Заңды білу – алаяқтан қорғанудың алғашқы қадамы

Бүгінде алаяқтықтың түрі өзгерді. Бұрын бөтеннің мүлкіне қол сұғу үшін бетпе-бет келу қажет болса, қазір бір ғана қоңырау немесе жалған сілтеме адамның қаржылық әрі жеке деректеріне қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан цифрлық дәуірде құқықтық сауаттылық – қауіпсіздіктің маңызды кепілі.
Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Шымкент қаласының Жастар саясаты басқармасының ұйымдастыруымен Арбат демалыс аймағында тұрғындар мен жастарға арналған ақпараттық-түсіндіру іс-шарасы өтті.
Кездесуге Шымкент қаласы Заң консультанттары палатасының өкілдері, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері және Жастар ресурстық орталығының мамандары қатысты.
Мамандардың айтуынша, интернет-алаяқтар азаматтардың сеніміне кіру үшін банк қызметкері, полиция қызметкері немесе мемлекеттік орган өкілі ретінде танысып, түрлі сылтау қолданады. Кей жағдайда олар адамды асықтырып, «шотыңызға қауіп төніп тұр», «операцияны растау қажет» деген сияқты хабарламалар арқылы психологиялық қысым көрсетуге тырысады.
Осындай сәтте ең маңыздысы – асықпау. Банк картасының нөмірін, құпия сөздерді, SMS арқылы келген кодтарды бөгде адамға бермеу, күмәнді сілтемелерді ашпау және белгісіз қосымшаларды орнатпау қажет. Егер қоңырау шалған адам өзін құқық қорғау органының қызметкері ретінде таныстырып, ақша аударуды талап етсе, әңгімені тоқтатып, ақпаратты ресми арналар арқылы тексерген жөн.
Іс-шара барысында жастарға цифрлық қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, құқықтық мазмұндағы жадынамалар таратылды. Тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын мамандарға тікелей қойып, нақты жағдайлар бойынша кеңес алды.
Мұндай кездесулердің басты құндылығы – азаматтарға қауіптің алдын ала белгілерін танып, өз құқықтарын заң аясында қорғауды үйретуінде. Себебі құқықтық сауатсыздық кейде алаяқтың ең үлкен артықшылығына айналуы мүмкін.
«Заң мен тәртіп» – тек заң бұзған адамға жауапкершілік жүктеу емес. Ол әр азаматтың өз құқығын білуінен, қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауынан және заң талаптарын құрметтеуінен басталады. Сондықтан цифрлық кеңістіктегі сақтық – бүгінгі қоғамның әр мүшесіне қажет қорғаныс.


