Қаржылық сауаттылық – алаяқтықтан қорғанудың тиімді жолы

Oinet.kz 15-06-2026

e20283f935d5a1eb2a33cc124145b50c.jpg

Цифрлық технологиялар қарқынды дамыған сайын интернет арқылы жасалатын қылмыстардың түрі де көбейіп келеді. Бүгінде қаржы пирамидалары мен интернет-алаяқтық азаматтардың мүлкіне ғана емес, олардың психологиялық тұрақтылығына да елеулі зиян келтіретін қауіптердің біріне айналды. Мемлекет жүзеге асырып отырған «Қауіпсіз ел» тұжырымдамасының басты міндеттерінің бірі де – тұрғындарды осындай қауіп-қатерлерден қорғап, құқықтық әрі қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

Әсіресе алаяқтардың арбауына егде жастағы азаматтардың жиі түсетіні алаңдатады. Көп жағдайда олар өзін банк қызметкері, құқық қорғау органының маманы немесе инвестициялық компания өкілі ретінде таныстыратын қаскөйлердің сөзіне сеніп қалып жатады. Сондықтан аға буын өкілдерінің қаржылық сауаттылығын арттыру және оларды алаяқтық әрекеттерден сақтандыру бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі саналады.

Осы мақсатта Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыруымен «Белсенді өмір орталығында» арнайы форум өтті. «Қаржы пирамидасы. Интернет-алаяқтық. Өзіңізді қалай қорғауға болады?» тақырыбында өткен кездесуге 200-ден астам зейнеткер мен қала тұрғындары қатысты.

Форум барысында мамандар соңғы жылдары кең таралған интернет-алаяқтық схемалары, қаржы пирамидаларының белгілері және олардан қорғану жолдары туралы жан-жақты түсіндірді. Қатысушыларға нақты мысалдар келтіріліп, күмәнді инвестициялық ұсыныстарға сенбеу, жеке мәліметтерді бөтен адамдарға бермеу және банк карталарының деректерін құпия сақтау қажеттігі айтылды.

Алаяқтар азаматтарды қорқыту, асықтыру немесе мол табысқа кенелтуді уәде ету арқылы өздерінің заңсыз әрекеттерін жүзеге асырады. Сондықтан кез келген қаржылық шешім қабылдамас бұрын ақпараттың дұрыстығына көз жеткізіп, ресми дереккөздерге жүгіну қажет.

Іс-шара барысында арнайы бейнероликтер көрсетіліп, тұрғындарға қаржылық қауіпсіздік бойынша тәжірибелік кеңестер берілді. Қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауап алды. Мұндай кездесулер тұрғындардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттырып қана қоймай, алаяқтық қылмыстардың алдын алуға да ықпал етеді.

Өрттің алдын алу – ортақ міндет
Әкім орынбасары қауіпсіздік мәселесін көтерді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу