Цифрлық инфрақұрылым дамуы – тиімді басқарудың негізі

Шымкент қаласында цифрлық инфрақұрылымды жетілдіру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Интернет байланысының қолжетімділігін кеңейту, мемлекеттік қызметтердің тиімділігін арттыру және ақпараттық қауіпсіздікті нығайту – мегаполистің цифрлық даму стратегиясының негізгі басымдықтарының бірі. Заманауи технологияларды кеңінен енгізу арқылы тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз цифрлық орта қалыптастыру көзделіп отыр.
Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі – қалалық әкімдік пен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамының бірлескен жұмысының нәтижесінде құрылған Шымкент қаласының ситуациялық орталығы. Ол «Smart Data Ukimet» ақпараттық жүйесінің негізінде жұмыс істейді. Аталған платформа мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен келіп түсетін деректерді орталықтандырылған түрде жинауға, сақтауға, өңдеуге және жан-жақты талдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жүйеге енгізілген жасанды интеллект көмекшісі басқарушылық шешімдерді жедел қабылдауға және талдау сапасын арттыруға ықпал етеді.
Қазіргі таңда платформа 124 ақпараттық жүйемен интеграциялануға мүмкіндік береді және бірнеше цифрлық шешім сәтті іске асырылған. Бұдан бөлек, қалалық басқармалар ұсынған 100 ұсыныс бойынша техникалық жетілдіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл ақпараттық жүйенің функционалдық мүмкіндігін кеңейтіп, мемлекеттік басқарудың тиімділігін одан әрі арттыруға бағытталған.
Мобильді байланыс сапасын жақсарту бағытында да нақты нәтижелер бар. Егер 2024 жылы қала аумағында 1490 базалық станция жұмыс істесе, 2025 жылы олардың саны 1752-ге дейін артқан. Биыл қосымша 33 жаңа станция іске қосылып, жалпы саны 1785-ке жетті. Жаңа байланыс нысандары Қайнарбұлақ, Солтүстік-Батыс, Нұрсат, Жиделі, Қайтпас, Қызылжар, Шымсити, Достық, Асар және өзге де тұрғын алаптарда орнатылды.
Сонымен қатар бесінші буын мобильді байланыс технологиясын дамыту жұмыстары жалғасуда. Егер 2024 жылы 5G желісі 21 нысанды қамтыса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 393 нысанға дейін ұлғайды. Алдағы кезеңде тағы 227 жаңа 5G базалық станциясын іске қосу жоспарланып отыр. Бұл бастамалар Шымкенттің цифрлық әлеуетін арттырып, тұрғындарға сапалы байланыс пен заманауи қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.


