Профилактика – құқық бұзушылықтың алдын алудың тиімді жолы

Oinet.kz 25-06-2026

98.jpg

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ағымдағы жылы маусым айында Шымкент қаласының Еңбекші ауданында «Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Акцияның негізгі мақсаты – отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, қоғамдық қауіпсіздікті нығайту және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты құқықтық түсіндіру жұмыстарын күшейту.

Іс-шара барысында Еңбекші ауданы Полиция басқармасының қызметкерлері халық көп жиналатын сауда орындарын аралап, тұрғындармен тікелей кездесулер өткізді. Полицейлер азаматтармен ашық әңгімелесіп, тұрмыстық жанжалдардың алдын алу, құқықтық жауапкершілік, отбасындағы өзара сыйластық пен заң талаптарын сақтау мәселелері жөнінде жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кез келген түріне заң бойынша жауапкершілік көзделгені түсіндіріліп, зардап шеккен азаматтардың құқықтары мен олар алатын мемлекеттік қолдау шаралары туралы мәлімет ұсынылды.

Профилактикалық жұмыстар барысында тұрғындарға арнайы дайындалған ақпараттық жадынамалар мен үнпарақтар таратылып, құқық қорғау органдарына қандай жағдайларда жүгіну қажеттігі түсіндірілді. Мамандар азаматтарды тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерін жасырмай, дер кезінде тиісті органдарға хабарлауға шақырды. Сондай-ақ құқықтық мәселелер бойынша тұрғындардың сұрақтарына жауап беріліп, күнделікті өмірде жиі кездесетін құқықтық жағдайларға қатысты кеңестер берілді.

Полиция қызметкерлері мұндай кездесулердің басты мақсаты әкімшілік жауапкершілікке тарту емес, ең алдымен құқық бұзушылықтардың алдын алу, азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру және қоғамда заңға құрмет қағидатын орнықтыру екенін атап өтті. Себебі кез келген құқық бұзушылықтың алдын алу тұрғындардың құқықтық сауаттылығы мен өзара жауапкершілігіне тікелей байланысты.

Шымкент қаласы Полиция департаменті алдағы уақытта да құқық бұзушылықтардың алдын алуға, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылды күшейтуге және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған осындай профилактикалық іс-шараларды тұрақты түрде жалғастырады.

Интернет-алаяқтықтың алдын алу – цифрлық қауіпсіздіктің басты талабы
Құқық бұзушылықтың алдын алудың маңызы айтылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу