Жатақханадағы құқықтық тәртіп – қауіпсіз студенттік ортаның кепілі

Oinet.kz 24-06-2026

95.jpg

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Шымкент қаласы Полиция департаменті Тұран аудандық полиция басқармасының ұйымдастыруымен студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыруға және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық кездесу өтті. Іс-шараға учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Мұхаметәлі Бауыржанұлы Имамбеков қатысып, жатақханада тұратын жастармен құқықтық мәдениет пен қоғамдық тәртіп мәселелері жөнінде ашық пікір алмасты.

Кездесуде студенттер арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу, заң талаптарын түсіндіру және жастардың құқықтық жауапкершілігін арттыру мәселесі көзделді. Осы орайда жатақхананың ішкі тәртіп ережелерін сақтау, қоғамдық орындардағы мәдени мінез-құлық, өзара сыйластық қағидаларын ұстану және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері жан-жақты түсіндірілді.

Полиция қызметкері жастар арасында жиі кездесетін құқық бұзушылықтардың себептері мен олардың салдарына тоқталып, буллинг пен кибербуллингтің психологиялық және құқықтық зардаптары туралы кеңінен әңгімеледі. Әсіресе әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді пайдалану кезінде жеке мәліметтердің қауіпсіздігін сақтау, жалған ақпаратқа сенбеу және интернет-алаяқтардың түрлі айла-тәсілдерінен сақтану жолдары түсіндірілді. Сонымен қатар есірткінің заңсыз айналымына қатысты құқықтық жауапкершілік, оның адам денсаулығы мен қоғамға тигізетін зияны туралы нақты мысалдар келтірілді.

Кездесу барысында студенттерге жеке қауіпсіздік шараларын сақтау, құқықтары мен міндеттерін білу, төтенше немесе күмәнді жағдайларда құқық қорғау органдарына дер кезінде хабарласудың маңыздылығы айтылды. Жастар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, құқықтық мәселелер бойынша жан-жақты жауаптар алды. 

Қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, білім беру ұйымдарының, ата-аналардың және студенттердің ортақ міндеті. 

Шымкент қаласы Полиция департаменті алдағы уақытта да жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған осындай профилактикалық кездесулерді жүйелі түрде жалғастырады.

Заң мен тәртіп – таза ортадан басталады
Құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған кездесу өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу