Құқық бұзушылықтың алдын алудың маңызы айтылды

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ағымдағы жылдың 5–14 маусымы аралығында өткізілген «Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде Шымкент қаласындағы №1 оңалту орталығында ақпараттық-түсіндіру кездесуі ұйымдастырылды. Іс-шараға орталық мамандары, тәрбиеленушілердің ата-аналары және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысып, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мен отбасы институтын нығайтуға қатысты өзекті мәселелерді талқылады.
Кездесудің басты мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасындағы өзара сыйластық пен жауапкершілік қағидаларын дәріптеу, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ ата-аналардың құқықтық сауаттылығын арттыру болды. Мамандар отбасы – баланың тұлға болып қалыптасатын алғашқы әлеуметтік ортасы екенін атап өтіп, қауіпсіз әрі қолайлы отбасылық ахуалдың баланың жан-жақты дамуына тікелей әсер ететінін жеткізді.
Іс-шара барысында қатысушыларға тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құқықтық салдары, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі міндеттері және кәмелетке толмағандардың заңмен қорғалатын құқықтары туралы кеңінен ақпарат берілді. Сонымен қатар отбасында туындайтын дау-жанжалдардың себептері, оларды өршітпей шешудің тиімді жолдары және жанжалдың алдын алуда өзара түсіністік пен ашық диалогтың маңызы түсіндірілді.
Кездесу еркін пікір алмасу форматында өтіп, ата-аналар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан құқықтық және психологиялық тұрғыда жан-жақты жауап алды. Сондай-ақ отбасылық келіспеушіліктер туындаған жағдайда заң аясында әрекет ету, мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдалану және қажет болған жағдайда құзырлы органдарға жүгіну жөнінде нақты ұсыныстар берілді.
Іс-шара соңында қатысушыларға профилактикалық мазмұндағы ақпараттық жадынамалар мен үнпарақтар таратылып, қолданыстағы заңнама талаптары, құқықтық жауапкершілік және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы негізгі қағидалар түсіндірілді.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Сондықтан құқықтық ағарту жұмыстарын күшейту, ата-аналардың жауапкершілігін арттыру және отбасы құндылықтарын дәріптеу қоғамдағы тұрақтылықты нығайтудың маңызды тетіктерінің бірі.


