Темекінің барлық түрі зиян

Дүниежүзілік темекісіз күн қарсаңында Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасына қарасты Психикалық денсаулық орталығының ұйымдастыруымен темекі тұтынудың зияны мен оның қоғам денсаулығына әсерін талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шарада тұрғындардың темекі өнімдерінің адам ағзасына тигізетін кері әсері туралы ақпараттық сауаттылығын арттыру, зиянды әдеттердің алдын алу және салауатты өмір салты кеңінен насихатталды.
Жиынға психиатрлар, наркологтар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, жастар ұйымдарының өкілдері, ЖИТС орталығының мамандары, сондай-ақ білім беру және денсаулық сақтау саласының қызметкерлері қатысты. Бұл темекіге қарсы күрестің тек медицина мамандарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін көрсетті.
Кездесу барысында мамандар темекі шегудің адам денсаулығына тигізетін зардаптарына жан-жақты тоқталды. Олардың айтуынша, никотинге тәуелділік жүрек-қан тамырлары ауруларының, өкпе обырының және тыныс алу жүйесінің созылмалы сырқаттарының негізгі қауіп факторларының бірі болып саналады.
Жоғары санатты психотерапевт дәрігер Раушан Баймұрынова темекі түтінінің қауіптілігіне тоқталып, бұл мәселенің әрбір азамат үшін өзекті екенін айтты. Оның пікірінше, темекі көптеген ауыр дерттердің туындауына себеп болып қана қоймай, айналадағы адамдардың денсаулығына да зиян келтіреді.
Жиында соңғы жылдары жастар арасында электронды темекі мен вейп өнімдерін пайдалану кең таралып келе жатқаны да сөз болды. Кейбір адамдар бұл өнімдерді дәстүрлі темекіге қарағанда қауіпсіз деп қабылдайды. Алайда мамандар мұндай пікірдің жаңсақ түсінік екенін айтып, олардың құрамында да адам ағзасына зиян келтіретін химиялық заттар мен никотин бар екенін ескертті. Сондықтан электронды темекі мен вейп те тәуелділік қалыптастырып, денсаулыққа елеулі қауіп төндіреді.
Дөңгелек үстелде салауатты өмір салтын қалыптастырудағы отбасының рөліне де ерекше назар аударылды. Спикерлердің айтуынша, баланың өмірлік ұстанымы мен денсаулыққа деген көзқарасы ең алдымен отбасында қалыптасады. Сондықтан ата-ананың жеке үлгісі мен дұрыс тәрбиесі жас ұрпақтың зиянды әдеттерден аулақ болып, саналы өмір салтын ұстануына негіз болады. Мамандардың пікірінше, қоғам денсаулығын нығайту әр азаматтың өзінен басталады.


