Заңсыз қоқыс орындары толық жойылды

Oinet.kz 30-07-2026

Screenshot_31.jpg

Таза әрі жайлы қала қалыптастыру – тек абаттандыру жұмыстарының нәтижесі емес, ең алдымен тұрғындардың экологиялық мәдениеті мен заң талаптарын сақтауынан басталады. Осы бағытта Шымкент қаласында қоршаған ортаны қорғау, тұрмыстық қалдықтарды тиімді басқару және табиғатқа жауапкершілікпен қарау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында Экология департаменті аудан әкімдіктерімен бірлесіп, заңсыз қоқыс орындарын анықтау және жою бойынша мониторингтік, рейдтік іс-шаралар ұйымдастырды. Нәтижесінде төрт аудан аумағынан 20 рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі анықталып, сәуір-мамыр айларында толық тазартылды. Бұған қоса, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясының ғарыштық мониторингі арқылы маусым айында тағы 30 заңсыз қоқыс орны анықталып, олардың барлығы тазартылды.

Қалдықтарды басқару бағытында да нақты нәтижелер бар. Жыл басынан бері қала полигонына 121 мың тоннадан астам тұрмыстық қалдық қабылданып, оның 43,9 мың тоннасы сұрыптауға жіберілді. Қайта өңдеуге бағытталған қалдықтардың үлесі 36,2 пайызды құрады.

Бүгінде қалада 573 қоқыс алаңшасы мен 3 070 контейнер жұмыс істейді. Қалдықтарды бөлек жинау мәдениетін қалыптастыру мақсатында төрт мекенжайда сегіз контейнерден тұратын заманауи алаңшалар орнатылды. Алдағы уақытта олардың санын тағы 100-ге жеткізу жоспарланып отыр.

Экологиялық тәртіп – тек мемлекеттік органдардың міндеті емес. Тұрғындардың жауапкершілігі де айрықша маңызды. Осыған байланысты Еңбекші және Абай аудандарында халықпен кездесулер өткізіліп, ауа сапасы, санитарлық жағдай, қалдықтарды басқару және табиғатты қорғау мәселелері талқыланды.

Жастардың экологиялық сауатын арттыруға да көңіл бөлінуде. ЖОО мен колледждерде «Экологиялық сағаттар» өткізіліп, студенттерге табиғатты қорғау, қалдықтарды сұрыптау және экологиялық заңнама талаптары түсіндірілді. «Таза Қазақстан» акциясы аясында эковолонтерлердің қатысуымен тазалық шаралары ұйымдастырылды.

Табиғатты қорғау – болашаққа жасалған инвестиция. Заңсыз қоқыс тастамау, қалдықтарды сұрыптау, қоршаған ортаға ұқыпты қарау – әр азаматтың ортақ міндеті. Ал «Заң мен тәртіп» қағидаты таза қала мен қауіпсіз ортаны қалыптастырудың берік негізі болып қала береді.

Заң мен тәртіп – табиғатты қорғаудың басты кепілі
Халыққа тегін заңгерлік кеңес берілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу