Қауіпсіз ел – қауіпсіз болашақ кепілі

Oinet.kz 09-06-2026

d3a24c51146ea2925de6773ea33aff4b.jpg

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен құқық бұзушылықтардың алдын алу бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Осы бағытта жүзеге асырылып жатқан «Қауіпсіз ел» жобасы мегаполистегі тәртіп пен тұрақтылықты нығайтуға, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға және жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға ерекше серпін беріп келеді.

Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орай ұйымдастырылған айлық аясында Шымкент қаласында кең ауқымды есірткіге қарсы профилактикалық акция өтті. Қала полициясы мен жергілікті атқарушы органдардың бастамасымен өткен іс-шараға 1500-ге жуық адам қатысып, қоғамды алаңдатқан өзекті мәселеге бейжай қарамайтынын көрсетті. Акцияға құқық қорғау органдарының қызметкерлері, мемлекеттік мекеме өкілдері, еріктілер, студенттер мен спортшылар жұмылдырылды.

Шара барысында қала аумағында арнайы мониторинг жүргізіліп, есірткі құралдарын насихаттайтын және заңсыз интернет-ресурстарға сілтеме беретін 300-ге жуық наркограффити анықталып, жойылды. Көпқабатты тұрғын үйлердің қабырғаларына, қоршаулар мен қоғамдық орындарға жазылған мұндай белгілер жасөспірімдерді заңсыз әрекеттерге тартудың жасырын тәсілдерінің бірі саналады. Сондықтан олардың дер кезінде анықталып, жойылуы жастарды зиянды ақпараттың ықпалынан қорғаудың тиімді тетігі болып отыр.

Акция аясында тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, есірткінің адам денсаулығына, отбасы берекесіне және қоғамның дамуына тигізетін зардаптары жан-жақты түсіндірілді. Мамандар жастардың тек есірткіден ғана емес, темекі мен алкогольден де аулақ болуы қажеттігін айтты. Өйткені бұл зиянды әдеттер адамның денсаулығына нұқсан келтіріп қана қоймай, оның білім алуына, еңбекке қабілеттілігіне және болашақтағы мүмкіндіктеріне кері әсер етеді.

Бүгінде есірткіге қарсы күрес құқық қорғау органдарының ғана емес, тұтас қоғамның ортақ міндетіне айналып отыр. Жас ұрпақтың бойына салауатты өмір салтының құндылықтарын сіңіру, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және зиянды әдеттердің алдын алу – ұлт болашағына жасалған инвестиция. Шымкентте өткен бұл акция қоғам назарын маңызды мәселеге аударып қана қоймай, есірткісіз әрі қауіпсіз орта қалыптастыру үшін күш-жігердің маңызын айқындады.

Киберқауіпсіздік – уақыт талабы
Құқықбұзушылыққа қарсы күрес күшейді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу