Құқықбұзушылыққа қарсы күрес күшейді

Oinet.kz 09-06-2026

48b90637-bba8-4d54-86d6-76c7cc891437.jpeg

Шымкент қаласында есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық іс-шаралармен қатар, құқық қорғау органдары есірткі қылмыстарын анықтау және олардың жолын кесу бойынша нақты нәтижелерге қол жеткізуде.

Жуырда қала полицейлері жүргізген жедел-профилактикалық шаралар барысында синтетикалық есірткі заттарын таратумен айналысты деген күдікке ілінген азаматша ұсталды. Арнайы операцияны Шымкент қаласы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жүзеге асырған.

Күдіктіні ұстау кезінде оның жеке заттары мұқият тексеріліп, нәтижесінде сөмкесінен жалпы салмағы екі келіге жуық мефедрон салынған төрт пакет табылды. Сонымен қатар есірткіні мөлшерлеп бөліп, таратуға арналған электронды таразы мен арнайы зип-пакеттер тәркіленді. Бұл заттар күдіктінің заңсыз айналымға дайындық жүргізгенін көрсететін маңызды айғақтардың бірі ретінде қарастырылуда.

Жедел іздестіру шаралары одан әрі жалғасып, күдіктінің жалдап тұрған пәтеріне тінту жүргізілді. Нәтижесінде әрқайсысының салмағы бес грамм болатын 32 орама синтетикалық есірткі анықталды. Тергеу органдарының мәліметінше, тәркіленген заттар заңсыз нарыққа шығаруға дайындалған болуы мүмкін.

Синтетикалық есірткілер соңғы жылдары қоғам үшін аса қауіпті қатерге айналып отыр. Әсіресе жастар арасында кең таралу қаупі жоғары мұндай заттар адам ағзасына ауыр зиян келтіріп қана қоймай, қылмыстың көбеюіне, әлеуметтік мәселелердің тереңдеуіне және көптеген отбасылардың тағдырына кері әсер етуде. Сондықтан бұл бағыттағы күрес тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның ортақ міндетіне айналып отыр.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп, есірткі жеткізу және тарату тізбегіне қатысы болуы мүмкін өзге тұлғаларды анықтау жұмыстары жалғасуда.

Құқық қорғау органдары заңсыз есірткі айналымына қарсы күрес тұрақты бақылауда екенін атап өтеді. Жастарды зиянды індеттен қорғау, есірткіні таратудың жаңа тәсілдерін дер кезінде анықтау және қылмыстық топтардың жолын кесу бағытындағы кешенді жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. 

Қауіпсіз ел – қауіпсіз болашақ кепілі
Жолдағы жауапсыздыққа заң аясында тосқауыл қойылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу