Өрттің алдын алу – ортақ міндет

«Қауіпсіз ел» жобасы аясында Шымкент қаласында өрт қауіпті маусымның өту барысы тұрақты бақылауға алынып, алдын алу шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифинг барысында қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері мәлімдеді. Мамандардың айтуынша, биылғы өрт қауіпті кезең басталғалы бері қала аумағында құрғақ шөп пен тұрмыстық қалдықтардың жануына қатысты 53 оқиға тіркелген. Алайда жедел әрекет ету мен алдын алу жұмыстарының нәтижесінде ірі көлемдегі табиғи өрттердің таралуына жол берілмеген. Ең бастысы, осы уақытқа дейін қала аумағында орман өрті тіркелген жоқ.
Төтенше жағдайлар қызметі өрттің алдын алуда тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру негізгі міндеттердің бірі екенін атап өтті. Осы мақсатта бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптары кеңінен насихатталуда. Жалпы алғанда 300-ден астам ақпараттық іс-шара ұйымдастырылып, орманды-дала алқаптарында, саяжайларда және демалыс орындарында тұрақты рейдтер өткізілген.
Өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын бақылау мақсатында 86 рейд ұйымдастырылып, заң талаптарын бұзған 19 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мамандардың пікірінше, табиғи өрттердің басым бөлігі адам факторынан туындайды. Отты абайсыз пайдалану, сөндірілмеген шоқ қалдыру немесе қоқыс өртеу секілді әрекеттер үлкен қауіпке себеп болуы мүмкін.
Брифинг барысында орман қорын қорғауға бағытталған дайындық жұмыстары туралы да айтылды. Қала аумағындағы өрт сөндіру станциялары, бақылау мұнаралары мен арнайы бекеттер тәулік бойы қызмет көрсетуде. Сонымен қатар арнайы техника мен құрал-жабдықтар толық дайындыққа келтіріліп, 586 шақырым минералды жолақтар жыртылған. Мамандар арнайы оқытудан өтіп, төтенше жағдайларға әрекет ету дағдыларын жетілдірген.
Мамыр айында өткізілген республикалық «Өрт-2026» командалық-штабтық оқу-жаттығуы да күштер мен құралдардың әзірлігін тексеруге мүмкіндік берді. Оқу барысында төтенше жағдай кезінде мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл алгоритмдері пысықталды.


