Шымкентте «Мал ұрысы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті

Oinet.kz 25-06-2026

100.jpg

«Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Шымкент қаласында мал ұрлығының алдын алуға және мал шаруашылығы саласындағы заң талаптарының сақталуын бақылауға бағытталған «Мал ұрысы» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Еліміздің барлық өңірінде 13–14 маусым аралығында ұйымдастырылған акция аясында құқық қорғау органдары мал ұрлығының жолын кесуге және заңсыз айналымға тосқауыл қоюға бағытталған кешенді жұмыстарды күшейтті.

Іс-шара барысында Шымкент қаласы Полиция департаментінің Еңбекші ауданы Полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері рейдтік іс-шаралар ұйымдастырып, мал мен мал өнімдерінің заңды айналымына бақылау жүргізді. Полицейлер малды заңсыз сақтау, тасымалдау және өткізу деректерінің алдын алуға ерекше назар аударып, заң талаптарының орындалуын тексерді.

Рейд аясында мал ұсталатын қора-жайлар, мал базарлары, ет өнімдерін қабылдау және өткізу орындары, сондай-ақ мал тасымалдайтын көліктер тексерілді. Қызметкерлер малдың ветеринариялық және ілеспе құжаттарының болуы, меншік құқығын растайтын құжаттардың сәйкестігі мен өнімнің заңды айналымда екеніне ерекше мән берді. Бұл жұмыстар мал ұрлығының алдын алып қана қоймай, тұтынушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және көлеңкелі сауданың жолын кесуге бағытталған.

Полиция қызметкерлері мал ұрлығы ауыл шаруашылығы саласына елеулі материалдық шығын келтіретін қылмыстардың бірі екенін атап өтті. Сондықтан құқық бұзушылықтың бұл түрімен күресте профилактикалық шаралардың, азаматтардың қырағылығының және мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылдың маңызы ерекше. 

Сонымен қатар рейд барысында мал иелері мен кәсіпкерлерге қолданыстағы заңнама талаптары түсіндіріліп, малды есепке алу, таңбалау, заңды құжаттарсыз тасымалдамау және сатып алу кезінде қажетті құжаттарды мұқият тексеру жөнінде ұсыныстар берілді.

Шымкент қаласы Полиция департаменті құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және заң үстемдігін нығайту бағытындағы мұндай профилактикалық іс-шараларды алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғастырады. «Заң мен тәртіп» қағидаты – қоғамдық тұрақтылықты сақтаудың, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың маңызды негізі.

Құқық бұзушылықтың алдын алудың маңызы айтылды
Цифрлық қауіпсіздіктің басты кепілі түсіндірілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу