Азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған акция

Oinet.kz 17-06-2026

81.jpg

«Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыру аясында Шымкент қаласының Қаратау ауданында «Diamond Plaza» сауда үйінде тұрғындарға қолжетімді құқықтық көмек көрсетуге арналған «Құқықтық дәріхана» акциясы ұйымдастырылды. Қаратау ауданы прокуратурасының бастамасымен өткен іс-шараның басты мақсаты – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, тұрғындарды толғандырған мәселелерге заң аясында түсіндіру жұмыстарын жүргізу және мемлекеттік органдар мен халық арасындағы өзара байланысты нығайту.

Акция барысында прокуратура, жергілікті атқарушы органдар және өзге де уәкілетті мемлекеттік мекемелердің өкілдері тұрғындарды жеке қабылдап, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Мамандар азаматтарды қызықтырған мәселелер бойынша қолданыстағы заңнама талаптарын түсіндіріп, құқықтарын қорғау тетіктері мен мемлекеттік қызметтерді алу тәртібі жөнінде жан-жақты құқықтық кеңестер берді.

Іс-шара аясында 45-тен астам азаматтың өтініші қаралды. Қабылдауға келген тұрғындар тұрғын үй кезегіне тұру, атаулы әлеуметтік көмек алу, салық және жер қатынастары, зейнетақымен қамсыздандыру, жол инфрақұрылымын дамыту, атқарушылық іс жүргізу, алимент өндіру және басқа да әлеуметтік-құқықтық мәселелерді көтерді. Әрбір азаматтың мәселесіне жеке назар аударылып, нақты құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар қосымша зерделеуді қажет ететін өтініштер бақылауға алынып, олардың заң аясында шешілуін қамтамасыз ету үшін тиісті мемлекеттік органдарға жолданды. Бұл тұрғындардың өтініштеріне, нақты нәтижеге бағытталғанын көрсетеді.

Мұндай кездесулер азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, мемлекеттік органдардың ашықтығы мен қолжетімділігін арттыруға және халықтың құқықтық мәселелерін уақытылы шешуге мүмкіндік береді. Өз құқықтары мен заңды мүдделерін білетін азамат қоғамдағы тұрақтылық пен заң үстемдігінің нығаюына да өз үлесін қосады.

Қаратау ауданы прокуратурасы алдағы уақытта да «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында азаматтардың құқықтарын қорғауға, халыққа құқықтық көмек көрсетуге және құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырады. Осындай акциялар тұрғындар мен мемлекеттік органдар арасындағы сенімді нығайтып, құқықтық мемлекет қағидаттарын орнықтыруға қызмет етеді.

«Құқықтық дәріхана» – халыққа қолжетімді құқықтық көмек
Халыққа қолжетімді құқықтық көмек көрсету жалғасуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу