Халыққа қолжетімді құқықтық көмек көрсету жалғасуда

Oinet.kz 17-06-2026

82.jpg

«Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданы прокуратурасы «Shymkent Plaza» сауда-ойын-сауық орталығында «Құқықтық дәріхана» акциясын ұйымдастырды. Ашық форматта өткен іс-шараның басты мақсаты – азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз ету, тұрғындарды толғандырған өзекті мәселелерді тыңдау, құқықтық көмек көрсету және қоғамдағы заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту.

Акцияға прокуратура қызметкерлерімен қатар жергілікті атқарушы органдар мен өзге де жауапты мемлекеттік мекемелердің өкілдері қатысып, тұрғындарды жеке қабылдады. Азаматтарға қолданыстағы заңнама талаптары жан-жақты түсіндіріліп, құқықтарын қорғау жолдары мен мемлекеттік қызметтерді алу тәртібі жөнінде кәсіби кеңестер берілді. Мұндай ашық қабылдаулар халық пен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайтып, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Қабылдау барысында 50-ден астам азамат өздерін толғандырған мәселелер бойынша жүгінді. Тұрғындар әлеуметтік қамсыздандыру, тұрғын үй, еңбек қатынастары, жер мәселесі, атқарушылық іс жүргізу, алимент өндіру, әкімшілік құқық бұзушылықтар және басқа да құқықтық бағыттар бойынша сауалдарын қойды. Әрбір өтініш мұқият қаралып, қолданыстағы заңнама негізінде толыққанды түсіндірмелер берілді. Ал қосымша зерделеуді қажет ететін мәселелер жауапты мемлекеттік органдардың қарауына жолданып, олардың орындалуы бақылауға алынды.

Құқықтық ағарту жұмыстары азаматтардың өз құқықтары мен міндеттерін тереңірек түсінуіне, құқықтық даулардың алдын алуға және заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Сондықтан «Құқықтық дәріхана» акциясы халыққа тек кеңес беру алаңы ғана емес, мемлекеттік органдардың ашықтығы мен қолжетімділігін көрсететін тиімді қоғамдық диалог тетігіне айналып келеді.

Әл-Фараби ауданы прокуратурасы алдағы уақытта да «Заң мен тәртіп» қағидатын басшылыққа ала отырып, азаматтардың құқықтарын қорғауға, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және халыққа сапалы құқықтық көмек көрсетуге бағытталған осындай іс-шараларды тұрақты түрде жалғастырады. Заңның үстемдігі мен құқықтық мәдениеттің нығаюы – қауіпсіз әрі әділетті қоғам қалыптастырудың басты негізі.

Азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған акция
Азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған тиімді алаң
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу