздік талаптарын білуі мен сақтауы олардың қаржысын және мүлкін қорғаудың маңызды шарты болып саналады.

Құқық қорғау органдары ұйымдастырған мұндай кездесулер қылмыстың салдарымен күресуден бұрын оның алдын алуға бағытталған тиімді қадамдардың бірі. Кәсіпкерлердің құқықтық және цифрлық сауатын арттыру арқылы қауіпсіз бизнес ортасын қалыптастыруға мүмкіндік туады.

Адал кәсіпкерлік пен экономикалық тұрақтылық заң үстемдігіне тікелей байланысты. Сондықтан әрбір кәсіпкер қаржылық қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарап, интернет кеңістігіндегі қауіп-қатерлерден сақ болуы қажет. Бұл өз кезегінде қоғамдағы құқықтық мәдениетті нығайтып, оның қалыптасуына ықпал етеді.

«Автобус» шарасы – жолдағы қауіпсіздік кепілі
Тазалық пен тәртіп – ортақ жауапкершілік
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу