Тазалық пен тәртіп – ортақ жауапкершілік

Бүгінде Мемлекет басшысы ұсынған «Заң мен Тәртіп» қағидаты мен жалпыұлттық «Таза Қазақстан» акциясы өзара сабақтас ұғымға айналып отыр. Өйткені тазалық сақталған жерде қоғамдық мәдениет қалыптасып, заң мен тәртіпке құрмет артады. Осы бағытта Шымкент қаласының Еңбекші ауданында құқықтық тәртіпті нығайту мен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға арналған жүйелі жұмыстар жалғасуда.
Жуырда аудан прокуратурасының ұйымдастыруымен М.Тынышпаев атындағы ALT Шымкент көлік колледжінің студенттерімен профилактикалық кездесу өтті. Іс-шараның мақсаты – жастардың құқықтық және экологиялық сауатын арттыру, қоғамдық орындардағы тәртіпті сақтаудың маңызын түсіндіру және азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру.
Кездесу барысында студенттерге тазалық пен тәртіптің өзара тығыз байланысты екені түсіндірілді. Мамандар қоғамдық орындарға қоқыс тастау, ортақ мүлікті бүлдіру, қоршаған ортаға немқұрайлы қарау секілді әрекеттердің құқықтық салдары бар екенін атап өтті. Сондай-ақ жастарға заң бұзушылықтың кез келген түріне бейжай қарамау қажеттігі айтылды.
Прокуратураның бұл бағыттағы жұмысы тек түсіндіру шараларымен шектелмейді. Қала аумағында есірткі құралдарын насихаттайтын заңсыз жазулар мен граффити белгілерін анықтау және жою бойынша тұрақты жұмыстар жүргізілуде. Мұндай жазулар қаланың көркін бұзып қана қоймай, жастарды қылмыстық әрекеттерге тартудың құралына айналуы мүмкін. Сондықтан оларды дер кезінде жою қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды бөлігі саналады.
Қала тазалығы мен қауіпсіздігіне әрбір тұрғын жауапты. Қоғамдық орындардағы заңсыз әрекеттерді, вандализм фактілерін немесе есірткі жарнамаларын байқаған азаматтар тиісті органдарға хабарлап, құқықтық тәртіпті сақтауға өз үлесін қоса алады.
Қазіргі таңда құқықтық мәдениетті қалыптастыру тек заң талаптарын түсіндірумен ғана шектелмейді. Ол азаматтардың қоршаған ортаға, қоғамдық мүлікке және өз қаласына деген жауапкершілігін арттыру арқылы жүзеге асады. Әсіресе жастардың бойында тазалықты сақтау, заңды құрметтеу және қоғамдық тәртіпке бейжай қарамау дағдыларын қалыптастырудың маңызы зор.
Таза қала – өркениетті қоғамның айнасы. Ал заң мен тәртіпке негізделген орта тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы өмір сүруіне мүмкіндік береді.


