Заңсыз пиротехникаға тосқауыл қойылуда

Oinet.kz 18-06-2026

piroteqnika.jpg

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтардың тыныштығын сақтау – құқықтық мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Мемлекет басшысы ұсынған «Заң мен тәртіп» қағидаты да қоғамдық тәртіпті нығайтуға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және тұрғындардың қауіпсіз өмір сүруіне қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған. Осы мақсатта Шымкент қаласында пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сату мен пайдалануға қарсы бақылау шаралары күшейтілуде.

Соңғы уақытта тұрғындар тарапынан түнгі мезгілде отшашу атуға және қатты шуға қатысты шағымдардың көбеюі құқық қорғау органдарының назарын аударды. Осыған байланысты полиция қызметкерлері арнайы рейдтік-профилактикалық іс-шара ұйымдастырып, қала аумағында кешенді тексеру жұмыстарын жүргізді.

Рейд барысында базарлар, сауда орындары және уақытша сауда нүктелері тексерілді. Нәтижесінде пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сатудың 19 дерегі анықталды. Тексеру кезінде арнайы рұқсат құжаттарынсыз және қауіпсіздік талаптарын сақтамай сатуға шығарылған 441 дана пиротехникалық өнім тәркіленді. Құқық бұзушылыққа жол берген азаматтарға қатысты әкімшілік шаралар қабылданды.

Шығу тегі белгісіз және сапасы тексерілмеген пиротехникалық өнімдер үлкен қауіп төндіреді. Мұндай бұйымдар өрттің шығуына, адамдардың жарақат алуына және түрлі төтенше жағдайлардың орын алуына себеп болуы мүмкін. Сондықтан олардың заңсыз саудасына тосқауыл қою – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды бағыттарының бірі.

Тексеру барысында қоғамдық тыныштықты бұзу фактілері де анықталды. Мәселен, тұрғындардың бірі түнгі уақытта белгіленбеген орында отшашу ұйымдастырып, айналасындағылардың мазасын алған. Нәтижесінде азамат қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жауапкершілікке тартылды.

Полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері қалада пиротехникалық бұйымдарды заңсыз пайдалану бойынша 44 құқық бұзушылық тіркелген. Бұл көрсеткіш тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін көрсетеді. Осыған байланысты құқық қорғау органдары азаматтарды пиротехникалық өнімдерді сатып алу кезінде олардың заңдылығына ерекше назар аударуға шақырады.

Киберқылмысқа қарсы күрес күшейтілуде
Заң үстемдігі дөңгелек үстелде талқыланды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу