Өнер арқылы өрілген өнеге

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Шымкент жастар театрында «Жан Дауа» психологиялық драмасы сахналанып, жас көрермендерге тағылымы терең туынды ұсынылды. Шымкент қаласы прокуратурасы мен Шымкент қаласы Полиция департаментінің қолдауымен ұйымдастырылған мәдени іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында нашақорлықтың алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ қоғамда заң мен тәртіп қағидаттарын орнықтыру болды.
Қойылымды қаладағы колледждердің бірінші курс студенттері тамашалады. Жас көрермендер бүгінгі қоғам үшін аса өзекті мәселелердің бірі – есірткіге тәуелділіктің адам тағдырына тигізетін ауыр зардаптары туралы терең ой түйіп, өмірлік құндылықтардың мәнін жаңаша бағамдауға мүмкіндік алды.
«Жан Дауа» драмасы өмір жолындағы күрделі таңдау, жауапкершілік, адамгершілік секілді маңызды ұғымдарды арқау етеді. Сахналық қойылымда зиянды әдеттердің адам өмірін тұйыққа тірейтіні, ал саналы шешім мен берік ерік-жігердің жарқын болашаққа бастайтыны әсерлі көріністер арқылы шебер бейнеленген. Кейіпкерлер тағдыры арқылы көрерменге ой салған туынды жастарды теріс әрекеттерден сақтануға үндейді.
Қойылым барысында студенттер есірткінің жеке адамға ғана емес, оның отбасы мен қоғамға да орасан зиян келтіретінін терең сезінді. Театр өнерінің тәрбиелік мүмкіндігін ұтымды пайдаланған шығармашылық ұжым көрермендердің санасына маңызды ой салып, олардың азаматтық ұстанымын қалыптастыруға ықпал етті.
Іс-шара аясында жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Мамандар есірткіге қарсы құқықтық сауаттылық құқық бұзушылықтың алдын алудың және қауіпсіз қоғам қалыптастырудың маңызды тетігі екенін атап өтті. Заң талаптарын білу, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және зиянды әдеттерден аулақ болу – әрбір жас азаматтың болашағына берік негіз қалайды.
Өкінішке қарай, кейбір жастар есірткіге қатысты құқық бұзушылықтардың салдарын толық бағамдай бермейді. Жеңіл табысқа қызығу немесе теріс ықпалға еріп кету олардың өмірлік мүмкіндіктерін шектеп, білім алуына, еңбек етуіне және қоғамдағы өз орнын табуына кедергі келтіруі мүмкін.


