Қауіпсіздік мәдениеті – қайғылы жағдайлардың алдын алудың басты кепілі

Oinet.kz 13-06-2026

f62bca7daf9d9a8886d7d1ea525f18a1.jpg

Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Қауіпсіз ел» тұжырымдамасының негізгі мақсаты – азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған қауіпсіз орта қалыптастыру. Бұл міндетті жүзеге асыруда төтенше жағдайлардың алдын алу, халықтың қауіпсіздік мәдениетін арттыру және балалардың өмірін қорғауға бағытталған түсіндіру жұмыстарының маңызы зор. Осы бағыттағы кезекті профилактикалық іс-шара Шымкент қаласының Абай ауданында ұйымдастырылды.

Дендропарк тұрғын үй кешенінде өткен кездесуде балалардың терезеден құлау жағдайларының алдын алу және өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау мәселелері кеңінен талқыланды. Абай аудандық әкімдігі мен Төтенше жағдайлар департаментінің бастамасымен өткен жиынға тұрғындар, көпбалалы отбасылар және тұрғын үй кешенінің белсенділері қатысты.

Жаз мезгілінде балалардың терезеден құлау оқиғалары жиілейді. Сондықтан ата-аналардың жауапкершілігін арттыру және қауіпсіздік талаптарын күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдыру маңызды. Кездесу барысында тұрғындарға арнайы жадынамалар таратылып, көпқабатты үйлердің терезелеріне қорғаныс құрылғыларын орнатудың маңызы жан-жақты түсіндірілді.

Абай ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының өкілдері балаларды қараусыз қалдырудың ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін екенін атап өтті. Терезе маңына жиһаз қою, қорғаныс құрылғыларын пайдаланбау немесе қауіпсіздік ережелерін елемеу қайғылы жағдайларға себеп болуы ықтимал. Сондықтан әрбір ата-ана баласының қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуі тиіс.

Кездесу барысында өрт қауіпсіздігі мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Тұрғындарға электр желілерін шамадан тыс жүктемеу, ақауы бар тұрмыстық техниканы қолданбау, балалардың отпен ойнауына жол бермеу және төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет ету тәртібі түсіндірілді.

Іс-шараға қатысқан мамандар көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға арналған қолдау шаралары жөнінде де ақпарат берді. Қорғаныс құрылғыларын орнату арқылы балалардың жазатайым оқиғаларға ұшырау қаупін едәуір төмендетуге болатыны айтылды. Балаларға қауіпсіздік ережелерін ерте жастан үйрету, олардың бос уақытын бақылау және қауіп-қатердің алдын алу – әрбір ата-ананың басты міндеті.

Қоғамдық бақылау күшейіп келеді
Өрттің алдын алу – ортақ міндет
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу