Қоғамдық бақылау күшейіп келеді

Oinet.kz 12-06-2026

2edba33cda8f05092b2f98f8d21d0a7e.jpg

Қоғамдағы заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету әрбір азаматтың жауапкершілігіне тікелей байланысты. Мемлекет басшысы ұсынған «Заң мен тәртіп» қағидаты мен құқық бұзушылықтың кез келген түріне бейжай қарамауды көздейтін «нөлдік төзімділік» ұстанымы бүгінде қоғамдық қауіпсіздікті нығайтудың маңызды тетігіне айналып отыр. Бұл қағидаттар азаматтардың құқықтық мәдениетін арттырып қана қоймай, қоғамда заңға құрмет пен жауапкершілік сезімін қалыптастыруға ықпал етті.

Осы бағыттағы жұмыстар аясында Әл-Фараби аудандық прокуратурасының үйлестіруімен «Таза Қазақстан» республикалық акциясы шеңберінде «Тазалық сақшыларымен» бірлескен рейдтік іс-шара ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты – қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және есірткі құралдарын насихаттайтын заңсыз жарнамаларды анықтап, жою болды.

Есірткі жарнамалары мен заңсыз жазбалар жастарды теріс жолға итермелеп, қоғам қауіпсіздігіне елеулі қатер төндіреді. Сондықтан мұндай құқыққа қайшы әрекеттерге дер кезінде тосқауыл қою – құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Рейд барысында анықталған әрбір заң бұзушылыққа жедел әрекет ету және оны жою бойынша нақты шаралар қабылданды.

Жыл басынан бері қоғамдық бақылау жұмыстарына белсенді араласып жүрген «Тазалық сақшылары» құқық қорғау органдарына 113 құқық бұзушылық туралы хабарлама жолдаған. Оның ішінде 69 дерек 109 iKomek жүйесіне тіркеліп, жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 24 әкімшілік хаттама толтырылып, бір қылмыстық іс қозғалған. Бұл көрсеткіштер қоғамдық бақылаудың тиімділігін көрсетті.

Сарапшылардың пікірінше, қауіпсіз қоғам қалыптастыру үшін құқық бұзушылықтарға немқұрайлы қарамау аса маңызды. Заңсыз әрекеттер туралы уақтылы хабарлау, қоғамдық тәртіпті сақтауға атсалысу және ортақ жауапкершілікті сезіну құқықтық мемлекеттің басты белгілерінің бірі саналады.

Іс-шара барысында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге ерекше үлес қосқан үздік «Тазалық сақшыларымен» кездесу өткізіліп, олардың еңбегі арнайы алғыс хаттармен марапатталды. Бүгінде «нөлдік төзімділік» қағидаты әрбір азаматтың өмірлік ұстанымына айналған жағдайда ғана құқық бұзушылық деңгейін төмендетіп, қауіпсіз әрі мәдениетті қоғам қалыптастыруға болады. Өйткені заң бұзушылықтың үлкен-кішісі болмайды.

Жауапкершілік тек мемлекетте емес, ата-анада
Қауіпсіздік мәдениеті – қайғылы жағдайлардың алдын алудың басты кепілі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу