Заң мен тәртіп – таза ортадан басталады

«Заң мен тәртіп» қағидаты мен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері қоғамдық тәртіпті нығайтуға және қала тазалығын сақтауға бағытталған кезекті рейдтік-профилактикалық іс-шара өткізді. Акцияның басты мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, абаттандыру талаптарының сақталуын бақылау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу.
Рейд барысында полиция қызметкерлері саябақтарда, көшелерде, тұрғын үй аулаларында және халық көп шоғырланатын өзге де қоғамдық орындарда бақылау жұмыстарын жүргізді. Мамандар аумақтардың санитарлық жағдайын тексеріп, қоқысты бейберекет тастау, ортақ пайдаланылатын орындарды ластау және абаттандыру қағидаларын бұзу деректерін анықтауға басымдық берді. Мұндай іс-шаралардың негізгі мақсаты – әкімшілік жауапкершілікке тарту ғана емес, ең алдымен тұрғындардың заңға құрметін арттырып, қоғамдық жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру.
Рейдтің ерекшелігі – бақылау жұмыстарына заманауи технологиялардың қолданылуы болды. Құқық бұзушылықтарды жедел анықтау және кең аумақты тиімді бақылау мақсатында ұшқышсыз ұшу аппараты пайдаланылып, қала аумағына әуеден мониторинг жүргізілді. Дронның көмегімен құқық бұзушылық орын алған учаскелер жедел анықталып, полиция жасақтары тиісті шараларды уақытылы қабылдады. Бұл тәсіл құқық қорғау қызметінің тиімділігін арттырып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде жаңа технологиялардың мүмкіндігін кеңінен пайдалануға жол ашып отыр.
Жүргізілген рейд нәтижесінде бір тәулік ішінде Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы бойынша 72 әкімшілік құқық бұзушылық тіркеліп, заңнама талаптарына сәйкес тиісті шаралар қабылданды.
Сонымен қатар полиция қызметкерлері тұрғындармен профилактикалық әңгімелер өткізіп, қоғамдық орындардың тазалығын сақтау, қоршаған ортаны ластамау, абаттандыру талаптарын орындау және қоғамдық тәртіпті бұзбау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Азаматтарға тазалық мәдениетін қалыптастыру әр адамның күнделікті жауапкершілігінен басталатыны айтылды. Қоғамда заң мен тәртіптің орнығуы тек құқық қорғау органдарының қызметімен ғана емес, әрбір азаматтың жауапты ұстанымымен де тығыз байланысты.


