Киберқауіпсіздік – уақыт талабы

Oinet.kz 09-06-2026

cyber-security-article.jpg

Цифрлық технологиялар қоғам өмірінің барлық саласына дендеп енген бүгінгі кезеңде киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету мен интернет-алаяқтықтың алдын алу өзекті мәселеге айналып отыр. Осыған байланысты Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы әкімінің аппараты қызметкерлерімен киберқылмысқа қарсы іс-қимыл және азаматтардың цифрлық қауіпсіздігін арттыру бағытында профилактикалық кездесу ұйымдастырылды.

Іс-шара барысында құқық қорғау саласының мамандары соңғы уақытта кең таралған интернет-алаяқтық түрлері туралы жан-жақты ақпарат берді. Атап айтқанда, өзін банк қызметкері, құқық қорғау органы өкілі немесе түрлі ұйымдардың маманы ретінде таныстырып, азаматтардың сеніміне кіру арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттердің көбейгені айтылды. Сонымен қатар жалған қоңыраулар, күмәнді сілтемелер, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы таралатын зиянды хабарламалардан сақтану жолдары түсіндірілді.

Кездесу барысында жеке деректердің қауіпсіздігін сақтау мәселесіне ерекше назар аударылды. Мамандар азаматтарды банк карталарының деректерін, құпия кодтарды және жеке ақпараттарын бөгде адамдарға бермеуге шақырды. Өйткені киберқылмыскерлердің негізгі мақсаты – азаматтардың жеке мәліметтерін пайдалану арқылы қаржылық пайда табу. Сондықтан әрбір адамның цифрлық сауаттылығы мен сақтығы маңызды қорғаныс құралы болып саналады.

Жиынға қатысқан әкімдік қызметкерлері өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, нақты жауаптар алды. Олар киберқауіпсіздік саласындағы білімдерін жетілдірудің маңызын атап өтіп, құқық қорғау органдарымен алдағы уақытта да тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеуге дайын екендерін жеткізді.

Мемлекеттік қызметкерлер қоғам мен билік арасындағы алтын көпір іспетті. Олар халықпен күнделікті байланыста болып, тұрғындардың өтініштері мен мәселелерін шешуге атсалысады. Сондықтан мемлекеттік қызметшілердің құқықтық әрі цифрлық сауаттылығы жоғары болуы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ерекше рөл атқарады. Сауатты маман алаяқтық әрекеттерді дер кезінде танып, олардың алдын алуға ықпал ете алады.

Бүгінде Шымкент қаласында жүзеге асырылып жатқан «Заң мен тәртіп» қағидаты қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған. 

Цифрлық дәуірдегі қылмысқа қарсы күрес
Қауіпсіз ел – қауіпсіз болашақ кепілі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу