Цифрлық қауіпсіздіктің басты кепілі түсіндірілді

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында 2026 жылғы 12 маусымда Шымкент қаласы Еңбекші ауданының Тоғыз шағын ауданындағы сауда орындары мен адамдар көп шоғырланатын қоғамдық орындарда интернет-алаяқтықтың, киберқылмыстардың және дроперлік әрекеттердің алдын алуға бағытталған кең ауқымды профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды. Акцияның негізгі мақсаты – тұрғындардың құқықтық және цифрлық сауаттылығын арттыру, интернет кеңістігіндегі қауіп-қатерлер туралы ақпараттандыру және киберқылмыстардың алдын алу бағытындағы түсіндіру жұмыстарын күшейту.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері тұрғындармен бетпе-бет кездесіп, қазіргі таңда кеңінен таралған интернет-алаяқтықтың түрлері мен қылмыскерлердің қолданатын тәсілдері туралы жан-жақты ақпарат берді. Азаматтарға жалған интернет-дүкендер, әлеуметтік желілер арқылы таралатын алдамшы хабарламалар, өзін банк немесе мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстыратын алаяқтардың әрекеттері және жалған инвестициялық жобаларға қатысты сақтық шаралары түсіндірілді.
Профилактикалық кездесу барысында дроперлік қылмыстардың қоғамға тигізетін зардаптарына ерекше назар аударылды. Мамандар банк карталары мен есепшоттарын үшінші тұлғалардың пайдалануына беру заңға қайшы екенін және мұндай әрекеттер қылмыстық схемалардың бір бөлігіне айналуы мүмкін екенін айтты. Сондай-ақ азаматтарға күмәнді ақша аударымдарын мұқият тексеру, белгісіз адамдардың өтінішімен қаржылық операциялар жасамау және жеке есепшоттарды бөтен адамдардың пайдалануына жол бермеу қажеттігі түсіндірілді.
Сонымен қатар тұрғындарға банк картасының нөмірі, CVV-коды, SMS арқылы келетін бір реттік растау кодтары мен өзге де жеке мәліметтердің құпия ақпарат екені ескертіліп, оларды ешкімге жарияламау жөнінде нақты кеңестер берілді. Белгісіз нөмірлерден түскен қоңыраулар мен күмәнді хабарламаларға сенбеу, сілтемелерді ашпас бұрын олардың сенімділігіне көз жеткізу және кез келген күмәнді жағдайда банкке немесе полицияға дереу хабарласу қажеттігі айтылды.
Шымкент қаласы Полиция департаменті тұрғындарды қырағылық танытуға, жеке деректерінің қауіпсіздігін сақтауға және интернет кеңістігінде заң талаптарын басшылыққа ала отырып әрекет етуге шақырады.


