Жауапкершілік тек мемлекетте емес, ата-анада

Oinet.kz 11-06-2026

2021_05_12_085201910800.png

Қоғамдағы тұрақтылық пен тәртіптің басты көрсеткіштерінің бірі – балалардың қауіпсіздігі. Мемлекет басшысы ұсынған «Заң мен тәртіп» қағидаты азаматтардың құқықтарын қорғауға, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға және құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. Осы тұрғыдан алғанда Шымкент қаласында балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

Жуырда Шымкент қаласы Полиция департаментінің анықтау басқармасы мектепке дейінгі ұйым тәрбиеленушілерін тасымалдау кезінде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне арналған кеңейтілген жұмыс кездесуін өткізді. Жиынға прокуратура, білім басқармасы, полиция қызметкерлері, балабақша басшылары мен тасымалдаушы ұйымдардың өкілдері қатысты.

Кездесу барысында балаларды ұйымдасқан түрде тасымалдау кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау, жүргізушілердің жауапкершілігін арттыру және қолданыстағы заңнама талаптарын түсіндіру мәселелері жан-жақты талқыланды. Өйткені балаларды тасымалдау барысында орын алатын кез келген салғырттық ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Сондықтан бұл саладағы қауіпсіздік талаптарын сақтау тек заң талабы ғана емес, адамгершілік жауапкершілік те болып саналады.

Жиында кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне қатысты алаңдатарлық статистика да жарияланды. Биылғы жылдың алғашқы бес айында жасөспірімдерге қарсы жасалған қылмыстар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 43,2 пайызға өсіп, 81 жағдайдан 116 жағдайға жеткен. Мамандардың айтуынша, мұндай құқық бұзушылықтардың едәуір бөлігі түнгі уақытта орын алады. Осыған байланысты ата-аналарға балалардың бос уақытын бақылауға, олардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударуға шақырылды.

Қоғамдық тәртіпті нығайту бағытындағы жұмыстар Қаратау ауданында да жалғасын тапты. Аудан прокуратурасының бастамасымен ұйымдастырылған профилактикалық рейд барысында қоғамдық тамақтану орындары мен ойын-сауық мекемелері тексерілді. Нәтижесінде заңсыз пайдаланылған кальян өнімдері тәркіленіп, түнгі уақытта заңды өкілдерінің қарауынсыз жүрген кәмелетке толмағандар анықталды. Олардың ата-аналарына қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қолданылды. 

Кәсіпкерлер сыбайлас жемқорлыққа тап болмайды
Қоғамдық бақылау күшейіп келеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу