Шымкентте «Бір нүктелік» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті

Oinet.kz 20-06-2026

88.jpg

Шымкент қаласы Полиция департаментінің Еңбекші ауданы Полиция басқармасының қызметкерлері құқықбұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Бір нүктелік» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді. Акция аясында полиция қызметкерлері халық көп шоғырланатын орындарды аралап, тұрғындармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Іс-шара барысында негізгі назар соңғы жылдары қоғамда өзекті мәселеге айналған интернет-алаяқтықтың алдын алуға аударылды. Еңбекші ауданы Полиция басқармасы Криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері азаматтарға цифрлық қауіпсіздік талаптарын жан-жақты түсіндіріп, алаяқтардың жиі қолданатын айла-тәсілдері туралы жан-жақты ақпарат берді. Мамандар әлеуметтік желілердегі жалған жарнамаларға, күмәнді сілтемелерге, белгісіз нөмірлерден келетін хабарламалар мен қоңырауларға сақтықпен қараудың маңызын атап өтті.

Сонымен қатар тұрғындарға банк картасының деректерін, SMS арқылы келетін бір реттік растау кодтарын, жеке сәйкестендіру нөмірі мен өзге де құпия ақпараттарды ешбір жағдайда бөгде адамдарға бермеу қажеттігі ескертілді. Полиция қызметкерлері өзін банк немесе құқық қорғау органы қызметкері ретінде таныстыратын бейтаныс адамдардың сөздеріне сене бермеуге, кез келген қаржылық операцияны мұқият тексеруге кеңес берді.

Кездесу барысында тұрғындардың сұрақтарына жауап беріліп, интернет-алаяқтыққа тап болған жағдайда қандай әрекет жасау қажеттігі түсіндірілді. Полицейлер мұндай қылмыс түрлерінің жыл сайын күрделеніп, жаңа тәсілдер арқылы жүзеге асырылып жатқанын айтып, әрбір азаматтың құқықтық сауаты мен сақтығы қылмыстың алдын алуда шешуші рөл атқаратынын жеткізді. 

Жалпы, «Бір нүктелік» жедел-профилактикалық іс-шарасы тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыруға, қоғамдық тәртіпті нығайтуға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды бастамалардың бірі болды. Шымкент қаласы Полиция департаментінің Еңбекші ауданы Полиция басқармасы алдағы уақытта да құқықбұзушылықтардың алдын алуға, интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимылды күшейтуге және халықпен тығыз байланыс орнатуға бағытталған осындай профилактикалық іс-шараларды тұрақты түрде жалғастырады.

«Заң мен тәртіп»: «Тазалық сақшылары» қоғамдық қауіпсіздікке үлес қосуда
Бала құқығына қатысты өзекті мәселелер талқыланды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу