Халыққа тегін заңгерлік кеңес берілді

Oinet.kz 31-07-2026

Screenshot_32.jpg

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Шымкент қаласының Арбатында тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға бағытталған кезекті «Халық заңгері» акциясы ұйымдастырылды. Шымкент қаласы әкімінің аппараты өткізген шараның басты мақсаты – азаматтарға өз құқықтары мен заң талаптарын түсіндіріп, құқықтық мәселелерін шешуде нақты көмек көрсету.

Акция барысында қала тұрғындары түрлі сала мамандарына жүгініп, өздерін толғандырған мәселелер бойынша тегін заңгерлік кеңес алды. Азаматтарға құқықтарын қорғаудың заңды жолдары түсіндіріліп, әрбір жағдайға байланысты практикалық ұсыныстар берілді.

Шараға жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының өкілдері, прокурорлар, тергеушілер, сот орындаушылары, адвокаттар, нотариустер мен өзге де құқық саласының мамандары қатысты. Бұл тұрғындардың мәселесін бір жерде жан-жақты талқылап, тиісті бағыт-бағдар алуына мүмкіндік берді.

Тұрғындардың сауалдарының басым бөлігі жер қатынастарына қатысты болды. Атап айтқанда, жер учаскесін алу кезегіне тұру, мемлекеттік қажеттілік үшін жерді алып қою, жер телімдерін заңдастыру мәселелері көтерілді. Сонымен қатар тұрғын үй кезегі, баспананы жекешелендіру және қалалық инфрақұрылымға қатысты сұрақтар да мамандардың назарына ұсынылды.

Құқықтары бұзылған азаматтар құқық қорғау органдарының өкілдеріне, адвокаттар мен заңгерлерге жүгініп, мәселелерін заң аясында шешудің тетіктері жөнінде кеңес алды. Еңбек қатынастары саласында да бірқатар мәселе қозғалды. Мамандар еңбек заңнамасының сақталуы, өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу, жарақаттануды азайту және жұмысшылар алдындағы жалақы берешегін өтеу тәртібін түсіндірді.

Мұндай акциялардың маңызы – азаматқа дайын жауап берумен ғана шектелмей, оның өз құқығын заңды жолмен қорғау мүмкіндігін түсіндіруінде. Құқықтық сауаты жоғары қоғамда заң бұзушылыққа төзбеушілік қалыптасып, азамат пен мемлекет арасындағы сенім нығая түседі.

Кезекті «Халық заңгері» акциясы барысында 84 қала тұрғынына тегін заңгерлік кеңес берілді. Бұл көрсеткіш тұрғындардың құқықтық көмекке деген қажеттілігін аңғартады.

Заңды білу – өз құқығыңды қорғаудың алғашқы қадамы. Ал құқықты құрметтеу мен заң талаптарын сақтау – қоғамдық тұрақтылықтың негізі. 

Заңсыз қоқыс орындары толық жойылды
Заңды білу – алаяқтан қорғанудың алғашқы қадамы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу