Алаяқтармен күрес күшейіп келеді

Заң мен тәртіп – қоғамның тұрақтылығы мен елдің дамуын қамтамасыз ететін басты құндылықтардың бірі. Осы қағидатты кеңінен дәріптеу мақсатында 2026 жылдың алғашқы алты айында Шымкент қаласында тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған ақпараттық-ағартушылық жұмыстар жүйелі түрде жүргізілді.
Басты назар жастарға, кәсіпкерлерге және қала тұрғындарына аударылды. Кездесулерде заң талаптарын сақтау, құқық бұзушылықтың салдары, азаматтық жауапкершілік және қоғамдық тәртіптің маңызы түсіндірілді. Кәсіпкерлерге бизнесті құқықтық тұрғыдан қорғау, алаяқтықтан сақтану және заманауи қауіптердің алдын алу жолдары таныстырылды. Құқықтық насихаттың дәстүрлі лекция форматымен шектелмеуі – жұмыстың ерекшелігі. Жастар арасында форумдар мен ашық пікірталастар өткізіліп, қоғамдық орындарда әлеуметтік эксперименттер ұйымдастырылды. Мұндай тәсіл жастарды сырттай бақылаушы емес, қоғамдық мәселелерді талқылауға тікелей қатысушы болуға мүмкіндік береді.
Ақпараттық жұмыстың тағы бір маңызды алаңы – интернет кеңістігі. Подкасттар, тікелей эфирлер, брифингтер мен профилактикалық бейнероликтер арқылы құқықтық ақпарат көпшілікке түсінікті әрі жедел форматта жеткізілді. Ал мәдени және спорттық іс-шараларда құқықтық, қаржылық және цифрлық қауіпсіздікке арналған материалдар тұрғындардың назарына ұсынылды.
Қазір қаржылық алаяқтық пен жеке деректерді қорғау мәселесі де өзекті. Осыған байланысты аға буын өкілдерімен өткен ашық форумдарда интернетті қауіпсіз пайдалану, күмәнді сілтемелерден сақтану, банк деректерін бөгде адамға бермеу және қаржылық шешім қабылдауда мұқият болу жөнінде практикалық кеңестер берілді.
Құқықтық мәдениет бір күнде қалыптаспайды. Ол адамның заңды білуінен ғана емес, күнделікті өмірде заң талаптарын орындауынан көрінеді. Қоғамдық орында тәртіп сақтау, өзгенің құқығына құрметпен қарау, алаяқтыққа жол бермеу, құқық бұзушылыққа бейжай қарамау – осы мәдениеттің нақты көрінісі.
Алдағы уақытта танымал спортшылар мен блогерлердің қатысуымен ақпараттық науқандар, жастарға арналған зияткерлік жобалар мен интерактивті бағдарламалар іске қосылады. Заңды құрметтеу қорқыныштан емес, саналы жауапкершіліктен басталғаны маңызды.


