Киберқылмысқа қарсы күрес күшейтілуде

Цифрлық технологиялардың дамуы қоғам өмірін айтарлықтай жеңілдеткенімен, интернет кеңістігінде жасалатын құқық бұзушылықтардың жаңа түрлерінің пайда болуына да ықпал етті. Соңғы жылдары интернет-алаяқтық азаматтардың қаржылық қауіпсіздігіне төнетін негізгі қатерлердің біріне айналып отыр. Осыған байланысты Мемлекет басшысы ұсынған «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында киберқылмыстардың алдын алу және олардың жолын кесу бағытындағы жұмыстарға ерекше көңіл бөлінуде.
Шымкент қаласы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы интернет-алаяқтықпен айналысқан ұйымдасқан топтың заңсыз әрекетін әшкерелеп, олардың қылмыстық қызметін тоқтатты. Бұл құқық қорғау органдарының цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмыстарының нәтижесі болды.
Тергеу барысында күдіктілердің WhatsApp мессенджері арқылы кең таралған алаяқтық схеманы пайдаланғаны анықталған. Олар азаматтардың аккаунттарын заңсыз иемденіп немесе таныстарының атынан хабарлама жіберіп, өздерін жақын туысы не досы ретінде таныстырған. Кейін түрлі сылтаулар айтып, шұғыл түрде қаржылай көмек сұраған. Сенімге кірген алаяқтардың сөзіне иланған азаматтар көрсетілген есепшоттарға қомақты қаржы аударып отырған.
Осындай жағдайлардың бірінде Шымкент қаласының тұрғыны өзіне жақсы таныс адамның атынан келген хабарламаға сеніп, 3,5 миллион теңгені бөтен есепшотқа аударған. Кейін нақты мән-жайды анықтаған кезде ғана оның досының аккаунты бұзылғанын және алаяқтардың құрбаны болғанын түсінген.
Жәбірленушінің арызы негізінде жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде алты күдікті анықталды. Тінту барысында жалдамалы пәтерден 19 SIM-карта, 11 ұялы телефон және планшет тәркіленді. Алдын ала есептеулер бойынша келтірілген шығын көлемі 7,5 миллион теңгеден асады.
Бүгінде киберқауіпсіздік талаптарын сақтау әр азаматтың күнделікті дағдысына айналуы тиіс. Жеке мәліметтерді қорғау, күмәнді сілтемелерге өтпеу және қаржылық операцияларға мұқият болу – интернет-алаяқтықтың алдын алудың ең тиімді жолы. Өйткені «Заң мен тәртіп» қағидаты құқық бұзушылықпен күресуді ғана емес, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді де көздейді.


