Құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған кездесу өтті

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Шымкент қаласындағы Жастар ресурстық орталығында «Отбасы және заң: бала құқықтары мен ата-ананың міндеттері» тақырыбында танымдық кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – бала құқықтарын қорғау, ата-аналардың заң алдындағы жауапкершілігін түсіндіру, отбасы институтының маңызын дәріптеу және жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру болды.
Кездесу барысында Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Шымкент қаласы бойынша өкілдігінің бас маманы Н. Жанұзақ бала құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманың негізгі талаптарына тоқталып, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі құқықтары мен міндеттері туралы жан-жақты баяндама жасады. Спикер балалардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада өмір сүруге, білім алуға, денсаулығын қорғауға және жан-жақты дамуға деген құқықтары мемлекет тарапынан кепілдендірілетінін атап өтті. Сонымен қатар ата-аналардың өз міндеттерін адал орындауы – баланың толыққанды тұлға болып қалыптасуының маңызды шарты екеніне назар аударды.
Іс-шараға «Еркіндік рухы» жастар құқықтары жөніндегі комиссиясының мүшесі Қ. Серікбай, Шымкент қаласы Полиция департаментінің Киберқауіпсіздік бөлімінің қызметкерлері, ата-аналар мен жастар қатысты. Кездесу еркін пікір алмасу форматында өтіп, қатысушыларды толғандырған құқықтық және әлеуметтік мәселелер кеңінен талқыланды.
Полиция департаментінің киберқауіпсіздік саласының мамандары цифрлық кеңістіктегі қауіп-қатерлердің алдын алу мәселелеріне ерекше тоқталды. Олар интернет-алаяқтықтың кең таралған тәсілдері, әлеуметтік желілерді қауіпсіз пайдалану, жеке деректерді қорғау, күмәнді сілтемелерден сақтану және цифрлық сауаттылықты арттыру жөнінде нақты ұсыныстар берді. Сондай-ақ жастарға жеке мәліметтерді бөгде адамдарға бермеудің, күмәнді хабарламаларға сенбеудің және интернетте жауапкершілікпен әрекет етудің маңызы түсіндірілді.
Кездесу соңында қатысушылардың белсенділігін арттыру және еркін қарым-қатынас орнату мақсатында танымдық ойындар мен интерактивті тапсырмалар ұйымдастырылды. Мұндай формат жастардың қызығушылығын арттырып, құқықтық ақпаратты жеңіл әрі тиімді қабылдауына мүмкіндік берді.


