Цифрлық дәуірдегі қылмысқа қарсы күрес

Oinet.kz 08-06-2026

02_information_security.jpg

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде криптоактивтер мен цифрлық дәлелдемелерді анықтау, құжаттау, алып қою және зерттеу мәселелеріне арналған өңірлік семинар-практикум өтті. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыруды көздеген жиынға Шымкент қаласы, Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстары полиция департаменттерінің тергеушілері мен анықтаушылары қатысты.

Семинардың ашылуында Ішкі істер министрлігі Заң және нормативтік үйлестіру департаменті басқармасының бастығы Талғат Тажин мен Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары Еркебұлан Ережепов сөз сөйлеп, цифрландыру үдерісі қарқынды дамыған кезеңде құқық қорғау органдарының алдында тұрған жаңа міндеттерге тоқталды. Олар киберқылмыстардың сипаты өзгеріп, күрделене түскенін атап өтіп, осы бағытта қызметкерлердің заманауи білім мен тәжірибені меңгеруі аса маңызды екенін айтты.

Оқу-практикалық іс-шара барысында ІІМ Орталық криминалистикалық департаментінің мамандары қатысушыларға блокчейн технологиясының жұмыс істеу қағидаттарын түсіндірді. Сонымен қатар криптовалюта нарығының ерекшеліктері, криптобиржалардың қызметі, цифрлық активтердің қозғалысын бақылау және оларды қылмыстық істер бойынша дәлелдеме ретінде пайдалану тетіктері жан-жақты талқыланды.

Қазіргі таңда цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы қоғам өмірін жеңілдетумен қатар жаңа қауіп-қатерлердің де туындауына себеп болып отыр. Интернет алаяқтығы, жалған ақпарат тарату, жеке деректерді заңсыз пайдалану секілді құқық бұзушылықтар жиілеп келеді. Мұндай жағдайда азаматтардың цифрлық-құқықтық сауаттылығы ерекше маңызға ие. Өйткені интернет кеңістігіндегі әрбір әрекет белгілі бір құқықтық жауапкершілікпен астасып жатады.

Семинар аясында Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері де өз тәжірибелерімен бөлісті. Бүгінде қылмыстық әрекеттердің бір бөлігі виртуалды кеңістікке ауысқан. Сондықтан цифрлық дәлелдемелермен жұмыс істеу дағдыларын жетілдіру, криптоактивтерге қатысты құқық бұзушылықтарды анықтау әдістерін меңгеру және халықаралық тәжірибені игеру құқық қорғау органдары үшін стратегиялық маңызға ие.

«Жас сақшы» – жауапкершілік мектебі
Киберқауіпсіздік – уақыт талабы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу