Цифрлық қауіпсіздікке қатысты семинар Шымкентте өтті

Цифрландыру үдерісінің қарқынды дамуы мемлекеттік органдардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін алдыңғы қатарға шығарды. Мемлекеттік ақпараттық жүйелердің тұрақты жұмыс істеуі мен азаматтардың деректерін қорғау үшін қызметкерлердің киберқауіпсіздік саласындағы білімі мен дағдысын жетілдіру ерекше маңызға ие. Осы мақсатта Шымкент қаласында мемлекеттік қызметкерлер мен ведомстволық ұйымдардың мамандарына арналған практикалық семинар ұйымдастырылды.
Оқыту бағдарламасы «Орталық Азиядағы цифрлық байланыс» халықаралық жобасы аясында, Expertise France ұйымының қолдауымен жүзеге асырылды. Қазақстан бойынша алғаш рет өткізілген бұл семинардың Шымкентте бастау алуы қаланың цифрландыру бағытындағы белсенді жұмысы мен заманауи технологияларды енгізудегі тәжірибесінің жоғары бағаланғанын көрсетеді.
Іс-шараны Шымкент қаласының Цифрландыру басқармасы Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп ұйымдастырды. Семинардың негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметшілер арасында кибергигиена мәдениетін қалыптастыру, ақпараттық қауіпсіздік талаптарын сақтау деңгейін арттыру, цифрлық қауіптерге қарсы іс-қимыл дағдыларын жетілдіру және ақпараттық жүйелерді қауіпсіз пайдалану мәдениетін орнықтыру.
Бағдарлама барысында қатысушылар заманауи киберқауіптердің түрлері, фишингтік шабуылдардан қорғану, қызметтік ақпаратты сақтау талаптары, ақпараттық жүйелерді қауіпсіз пайдалану және ықтимал кибершабуылдардың алдын алу тәсілдері жөнінде тәжірибелік білім алды. Теориялық дәрістермен қатар нақты мысалдарға негізделген практикалық жаттығулар өткізіліп, қатысушылар түрлі сценарийлер бойынша өзара тәжірибе алмасты.
Мұндай оқыту бағдарламалары мемлекеттік органдардың цифрлық тұрақтылығын күшейтіп қана қоймай, адам факторынан туындайтын ақпараттық қауіптердің алдын алуға да ықпал етеді. Өйткені киберқауіпсіздік тек техникалық құралдармен ғана емес, қызметкерлердің кәсіби даярлығымен де тікелей байланысты.
Алдағы уақытта бұл тәжірибе еліміздің өзге өңірлерінде де жалғасады. Атап айтқанда, аталған оқыту бағдарламасын Семей және Ақтау қалаларында өткізу жоспарланып отыр.


